Қашанда жарқылдап жүретін, ақкөңіл, үлкенмен де, кішімен де тез тіл табыса кететін, жарқын жүзді Аман Бекенұлын үнемі студенттердің арасынан көреміз. Уақытының тығыздығына қарамастан, шәкірттерін үлкен ықыласпен тыңдап, ақыл-кеңесін беруден шаршаған емес. Оның керек жерінде өз ойын ашық айтып, тік сөйлейтін кездері де бар. Әсіресе оқу үрдісін жақсартуға қатысты келелі мәселелер көтерілген жерде нақты көзқарасын білдіреді. Білімі мен таланты қабыса кететін студенттер селеудей селдіреген қазіргі кезде ұстаздар көтеретін жүктің тым ауыр екендігін, жастардың бойындағы өнерге деген құштарлықты ояту үшін оқытушының жаңа заман талаптарын игеріп көп іздену қажеттігін жиі еске салады.
Аман Құлбаевтың шығармашылық өмірбаянына үңілсек, бірнеше арнаны байқауға болады. Ол Жамбыл облысының қазіргі Т.Рысқұлов ауданы, Құмарық елді мекенінде орта мектепті бітірген соң, өнерге деген талпынысы Құрманғазы атындағы өнер институтына әкелді. Есімдері аңызға айналған Қазақстанның халық әртісі, профессор Асқар Тоқпанов пен КСРО халық әртісі, профессор Шолпан Жандарбекованың көңілінен шығып, «Театр және кино актері» мамандығы бойынша оқуға қабылданды. Ұстаздарының әрбір өнегесі оның білімге деген құштарлығын шыңдай түсті. Өзімен қатар оқыған Сердеш Қажымұратов (Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты), Ерғали Оразымбетов (Қазақстанның халық әртісі), Тілектес Мейрамов (Қазақстанның халық әртісі), Жұмагүл Мейрамова (Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі), Қарабай Сатқанбаев (Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі), Мұқан Шакиров, Төлеухан Бадығанов, Шәмшагүл Жаменкеева сынды тағы да басқа талапты да, талантты курстастарымен иық түйістіре жүріп театр өнерінің тылсым сырын ұғуға ұмтылды. Актерлік өнердің ауыр сынына төтеп беріп, өз мақсаттары жолында алға ұмтылған азаматтар бертін келе қазақ театр өнерінің айтулы тұлғаларына айналды. Міне, осындай тағылымды да, ұлағаты мол ортада қанатын қатайтқан қағілез Аман институтты 1971 жылы ойдағыдай тәмамдап, «Қазақконцерт» бірлестігіне КСРО халық әртісі, әнші Роза Бағланованың шақыртуымен жолдама алды. Кеңес армиясында әскери борышын атқарып қайтқаннан кейін Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясындағы «Актер шеберлігі және режиссура» кафедрасына ұстаздық қызметке шақырылды. Оның ізденіс жолындағы бастау кезеңінен бүгінгі беделді күндеріне дейінгі қалыптасып, өсіп, дамуына іштей дайындық пен білімділікпен қоса, ортаның ықпалы ерекше болды. Аталған кафедраның профессорлары Р.Қаныбаева, А.Тоқпанов, Г.Рутковская, Ә.Мәмбетов, Х.Бөкеева, Ш.Жандарбекова, Ы.Ноғайбаев, Н.Жантөрин, Б.Омаров, Г.Жанысбаева, Ә.Сығай, М.Байсеркенов, Е.Обаев, Е.Диордиев, Л.Ярошенко сияқты білгір мамандармен әріптес атанды. Ұлт мәдениетін өз қолдарымен жасап, рухани ұлы өзгерістердің бастаушысы саналатын даңқты буынның тағылымын бойына дарытқан Аман Бекенұлы актерлерді даярлайтын педагогтік жолды таңдады. Дуалы ауыз ұстаздарының ұйғарымымен сахна пластикасы пәнінен дәріс беру тапсырылған соң, олардың сенімін ақтауға құлшына кірісті. Жас маман Мәскеу мен Санкт-Петербург шығармашылық мектептеріне барып кәсіби біліктілігін шыңдай түсті. Кафедра тарапынан жасалған қамқорлықтың нәтижесінде, А.Құлбаев Мәскеуде профессор А.Немеровскийдің мазмұнды дәрістерін тыңдаса, Санкт-Петербургте И.Кок ашқан «Сахна пластикасы» кафедрасының профессоры К.Чернземовтің жетекшілігімен үшжылдық жоғары курсты оқып, білімін жетілдірді.
