Сенат • 24 Қараша, 2023

Толғандырған сұраққа – толымды жауап

73 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Премьер-министр Әлихан Смайылов Сенат отырысынан кейінгі БАҚ өкілдеріне арналған брифинг барысында отбасылық-тұрмыстық қатынастар саласындағы қылмыстар үшін жауапкершілікті күшейту шаралары туралы айтты.

Толғандырған сұраққа – толымды жауап

Үкімет басшысы атап өткендей, 2009 жылы елімізде «Тұрмыстық зорлық-зомбылық профилактикасы туралы» заң қабылданды. Қазақстан – ТМД-да осындай Заң қабылданған алғашқы ел. Кейінгі жылдары заңнамаға жауапкершілікті күшейту жағына қарай бірнеше рет өзгеріс енгізілді.

«Биыл соңғы өзгерістер қабылдан­ды. Атап айтқанда, қамауға алу мерзімі 5 тәуліктен 15 тәулікке дейін, ал заң бұзушылық қайталанған жағдайда 25 тәулікке дейін ұзартылды. Сонымен қатар қайтадан татуласу мүмкіндігі алынып тасталды және тұрмыстық жанжал барысында денсаулыққа ауыр немесе орташа зиян келтірілсе, ол адам 3 жылдан 6 жылға дейін бас бостандығынан айырылады», деді Ә.Смайылов.

Сонымен бірге ол бұрын қабылданған нормалар өз нәтижесін беріп жатқанын айт­ты. Кейінгі 4 айда жауапқа тартылған от­басының шырқын бұзушылардың саны өсті. Егер осы жылдың ІІ тоқсанында 7 мың адам жауапкершілікке тартылса, ІІІ тоқ­­сан­да олардың саны 27 мың адамды құрады.

«Заңнамадағы өзгерістерге сәйкес, енді жәбірленуші тараптың міндет­ті мәлімдемесі талап етілмейді. Куәгер­лер­дің айғақтары немесе бейнекамера­лар­дан алынған жазбалар жеткілікті. Көбінесе жәбірленуші тарап арыз жазбайды, не оны қайтарып алады. Енді бұл жағдай түбе­гейлі өзгерді. Біз құқық қорғау орган­дарының статистикасынан оң динамика көріп отырмыз», деді Премьер-министр.

Әлихан Смайыловтың айтуынша, аталған бағыттағы жұмыс жалғасып келе­ді. Қазан айының ортасында Үкіметке әйел­дердің құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету туралы заң жобасы ұсынылды. Тұрмыстық зор­лық-зомбылық үшін жауапкершілікті күшей­туге бағытталған түзетулердің саны 90-нан асып түседі. Олардың басым бөлігі қол­дау тауып, жақын арада заң жобасы Пар­ламент Мәжілісінің қарауына енгізілмек.

«Өз басым әйелдерге қатысты зорлық-зомбылықтың кез келген түріне қарсы­мын. Мен де қыз тәрбиелеп отырмын, олардың елімізде өздерін қауіпсіз сезін­генін қалаймын», деді Премьер-министр.

Премьер-министр сондай-ақ брифинг барысында заңсыз иемденген және елден шығарылған активтерді қайтару жөніндегі жұмыс туралы айтып берді.

Премьер-министр активтерді қайтару жөніндегі жұмыс қабылданған заңға сәйкес жүріп жатқанын және ол Мемлекет басшысының саяси және экономикалық рефор­маларының қисынды жалғасы еке­нін атап өтті. Негізгі міндет – әлеумет­тік әділдікті қалпына келтіру, активтерді қай­тару және оларды республика экономикасына жұмыс істеуге бағдарлау.

«Екі жолы бар – ерікті және мәжбүрлі түрде, олар сот шешіміне сәйкес жүзеге асырылады. Заңның күші жүретін адамдар тобы анықталған. Бұл – әкімшілік ресурс­тарды пайдаланып, активтерді заңсыз иемденген адамдар. Адал бизнес­ке алаңдауға негіз жоқ», деді Ә.Смайылов.

Үкімет басшысының айтуынша, қай­тарылған қаражат әлеуметтік саладағы маңызды жобаларды, сондай-ақ жаңа жұмыс орындарын құруға мүмкіндік беретін инфрақұрылымдық және өндіріс­тік жобаларды іске асыруға бағытталады.

