Инфографиканы жасаған – Зәуреш Смағұл, «ЕQ»
Саяси реформалардан кейін экономикалық бағдарға бетбұрыс жасалды. Бұдан Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың сайлауалды бағдарламасы жүйелі түрде орындалып жатқанын көруге болады. Бағдарламада қыруар тірліктің тізбегі түзілді. Соның бірі – Қылмыстық және Қылмыстық-процестік кодекстерге талдау жасау қарқынды жүргізіліп жатыр. Десе де, барлығын бірден реформалау мүмкін емес, өзгерістерді іске асыруға уақыт керек.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың сайлауалды бағдарламасы мен дәстүрлі Жолдаулары жалпы жаңару мен жаңғыру, жүйелі реформалар, біртұтас ұлт, берекелі қоғам, әділетті мемлекет құруға негізделген. Мұның бәрі кезең-кезеңімен, кезек-кезегімен іске асып келеді. Оның бір дәлелі – сот және құқықтық жүйенің оңтайландырылып жатқаны.
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Қылмыстық, Қылмыстық-процестік және Қылмыстық-атқару кодекстеріне өзгертулер мен толықтырулар енгізіліп жатыр. Ондағы мақсат – азаматтардың құқықтарын қорғау, қауіпсіздігін қамтамасыз ету, бизнеске жағдай жасап, бюрократиялық кедергілерді жою. Сондай-ақ лауазым иелерінің өз өкілеттіктерін теріс пайдалануға жол бермеу, қылмыс жасағаны үшін санкцияларды қайта қарау, сот төрелігін реттеу сияқты өзге де өте маңызды мәселелерді шешу. Осыған байланысты құрылған жұмыс тобы былтырдан бері жоғарыда аталған кодекстерге талдау жүргізіп, жұмыс істемейтін нормаларды, коллизияларды зерттеуге кірісті. Қылмыстық және Қылмыстық-процестік кодекстерді жетілдіру әділетсіздікті жоюға сеп болып, қылмыстық іс пен әкімшілік құқық бұзушылықтың, қылмыстық қудалау мен сотқа дейінгі тергеп-тексерудің аражігін ажырату, сотқа дейін тергеп-тексеру түрлерін қысқартуда әділдікті қамтамасыз етеді. Бұл бойынша алдағы 3 жылда терең ғылыми-практикалық талдау жүргізіледі. Мысалы, бір қой ұрлаған да, бір үйді тонаған да қылмыс болғанымен, қой ұрлаған 7 жылға, үй тонаған 3 жылға сотталуы – әділетсіздік. Қылмыс дәрежесіне қарай жаза тағайындауға қатысты халықтың талабы орындалмақ. Мұның барлығы Президенттің халықтың талап-тілегі, мұң-мұқтажынан хабардар екенін көрсетеді. Сол себепті ескі жүйені жаңартып, әділетті мемлекет құруға батыл қадам жасап отыр. Сыбайлас жемқорлық бабымен сотталғандарға шартты жазаға кесіліп, жазасын еркіндікте өтеуге мүмкіндік берілмейді.
Енді қарызды өндіріп алу үшін өз өкілеттігін асыра пайдаланып, заңсыздықтарға барған коллекторлар қылмыстық жауапкершілікке тартылады. Себебі олардың қысымына шыдамай, өз-өзіне қол салу жиілеп кетті. Кісіні қорқыту, қоқан-лоққы көрсету, өлімге итермелеу – қылмыс. Құқық бұзған коллекторларға да 5 жылға дейін қызметінен айыра отырып 5 мың АЕК айыппұл салу, не 1 200 сағатқа қоғамдық жұмыстарға тарту немесе 5 жылға бас бостандығынан айыру көзделген. Жұртшылықтың құқықтық сауатсыздығын пайдаланатын алаяқтар да бар.
Президент пәрменімен «Amanat» партиясы адамдарды қаржылық және құқықтық сауаттандыру ісімен айналысып келеді. Қазір алаяқтар мен пайдакүнемдерге алданып қалып жатқандар көп. Әсіресе жер алу, үй сату, құжаттарды рәсімдеу, біреудің мүлкін иемдену сияқты заңсыздықтар жиілеп кетті. Әлбетте, құжат рәсімдеу, мүлікті бағалау бағалаушылар мен нотариустардың қатынасуынсыз іске аспайды. Сондай-ақ жеке сот орындаушыларына деген арыз-шағым толастар емес. Жетімдердің алимент ақысын иеленіп алғандарға не дерсіз? Алдағы уақытта өз өкілеттіктерін теріс пайдаланып, азаматтардың немесе ұйымдардың құқықтарын бұзған нотариустар, жеке сот орындаушыларының мүлкі тәркіленіп, белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан 5 жылға дейінгі мерзімге айыра отырып, 4 мың АЕК көлемінде айыппұл салынып, не сол мөлшерде мың сағатқа қоғамдық жұмысқа тартылады немесе 4 жылға дейін бас бостандығынан айырылады.
