Себебі сәулет өнері – уақыттың тынысымен бірге алға жылжитын, әлемде көп сұранысқа ие салалардың бірі. Статистика бойынша әлем халқының 10 пайызы отбасылық жылдық бюджеттің 18 пайызын өзі тұрған сәулетін дамытуға жұмсайды. Алматы билігі сәулет пен дизайндағы әлемдік үрдіске ілесу үшін шығармашыл жастарға үміттеніп отыр.
Шаһар әкімі Ерболат Досаев өз сөзінде «Алматы қаласын дамытудың 2025 жылға дейінгі бағдарламасы және 2030 жылға дейінгі ортамерзімді перспективалары» бекітілгенін атап өтті. Оның негізінде биылғы мамырда Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысымен бекітілген Алматы қаласының 2040 жылға дейінгі жаңа Бас жоспары әзірленді.
Е.Досаевтың айтуынша, Алматы агломерациясын 2029 жылға дейін дамытудың кешенді жоспары әзірленді. Бұл құжатты Алматының да, Алматы облысының да мәслихаттары мақұлдаған. Үкімет оны жыл аяғына дейін қабылдауға тиіс. «Бұл жоспар Алматының өзінде де, Алматы облысының іргелес аудандарында да тұрғын үй, әлеуметтік, инженерлік және көлік инфрақұрылымының қарқынды дамуын үйлестіруге және теңгеруге мүмкіндік береді», дейді әкім.
Алып шаһардың әкімі айтып өткендей, құжат инклюзивті және сапалы қалалық ортаны құру мен мәдени және сәулеттік мұраны сақтау арасындағы теңгерімді табуға көмектесу үшін әзірленіпті. Жоғарыда айтып өткендей, Алматы билігі бұл ретте осы салада жүрген жастардың мүмкіндігінен үміттеніп, оларға қала бюджеті есебінен арнайы гранттар бөлуді жоспарлап отыр.
«Алматыға жаңа тыныс керек, қаланың күретамырына қан жүгіртуді жастар өз жауапкершілігіне алуы керек. Біз жастардан ең озық идеяларға сәйкес келетін жаңа ерекше жобалар күтеміз. Әкімдік өз тарапынан сәулетшілер мен дизайнерлердің, әсіресе жас және дарынды мамандардың кәсіби қоғамдастығын дамытуға көңіл бөлетін болады. Келесі жылдан бастап әкімдік Алматыдағы жаңа құрылыс жобаларына арнайы тапсырыстар қабылдайды», деп атап өтті Алматы әкімі.
Бұл ұсынысты жас сәулетшілердің өздері де ризашылықпен қабылдады. Жас архитектор Роман Шнайдерман қатысушылар назарына өзінің бір емес, үш жобасын алып келіпті. Оның алғашқысы – Хогвартсты еске түсіретін ескі ағылшын стиліндегі жеке мектеп. Интерьер қолайлы. Бірегей, Қазақстандағы жалғыз мектеп. Оның жұмыс істеп жатқанына бір жылдан асты.
Ал екіншісі – Қонаев қаласындағы жағажай демалысы. Жас архитектордың айтуынша, жоба бионикалық стильде жасалған. Уд-корт, ойын алаңдары, спорт алаңдары, велосипед жолы, баспаналар, абаттандыру. Жоба алдағы мамыр айында іске қосылады. «Бұл Қазақстандағы ең әдемі жағалау болатынына сенімдімін. Астанадағы ботаникалық бақта өте қызықты құрылым – Климатронмен жұмыс істеп жатырмыз. Бұл – жеті климаттық аймақтары бар тропикалық жылыжай. Ішінде жасанды жартас пен сарқырамалар бар. Іске асыру 2024-2025 жылдарға жоспарланған», дейді жас архитектор.
Жас дизайнер-сәулетші Әйгерім Байзақова журналистерге әзірге кафе мен мейрамхана сияқты шағын нысандарда жұмыс істеп жатқанын айтты. Алматының орталық аймағында жаңадан бой көтерген дәмханаларда, банктердің ғимаратында жас маманның қолтаңбасы бар екен. «Біз өз жобаларымызды ұсынуға дайынбыз. Алматының өзіндік ерекшелігін дамыту өте маңызды. Алматының бүгінгі келбетінде КСРО жүйесінен қалған іздер көп. Алматының 1930-1960 жылдары бой көтерген орталық тарихи бөлігін аға буын өкілдері сталиндік жаңғыру деп атайды екен. Бірақ мұнда Киров пен Гоголь көшелерінің аралығындағы Абылай хан даңғылындағы әкімшілік ғимараттардың ансамблі бір-бірімен әдемі үйлесім тауып тұр. Ғылым академиясының аумағындағы ғимараттар тобы «сталиндік» қайта өрлеу архитектурасы ретінде бағаланады. Мұнда кеңестік сәулет элементтері ұлттық нақыштармен әдемі үйлесім тапқан.
Жас дизайнер жұмыс барысында Алматы мұражайларында сақталған архитектуралық жазбалармен танысып шыққанын да айтып берді. Олардың кейбірінің сақталып тұрғанына жарты ғасырдан асып кетіпті. Өкінішке қарай, олар цифрланбаған. Ал Ташкентте немесе Санкт-Петерборда жаңа ғимараттар салынған кезде оның орнында тұрған ғимараттардың тарихи жадын сақтап қалуға басымдық беріледі екен. Себебі Алматы – тарихшылар айтып жүргендей сан ғасырлық тарихы бар қала. «Үйлердің қызмет ету мерзімі бар және осы жоспарлар бойынша салынған ғимараттардың көпшілігі жақын арада бұзылады. Ескі ғимараттардың тарихи келбетін сақтау маңызды. Мұндай бағыт қаланың мәдени ландшафтын, бірегейлігін қалыптастырады. 1960-1970 жылдардағы өзгерістер, сәулет сапасының түрленуі Алматыны кәдімгі қорап архитектурасына айналдырды. Бұл шаһардың қазіргі бейнесіне сәйкес келмейді. Алматының архитектурасы өзінің таңбасымен ерекшеленіп тұруға тиіс. Біз Алматының жаңа бейнесін қалыптастырғымыз келеді», дейді Ә. Байзақова.
Халықаралық сәулет академиясының профессоры, «Алматыгипрогор-1» ЖШС бас сәулетшісі, Бас жоспарды әзірлеуші Алтай Сатыбалдиевтің сөзінше, бұл форум Қазақстан сәулетшілер одағы мен қала құрылысшылары одағының басын біріктіруімен ерекшеленеді. «Бұл екі шығармашылық одақтың бірігуі. Сәулетшінің міндеті – әдемі және ыңғайлы ғимараттың сызбасын дайындау, ал дизайнер оны көркемдік деңгейін алға жылжытады, сәулет өнерінің қайталанбас нысанына айналдырады. Екі саланы бір-бірінен бөліп қарау мүмкін емес. Бұл форумнан көп нәрсе күтеміз. Біздің бастаған ісімізді алға жылжытатын жастарды көріп отырмын», дейді сарапшы.
Сарапшының айтуынша, дәл қазір Алматының шеткі аудандарымен жұмыс істеу маңызды. Бұл Алматының бір бағытта дамуына мүмкіндік береді.