«Бүгінгі таңда шамамен 1 трлн теңге­нің активтері қайтарылды. Оның ішін­де шамамен 600 млрд доллары шетел­ден қайтарылып отыр. Бұл жұмыс жал­ғасып келеді», деді Премьер-министр.

Әлихан Смайылов брифинг барысын­да Мемлекет басшысының респуб­ликадағы инфляцияны екі есе төмендету туралы тапсырмасының орындалу барысын да баяндады.

Премьер-министр жылдық инфляция ақпан айында шарықтау шегіне жетіп, қазан айының қорытындысы бойынша 10,8%-ға дейін төмендегенін атап өтті.

«Бүгінгі таңда инфляцияның екі есе төмендегенін байқап отырмыз. Жыл со­ңына дейін оның деңгейі 10%-дан тө­мен болады деп болжаймыз. Бұл Үкі­мет пен Ұлттық банк жүзеге асырып жат­­қан тиісті шаралар кешені нәтиже бе­ре бас­тағанын көрсетеді», деді Ә.Смайылов.

Мәселен, тұрақтандыру қорларының қызметі қайта ұйымдастырылды. Ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді қаржыландыруға басымдық берілді, бұл отандық өндірісті қолдауға, экономи­каның осы секторын дамытуға және нарық­тағы бағаны тұрақтандыруға ықпал етті. Сондай-ақ маусымаралық кезеңде бағаны тұрақтандыру үшін тауарлық интервенция­лар жүзеге асырылып келеді.

Оған қоса өңірлік комиссиялардың ба­қы­­лау қызметі жолға қойылды. Жал­пы, мың­ға жуық делдалдық схема анықталды.

Сонымен қатар халықты арзандатыл­ған азық-түлікпен қамтамасыз ету үшін еліміздің барлық өңірінде апта сайын ауыл шаруашылығы жәрмеңкелері өткі­зіледі. Ұн мен әлеуметтік нан бағасының өсуін тежеу мақсатында «Азық-түлік корпорациясы» қорларынан өңірлерге арзандатылған астықты жеткізу бойынша шаралар қабылданып жатыр.

Премьер-министр ортамерзімді перс­пек­­тивада инфляцияны тағы 2 есеге, яғни 2026 жылы 5%-ға дейін төмендету жө­ніндегі жұмыс жалғасатынын атап өтті.

Премьер-министр елімізде мемле­кеттік ипотекалық бағдарламаларды одан әрі іске асыру туралы сұраққа да жауап берді.

Үкімет басшысы азаматтарды, әсі­ресе көпбалалы және ерекше қажет­ті­лік­тері бар балаларды тәрбиелеп оты­р­ған от­басы­ларды қолжетімді бас­пана­мен қам­тама­сыз ету Үкімет жұмы­сы­ның негізгі ба­сым­дықтарының бірі екенін атап өтті.

«Қазіргі уақытта біз «Бақытты отба­сы» (2-10-20) және «Шаңырақ» (5-10-20) сияқты бағдарламаларды іске асырып жатырмыз. Кейінгі үш жылда аталған бағдарламалардың арқасында 43 мыңға жуық отандасымыз тұрғын үй жағдайын жақсартты. Біз бұл бағдарламаларды жүзеге асыруды жалғастырамыз», деді Ә.Смайылов.

Үкімет басшысының айтуынша, тағы бір сұранысқа ие бағдарлама – «7-20-25». Алайда Ұлттық банк белгілеген қар­жы­­ландыру шектеулеріне байла­ныс­ты бұл бағ­дарлама халықтың сұранысын толығымен өтей алмайды.

Осыған байланысты «Отбасы банк» және «Бәйтерек» холдингі «9-20-25» жаңа бағдарламасын әзірлеуді бастады. Бұл ретте оны іске асыру үшін бюджет қаражаты пайдаланылмайды.

«Біз қазір есептеп жатырмыз. Жыл сайын 150 млрд теңге сомасына бюджеттен тыс қаражат тарту жоспарланып отыр. Бұл жылына қосымша 8 мың отбасын баспанамен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Қазір бағдарламаның шарттары пысықталып жатыр. Ол жақын арада іске қосылады, кем дегенде бір ай уақыт қажет. Жұмыс келесі жылы басталады», деді Ә.Смайылов.