Оқытушылық қызметке айрықша ықыласпен кіріскен Аман Бекенұлының педагогтік жолы туралы айтқан кезде «Сахна қозғалысы» пәні ойға қоса оралады. Бүгінгі күнге дейін осы пәннен дәріс беріп келе жатқан оқытушының басты мұраты болашақ актерлерге сахнадан сымбатты көрінудің тілін үйрету болды. Сахна пластикасының қыры мен сырын шәкірттерінің зердесіне неғұрлым терең ұялатуға күш салды. Сахнадағы кейіпкердің ішкі мазмұнын актердің сыртқы пластикасы мен қозғалысы көркемдік дәрежеде бейнелеп беретіндіктен де, актерлік мамандықты таңдаған жас шәкіртке өз денесін игере білудің аса қажет екенін сіңіруге күш салды. Сахналық шығарманың басты материалы – актердің тәні екенін, егер актер өзінің денесін жаттықтырмаса, толассыз толғаныс пен сұңғыла сезімді бастан кешкенімен де, толыққанды бейне жасай алмайтынын үйретумен келеді. Аман Бекенұлы сұлулық пен сымбаттылықтың құпия сыры актер қимыл-қозғалысында, ым-ишарасында жататынын айтумен шектелген жоқ. Ол ұзақ жылдар бойы жиған тәжірибесінің нәтижесінде, «Қазақ сахнасындағы қимыл-қозғалыс, ым-ишара, ишараттардың орнығып қалыптасуы» атты тақырыпта кандидаттық диссертация қорғады. Белгілі театртанушы ғалым, өнертану докторы, профессор Бағыбек Құндақбайұлының жетекшілігімен жазылған бұл жұмыс қазақ театртану ғылымына келіп қосылған тың еңбек болды. Диссертацияда қазақ сахнасындағы қимыл-қозғалыстың, ым-ишаралар мен мезіреттердің шығу көздерінен бастап, бүгінгі қазақ сахна өнеріндегі актерлердің кейіпкерлерін сомдауда, шеберліктерін шыңдауға тигізген ықпалы зерделенген. Кейіннен осы ғылыми зерттеуін толықтырып, монографияға ұластырды. Ғалымның қаламынан «Сахна қозғалысы пәнінің негіздері», «Актер шеберлігі пәнінің негіздері», «Сахна сайысы өнері» атты оқулықтар, «Сыр мен сымбат», «Сахнадағы сымбаттылық», «Сырлы сезімнің сыртқы иірімдері», «Сырлы сезімнің сыртқы иірімдері», «Әдеп әлемі» монографиялары мен оқулықтар жарық көрді. Аталған кітаптар студенттерге берері мол тағылымдық құралға айналды.
Аман Құлбаев ұстаздық қызметпен қатар лауазымды қызметтердің де тізгінін ұстады. Ол кафедра меңгерушісі, факультет деканы, институт проректоры, институт ректоры қызметін абыроймен атқарды. Кафедра меңгерушісі, факультет деканы ретінде оқу ісінің орнықты жолға қойылып, мамандар сапасының артуына үлес қосты. Оның ұйымдастырушылық қабілеті ректор болған тұста мейлінше жарқырап көрінді. Осы жылдары Театр және кино институтының оқу-әдістемелік, ғылыми, тәрбие жұмыстарының мазмұны мен пәрменділігі арта түсті. Институттың ғылыми-педагогикалық әлеуетін арттырып, оқу үрдісін жетілдіріп, еліміздегі маңдайалды өнер мамандарын жұмысқа тартты.
Жақсы басшының беделін арттыра түсетін қасиеттердің бірі күнделікті өндірістік мәселелерді шешумен қатар қол астындағы ұжым мүшелері арасында қалыпты моральдық-психологиялық ахуал қалыптастыру десек, ректор Аман Бекенұлы бұл бағытта да нағыз педагогке тән іскерлік пен біліктілік танытты. Сөйтіп, өзі басқарған институтты еліміздегі өнер мамандарын даярлайтын шын мәніндегі орталығына айналдыра алды.
Ол кәсіби сахналар мен кино-телевизиядан да қол үзген жоқ. Атап айтқанда, «Адым» (кеңес-жапон киностудиясы), «Кек», «Япончик», «Балықшы» («Қазақфильм») фильмдерінде эпизодтық бейнелерді сомдады. Бірнеше театрдың спектакльдерінде («Таңғы жаңғырық», Талдықорған облыстық театры; «Құрманғазы», Батыс Қазақстан облысының драма театры; «Идхуд», Ұйғыр академиялық музыкалық драма театры; «Ромео-Джульетта» – М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театры; Ұйғыр академиялық музыкалық драма театры; «Остров сокровищ», Н.Сац атындағы Мемлекеттік академиялық орыс балалар мен жасөспірімдер театры) сахна қозғалысын кәсіби шеберлікпен қойып берді.
Бүгінде ұстаз тағылымынан нәр алған шәкірттері де ел тағдырына, халық мүддесіне қатысты қастерлі істердің басы-қасында жүр. Олар түрлі өнер ұжымдарында қызмет етіп, өздері де шәкірт тәрбиелеп, жоғары оқу орнында алған ұлағатын өскелең ұрпаққа ұластырып келеді. Сонысымен де Аман Бекенұлы еңбегінің мәртебесі асқақтай түспек.
Бақыт НҰРПЕЙІС,
Т.Жүргенов атындағы ҚҰӨА профессоры, өнертану докторы