Мемлекет басшысы еліміздің басты құндылығы адам деп бағалап, қоғамның орнықты дамуын ұлт саулығымен байланыстырады. Әлемді алаңдатқан су мәселесіне Президентіміз бейжай қарамай, суды үнемдеуге және бүлдірмеуге үндеді. Өкінішке қарай, ағын су тұрмақ, жерасты суларын ластайтындар да азаймай тұр. Жалпы, табиғи байлыққа тыныштық бермейтін жер қойнауын заңсыз әрі аяусыз пайдаланатындар көбейіп барады. Білгенге бұл экологиялық құқық бұзушылыққа жатады. Өйткені су ластанса, сарқылса табиғатқа да, адамзатқа да зиян. Заңда экологиялық қылмыс жасағандарға жауапкершілікті арттыру көзделіп отыр. Адамзатқа қауіп төндіргені үшін не азаматтығынан немесе 10 жылдан 15 жылға дейін бас бостандығынан айырылады. Ал денсаулыққа келтірілген зиян дәрежесіне қарай 3 жылдан 8 жылға дейін жазаланады. Бұл тұрғындар қауіпсіздігі мен денсаулығын сақтауға арналған шаралар.
Сол сияқты мұнай мен мұнай өнімдерін тасымалдау, сатып алу, сақтау, өткізу, сапасы анықталмаған мұнайды өңдеу, клиникалық зерттеулер жүргізу, жаңа әдістер мен құралдарды қолдану тәртібін бұзу, жалған дәрілік заттармен немесе медициналық бұйымдармен жұмыс істеу, экологиялық талаптарды бұзу, ауаны ластау, жерді бүлдіру, жер қойнауын пайдалану қағидаларын бұзу бойынша да бірқатар бапқа өзгертулер енгізіледі.
Кеденде кедергілер де, келеңсіздіктер де жетерлік. Кедендік рәсімдерді «бір терезе» қағидатына көшіру, кедендік бақылауды интеграциялау тапсырылған. Президент кедендік тексерушілердің көптігі салаға кері әсер еткенін, салық саясатының тиімді болуы кеден жұмысының ашықтығына байланысты екенін атап өткен еді. Салық пен кедендік рәсімдеу жүйесін реттеу де сайлауалды бағдарламаның бір тармағы болатын. Осыған орай Қылмыстық кодексте жауапкершілікті арттыру қарастырылған. Яғни кодексте сеніп тапсырылған бөтен мүлікті иемденіп алу немесе талан-таражға салу, алаяқтық, экономикалық контрабанда, кедендік алым-салымдарды төлеуден, бюджет пен басқа да міндетті төлемдерден жалтару бойынша бірнеше еселенген айыппұл көлемін көбейту көзделіп отыр. Мұндай еселенген айыппұлды төлету тек мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілеттік берілген адамдарға қатысты қолданылып, қалған адамдарға қолданылмайды.
Президент Парламентке сенім артады. Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындауда «Amanat» партиясының атқарып жатқан еңбегі зор. Ел мен мүдде бір болғандықтан мемлекеттің дамуына отандастарымыздың жаппай атсалысуы азаматтық борыш деп есептеймін. Президент айтқандай, адалдық пен әділдікті басшылыққа алсақ қана Жаңа Қазақстан құра аламыз. Елге аянбай қызмет ететін азаматтар керек. Қасым-Жомарт Кемелұлының әрбір бастамасы мен тапсырмасы бас пайдасы үшін емес, ел мен ұлттың қамы үшін екенін түсінсек игі. Айналадағы геосаяси жағдайлардан сабақ алып, тыныштық пен ауызбірлікті сақтау ең басты міндетке айналып тұр. Өзгерістер мүлде жоқ емес, бар екенін мойындау қажет.
Қайрат БАЛАБИЕВ,
Мәжіліс депутаты,
«Amanat» партиясы фракциясының мүшесі