Қазақстан • 27 Қараша, 2023

Берекелі қоғамның бастауы

186 рет
көрсетілді
16 мин
оқу үшін

Осыдан бір жыл бұрын 20 қарашада елімізде кезектен тыс Президент сайлауы өтті. Конституцияға енгізілген өзгерістерге сәйкес, Мемлекет басшысы бір мерзімді жеті жылға сайланды. Ендеше, жауапты кезеңнің алғашқы жылы қалай өтті? Қандай жұмыстар атқарылды?

Берекелі қоғамның бастауы

Инфографиканы жасаған – Зәуреш Смағұл, «ЕQ»

Тағдыршешті кезең

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2022 жылғы «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Жолдауында сол жылдың күзінде кезектен тыс Президент сайлауын өткізуді ұсынған еді.

«Биыл күзде кезектен тыс Президент сай­лауын өткізуді ұсынамын. Әділетті Қазақ­­станды құру жолында түбегейлі және жан-жақты реформаларды табыс­ты жүзеге асыру үшін халықтың жаңа се­нім мандаты қажет. Мен үшін мемле­кет мүддесі бәрінен биік. Сондықтан мен өкі­леттік мерзімімді қысқартуға және ке­зектен тыс Президент сайлауы­на баруға дайынмын. Сондай-ақ мен көп ойланып, Пре­зи­дент өкілеттігі мерзім­дерінің санын және ұзақтығын қайта қарау қажет де­ген бай­ламға келдім. Прези­дент мандатын ұзақ­тығы 7 жылдық бір мер­зім­мен шек­теуді ұсынамын. Бірақ қайта сай­лану­ға тыйым салынады», деген еді Президент.

Қ.Тоқаевтың ұсынысымен Прези­дент өкілеттігі мерзімінің саны және ұзақ­тығы қай­та қаралды. Осылай­ша, Президент ман­­да­ты­ның ұзақтығы 7 жылдық бір мер­зім­­мен шектелді. Бірақ қайта сайлануға ты­­йым салынды. Осылайша, «Қазақстан Рес­­­пуб­­ли­касы­ның Конс­титуциясына өзге­ріс­т­ер мен толық­тыру енгізу туралы» Заң қабылданды.

Кезектен тыс сайлау 2022 жылғы 20 қараша күні өтті. Бүкіл елде 10 033 сай­лау учаскесі жұмыс істеді. Шетелдегі Қазақстан елшіліктері жанынан 68 учаске ашылды. Нақтыланған электорат тізіміне сай жалпы сайлаушылар саны 11 млн 953 мың 465 адамды құрады. Сайлауға 8 млн 300 мың 46 адам немесе 69,44 пайызы адам қатысты.

Дауыс беру нәтижесінде Қасым-Жомарт Тоқаевқа 6 млн 456 мың 392 сайлаушы немесе 81,31 пайызы қолдау білдірді. Жигули Дайрабаевқа – 271 641 немесе 3,42 пайыз, Қарақат Әбденге – 206 мың немесе 2,6 пайыз, Мейрам Қажыкенге – 200 907 немесе 2,53 пайыз, Нұрлан Әуесбаевқа – 176 116 немесе 2,22 пайыз және Салтанат Тұрсынбековаға 168 731 немесе 2,12 пайыз дауыс берілді. Бюллетеньге алғаш рет «Бәріне қарсымын» бағаны енгізілген. Мұны додаға атсалысқандардың 460 484-і немесе 5,8 пайызы таңдапты.

Ұлықтау рәсімі 26 қараша күні өтті. Енді «Тоғызыншы территория» үшін жауапты кезеңге айналған Президент сайлауынан кейінгі бір жылда атқарылған шаруаларға тоқталсақ. Осы мерзім ішінде халықтың тұрмыс-тіршілігі мен әл-ауқатын жақсарту жолында атқарылған жұмыс жетерлік. Мемлекет басшысы «Әділетті Қазақстан: Бәріміз және әрқайсымыз үшін. Қазір және әрдайым» атты сайлауалды бағдарламасында саяси жаңғыру жалғаса беретінін атап өтті.

«Жаңа саяси модельде үкіметтік емес ұйымдар, қоғамдық қозғалыстар, саяси партиялар, тәуелсіз бұқаралық ақпарат құралдары, мүлік иелері бірлестігі мен кәсіподақтар сынды азаматтық қоғам институттары маңызды рөл атқарады. Ауыл және аудан әкімін, аудандық және қалалық мәслихат депутаттарын тікелей сайлау, облыс әкімін баламалы негізде тағайындау, Парламент Мәжілісі мен облыстық мәслихаттар депутаттарын аралас жүйе бойынша сайлау – осының бәрі азаматтың мемлекеттік негізгі институттарды қалыптастыруға тікелей, ашық және инклюзивті қатысуын қамтамасыз етеді», деген еді Қ.Тоқаев.

