Жиынға Қазақстан және ТМД елдерінен онкология саласындағы жетекші мамандар қатысты. Іс-шара аясында еліміздің әр өңірінен келген дәрігерлер қатерлі ісікке шалдыққан науқастарға операция жасап, колоректальды, лапароскопиялық, кеуде хирургиясы, простата обырына сәулелік терапия бойынша шеберлік сабағын өткізді. Сол арқылы мамандар бір-бірімен тәжірибе алмасты.
Шеберлік сабағын өткізген дәрігерлердің қатарында Алматы өңірлік көпсалалы клиникасы хирургия бөлімшесінің меңгерушісі онколог-хирург Валерий Макаров, хирург, онколог-маммолог, Астана қаласы көпсалалы медицина орталығы кеуде хирургиясы бөлімшесінің жоғары санатты дәрігері Қазыбек Қарабаев, Ақтау қаласының жетекші эндоскопиялық хирургі Мұхамеджан Нұрғазиев, хирург-онколог, Астана қаласы көпсалалы медицина орталығының №2 хирургия бөлімшесінің меңгерушісі Серік Жақыпбеков және өзге де дәрігерлер бар.
Конференцияның маңызы туралы Астана қаласы көпсалалы медицина орталығының директоры, Қазақстанның Еңбек Ері Мұхтар Төлеутаев айтып берді.
– Бұл іс-шарада онкологиядағы мәселелер, оны емдеу жолдары айтылды. Қазақстанның барлық аймағынан онколог дәрігерлер келіп, баяндама жасады. Конференцияға тіркелген қатысушылар саны – 550. Жалпы, елде онкология саласындағы ақ желеңді жандардың атқарып жатқан еңбегі шексіз. Жыл басындағы мәліметке сүйенсек, елімізде қатерлі ісікке шалдыққандар есебінде 205 мың адам бар. Астана қаласы бойынша 14,5 мың адам есепте тұр. Жылына елімізде 13 мың адам қатерлі ісіктен көз жұмады, – дейді Мұхтар Есенжанұлы.
Іс-шараның екінші күні өткен конференцияда Онкологтер қауымдастығының президенті, ҰҒА академигі, «ҚазОРҒЗИ» АҚ басқармасының төрағасы, медицина ғылымдарының докторы Диляра Қайдарованы сөзге тарттық.
– Осы күндері Ресей, Германия, АҚШ, Беларусь, Якутия елдерінен келген білікті мамандар өз тәжірибесімен бөлісті. Қатерлі ісік ауруының алғашқы сатысында емделушінің құлантаза жазылып кетуіне мүмкіндік өте жоғары. Оған қажетті медициналық құрал-жабдықтар да бар. Еліміздің медициналық протоколы әлемдік стандартқа сай келеді. Елімізде біліктілігі жоғары мықты хирург-онколог дәрігерлер бар. Тұрғындардың басым көпшілігі асқазан-ішек жолдары, сүт бездерінің асқынған сатысында ғана дәрігерге жүгінетіні онколог-хирург дәрігер ретінде мені қатты алаңдатады. Бұл дегеніміз қазақстандықтардың өз денсаулығына немқұрайлы қарайтынын аңғартады. Әр құны 1,5-3 млн теңге тұратын иммундық препараттар онкологиямен ауыратын науқастарға тегін таратылады. Осы тұста «Қазақстан халқы» қорының жұмысына алғысымды айтқым келеді. Қатерлі дертке шалдыққан науқастардың емі үшін 17 млрд теңге қаржы бөлінген. Сонымен қатар бұл қор отандық дәрігерлердің біліктілігін арттыру мақсатында шетелде оқу үшін қаржылай демеушілік жасап отыр. Маммография және компьютерлік томография көліктері Алматы облысына қарасты шалғай орналасқан елді мекендерге қызмет көрсете бастады. УДЗ аппараты және заманауи медициналық құрал-жабдықтармен жабдықталған арнаулы көлікте азаматтар профилактикалық тексерістен өтуге үлкен мүмкіндік алып отыр. Мұндай арнайы медициналық көлік Қызылорда облысының жұртшылығына қызмет көрсете бастады. Ал үшінші комплексті жобамыздың презентациясы 15 желтоқсанда Ақтөбе облысында жүзеге асады. Мұндағы біздің басты мақсатымыз онкологиялық аурулардың алдыңғы сатысында ісікті аңғару, емдеу жолдарын қарастыруға негізделіп отыр, – деді Диляра Радикқызы.
Саха астанасы Якутск қаласынан келген онкологиялық диспансердің бас дәрігерінің орынбасары Светлана Мыреева конференцияның жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын, әріптестерінен мол тәжірибе алғанын айтты.
– Қазақстанға алғаш рет келіп тұрмын. Әріптестерім жылы қабылдап, қонақжайлылығын танытып жатыр. Бүгінгі іс-шарада онкологиялық аурулардың алдын алу мен емдеудің аса маңызды мәселелері талқыланды. Сонымен қатар ерте диагностика және скрининг, дербестендірілген тәсіл негізінде емдеудің жаңа әдістерін енгізу, онкологиялық пациенттердің өмір сүру сапасын арттыру секілді мәселелер қаралды, – дейді С.Мыреева.
Гүлсім МҰРЫНОВА,
журналист