Өздеріңізге мәлім, биыл елімізде облыстық маңызы бар қалалар мен аудан әкімдерін сайлау қанатқақты режімде өтті. Орталық сайлау комиссиясы таратқан мәліметке сүйенсек, об­лыстардың мәслихаттары осы сайлауды өткізу үшін 42 аудан мен 3 об­лыстық маңызы бар қаланың тізбесін бе­кітті. 1 553 сайлау комиссиясы: 17 облыстық, 3 қалалық, 42 аудандық және 1 491 учаскелік сайлау комиссиясы жұмылдырылды. Сайлау балама негізде өтті. Сайлау бюллетеньдеріне 125 кандидат енгізілді. Саяси бәсекеге қатысып, таңдауын жасағандар саны 62,79 пайызды құрады. Сайланған әкімдердің орташа жасы 46,7 жасты құрайды.

выр

Ел тағдырына ықпал еткен келесі оқиға – биыл наурызда өткен Мәжіліс және мәслихаттар сайлауы. Парламент депутаттарын сайлау алғаш рет пропорционалды-мажоритарлы жүйе бойынша өтті. Мәжіліс пен облыстық мәслихат депутаттарының бір бөлігі, аудандық мәслихат депутаттарының бәрі бір ман­датты округ бойынша сайланды. Нә­ти­жесінде, өкілді органдар шынайы халық билігі тармағына айналды десек, қателеспейміз. Бұған дейін төменгі палатада 107 депутат болса, конституциялық реформадан кейін олардың саны 9 де­путатқа қысқарды. Осылайша, «Қазақ­стан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңға сәйкес бірыңғай жалпыұлттық сайлау округі аумағы бо­йынша Мәжілістің 69 депутаты, бір мандатты аумақтық сайлау округтері бойынша 29 депутат сайланды. Бұл сайлаудың қызу өткенін мынадан-ақ байқай аламыз. Парламент Мәжілісінің депутаттарын сайлауға қатысуда 609 кандидат өтініш білдірген. Соның 79-ы елімізде ресми тір­келген 7 саяси партия атынан додаға түс­ті. Сондай-ақ қоғамдық бірлестіктер тара­пынан 5 үміткер ұсынылды. Ең қы­зығы һәм ерекше айта кетерлігі, мажоритарлы жүйе бойынша сынға түсетін үміткерлердің басым бөлігі, яғни 525 кандидат өзін-өзі ұсынған-ды. Бұл – бір мандатты округ бойынша өтініш білдіргендердің 86,21 пайызы. Мұның бәрі азаматтардың белсенділігін, сая­си бәсекенің қызу жүріп жатқанын көрсетеді. Дауыс беру қорытындысы бойынша төменгі Мәжіліске алты партия өтті.

 

Өскелең ұрпаққа қамқорлық

Мемлекет басшысы әлеуметтік қор­ғау саласына да ерекше ден қойыла­ты­нын атап өтті. Осы мақсатта 2024 жылдан бастап Ұлттық қордың жыл сайынғы инвестициялық табысының 50 пайызын 18 жасқа толғанға дейін баланың жинақтаушы шотына аудара отырып, «Ұлттық қор – балаларға» жал­пы­халықтық бастамасының іске қосы­латынын мәлімдеген еді.

Жақында ғана Мемлекет басшысы «Ұлттық қор – балаларға» жобасын 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап іске қосу үшін заңнамалық түзетулерге қол қойды. Оның аясында Ұлттық қордың инвестициялық табысының 50 пайызы 18 жасқа дейінгі барлық бала арасында бөлінетін болады. Бала қаражатты кәме­леттік жасқа толғаннан кейін білім алуға немесе баспана сатып алуға пайдалана алады.

Сондай-ақ балалардың қауіпсіздігіне де ерекше мән беріліп отыр. Атап айт­қан­да, балаларды зорлық-зомбылық­тан қорғау, суицидтің алдын алу және олардың құқықтары мен саламаттығын қамтамасыз ету жөніндегі 2023-2025 жыл­дарға арналған кешенді жоспар қабыл­данды.

Бұған қоса орта білім беру ұйым­да­рын­дағы психологиялық қызмет жұ­мы­сының жаңа қағидаттары бекітілді. Бұл шаралар тиісті мамандардың тиім­ді­лігі мен жауапкершілігін артты­руға бағыт­талған. Мемлекеттік жастар сая­са­тының 2023-2029 жылдарға арнал­ған тұжырымдамасы қабылданды. Ол жастарды әртүрлі мемлекеттік қолдау шара­ларымен қамтуды кеңейту, жастар кәсіпкерлігін ынталандыру, жұмысқа орналастыруды қамтамасыз етуді көздейді.

ҚСЗИ Стратегиялық талдау бөлімінің басшысы Ермек Тоқтаров «Ұлттық қор – балаларға» жобасын әлеуметтік қолдау жүйесінің шыңы деп есептейді.

«Заңға сәйкес Ұлттық қордың жыл­дық инвестициялық табысының 50 пайызы енді ресми түрде олар 18 жасқа толғанға дейін балалардың арнайы жинақтау шоттарына аударылады. Кәмелетке толғаннан кейін оларды тұрғын үй жағдайларын жақсарту немесе білім алу үшін пайдалана алады. Балалардың шоттарына алғашқы есептеулерді 2024 жылдың 1 ақпанында жүзеге асыру жоспарланған, ал қаражат доллармен сақталып, 18 жасқа толғаннан ке­йін теңгемен беріледі», дейді Е.Тоқтаров.

Әлеуметтік ғалымдар докторы, сая­саттанушы Ләззат Нұрқатова да бұл пікірмен келіседі. Оның айтуынша, Президенттің ауқымды, жеті жылдық бағ­дар­ламасын жүзеге асырудың алғаш­қы кезеңінен өттік.

«Өздеріңізге мәлім, мемлекет басшысы 7 жылға бір мерзімге сайланады. Бұл норма Конституцияның ажырамас бөлігіне айналған және оны қайта қарауға тыйым салынған. Сондықтан бағдарлама нұсқауларының орындалуын «кейінге» қалдыруға ешкімнің мүмкіндігі жоқ. Сонымен қатар 2021 жылы-ақ Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің әлеуметтік саясатының жалпы ережелері мен білім беру мүмкіндіктерінің алшақтығын азайтуға, атаулы әлеуметтік көмекті дамытуға, сондай-ақ денсаулық сақтау мен зейнетақы жүйесін жетілдіруге баса назар аударған болатын», дейді Л.Нұрқатова.

Л.Нұрқатованың пайымдауынша, Президенттік реформалар бағдар­ла­ма­сы азаматтардың әлеуметтік әл-ауқа­тын тұрақты жақсартуға бағыт­тал­ған. Сондай-ақ тұрақты қоғам қалып­тас­тырып, халықтың еңбекке араласуын ны­ғайтуға арналған.

«Әрбір адамның әл-ауқаты оның әділетті, күшті және гүлденген Қазақ­станға айналу үдерісіне қосқан жеке үлесіне байланысты. Сондықтан елімізде әлеуметтік салауатты қоғам құруға ат­­салысу маңызды. Халықтың осал топ­тарының өмір сүру сапасы мен аза­­маттардың әлеуметтік қамтамасыз етілуі қоғам мен мемлекеттің жауап­кер­шілігінде», дейді сарапшы.

 

Саяси құрылым күшейді

Еліміздің саяси құры­лы­мын­да да ауқымды өзгерістер жасалды. Мемлекет басшысы саяси қайта құру биліктің барлық тармағының оңтайлы теңгерімі сақталған тұрақты мемлекет базасын қалыптастыруға бағыт­талатын атап өтті.

«Конституциялық реформа Қазақ­стан­ның жаңа саяси моделінің саяси-құ­қықтық негізін қалады. Еліміздің саяси жаңғыруы – кері қайтпайтын үдеріс. Біздің стратегиялық мақсатымыз – ха­лық пен биліктің ұйысқан түрдегі ұстанымы бойынша шешім шығаратын әділетті мемлекет құру. Бір рет жеті жыл­дық мерзімге сайланатын Президент барлық қоғамдық-саяси күштен бірдей ара­қа­шықтық сақтайды. Консти­ту­циялық сот азаматтардың құқығы мен бостандығын сақтаудың сенімді кепілі болады», деді Қ.Тоқаев.

впрап

Осы орайда Әділетті Қазақстан құру­дағы маңызды қадамның бірі  Конс­титуциялық соттың құрылуы деп толық сеніммен айта аламыз. Был­тыр бірқатар Конституциялық заң қабылданды. Соған сәйкес Конс­ти­ту­циялық сотты құрудың тәртібі бекі­тілді. Әрбір азамат өзінің конс­ти­ту­ция­лық құқығы мен бостандықтарын тікелей осы органда қорғай алады. Ке­ле­сі маңызды құжат – «Адам құқық­та­ры жөніндегі уәкіл туралы» заң. Айта кетерлігі, омбудсменнің мәртебесі, құзыреті мен дербестік кепілдігі Консти­ту­циялық заң деңгейінде алғаш рет бекі­тіліп отыр. Адам құқықтары жөнін­дегі уәкілге мұндай ерекше мән берілуі оның қоғамдағы да, мемлекеттегі де ма­ңызын арттыра түсетіні анық.

Осы орайда кейінгі бірнеше жылда адам құқықтарын сақтауға ерекше мән берілгенін атап өткен жөн. Мәселен, Қазақстан 2020 жылы өлім жазасына тыйым салуды көздейтін Азаматтық және саяси құқықтар туралы екінші факультативтік хаттамаға қосылды. Қазақстанның бұл қадамын халықаралық қоғамдастық ыстық ықыласпен қа­был­дады. «Amnesty International» ха­лық­аралық құқық қорғау ұйымы Қазақ­стан­ның өлім жазасынан бас тартуы туралы шешімін «өлім жазасын жою жолындағы маңызды қадам» деп бағалады.

Прокуратура органдарының қызметі алғаш рет Конституциялық заңмен реттелді. Прокуратураның мақсаттары мен міндеттері айқындалып, прокурорлар құзыреттері бекітілді. Осылайша, прокурордың заңда бар құқықтары мен міндеттерін толық білуге мүмкіндік туады. Сондай-ақ жүйелі түрде адам құқықтарын қорғау үшін прокурорлар қандай міндеттер атқаруға тиіс екені нақты көрсетілген. Маңызды шешімнің бірі – Адам құқықтары жөніндегі уәкіл туралы заңның қабылдануы. Құжатта омбудсменнің мәртебесі, құзыреті мен дербестік кепілдігі нақтыланып, Конс­ти­туциялық заң деңгейінде бекітілді.

Бұдан бөлек, «Қасіретті қаңтар» оқиғасына қатысушыларға рақымшылық жасалды. Теріс қылық, ауырлығы төмен және орташа қылмыс жасағандар жазадан толық босатылды. Бұдан бөлек, ауыр және аса ауыр қылмыстарды жа­са­ғандарға жаза мерзімдері қысқар­тылды. Мәселен, ауыр қылмыстар үшін сот тағайындаған мерзімнің төрттен үш бөлігі, ал аса ауыр қылмыстар үшін мерзімінің жартысы қысқарады. Егер сотталған тұлғаның жазаны өтеу мер­зімі бір жылдан аз болса, онда ол толықтай жазаны өтеуден босатылады. Алайда террористер, экстремистер, рецидивистер, тәртіпсіздіктерді ұйымдастырушылар және азаптаумен айналысқан адамдар рақымшылыққа іліккен жоқ.

Заңсыз иемденген активтерді қайтару жөнінде де ауқымды жұмыс атқарылды. Атап айтқанда, «Заңсыз иемденілген активтерді мемлекетке қайтару туралы» заң қабылданды. Соған сәйкес былтырдан бері мемлекетке 856 млрд теңге заңсыз актив қайтарылды. Әлемдік са­рап­­шылардың болжамына сүйенсек, Қазақстаннан 300 млрд доллардан аса активтер шетел асқан. Демек, алда ауқымды шаруа күтіп тұр.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бұған дейін пайдаланылмай жатқан жайылымдық жерлерді мемлекет меншігіне қайтару жөнінде тапсырма берген-ді. Осыған байланысты «Жер аманаты» комиссиялары құрылып, белсенді жұмыс істей бастады. Соның нәтижесінде игерілмей бос жатқан 8 миллион гектар жер қайтарылды.

«Жер ресурстарын басқару комитеті 2022 жылы 5 мыңға жуық субъектіге тексеріс жүргізді. Жер кодексінің бұ­рынғы редакциясы бойынша ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер екі жылдың ішінде игерілмесе, пайдаланылмаса, мемлекеттік меншікке қайта­ры­латын, сотқа талап-арыз берілетін. Қазір бұл мерзім 1 жылға азайтылды. Кейбір жер иесі бойынша процесуалды мерзім өтпеген. 5-6 жылға жалға берілген жерлердің мерзімдері енді аяқталып жатыр. Егер олар жерді игермесе, жалға алу шарты жаңа мерзімге ұзартылмайды. Басқаша айтқанда, ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді игеру-игермеудің мәселесі заң аясында қарастырылып, жауапкершілік күшейтілді. Бас прокуратура мен Жер ресурстарын басқару комитетінің өзара үйлестіру жұмысы жолға қойылды. Ендеше, түпкі нәтиже әлі алда», дейді Мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбек.

Қорыта айтқанда, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың сайлауалды бағдарламасында көтерілген бастамалар кезең-кезеңімен жүзеге асырылып келеді. Алдағы уақытта да бұл жұмыс саябыр тартпасы анық.