Байқау • 27 Қараша, 2023

Ақан әндері асқақтады

207 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Қызылжар аспанын күмбірлеген қазақ әніне бөлеп, Ақан сері атындағы ІІ республикалық дәстүрлі әншілер байқауы аяқталды. Оған еліміздің түкпір-түкпірінен 43 әнші қатысып, әрқайсысы үш әннен орындады.

Ақан әндері асқақтады

Байқаудың өзі Ақан серінің 180 жыл­дығына арналғандықтан орындаушылар бір әнді оның шығармаларынан шырқа­ды. Ақанның «Көкжендет», «Қаратор­ғай», «Ақтоқты», «Мақпал», «Алтыбасар», «Әудемжер», «Майдақоңыр» сияқты он­да­ған тамаша әні болса да, байқауға қа­тыс­­қандардың көбі серінің «Құлагер» әнін айтты. Қалған екі ән өздерінің қала­уын­дағы композиторлардың әндері болды.

Орындаушылардың арасынан адамның құлақ құрышын қандырып, тұла бойды тітірететін арқалы, «құлақтан кіріп бойды алып» жан-жүйені тебірентетін әншілерді көре алмадық. Бәрі де әндердің нотаға жазылған күйіне кептеліп қалғандай екен. Трагедиялық әндерді де, көңілді әндерді де бір сарынмен айту басым. Сондықтан «Құлагер­ден» де Ақанның терең қайғысын ести алма­дық. Біз жергілікті айтулы әнші, осындай талай байқауларға қатысып, жеңімпаз болған Дәстен Баймұқановты әңгімеге тартқанымызда, ол да соны айтты. «Әншілер қалыптан шыға алмай тұр, бәрі де нотаны бұзбауға тырысады. Қазақ әншілері олай айтпаған. Әнді шырқаған кездерінде тұла бойы бірге толқып, көзі ойнақшып, арқасы қозып тұруы керек қой. Сонда ғана ән түрленіп, тыңдаушының жан-дүниесін толқытады», деді ол.

43 әншінің арасынан әділ қазылар жүйрік деп таныған 18 әнші екінші ке­зеңге шықты. Олардың арасынан Қазақ­стан Қарулы күштері Ұлттық әске­ри-пат­риоттық орталығының әншісі Дәуренбек Ісләмғали бас жүлдені жеңіп алды. Бірін­ші орынды қызылжарлық Олжас Сұраға­нов қанжығасына бөктерді. Екі екінші орын­ның бәйгесін ақтаулық Адай Әзімхан және Астанадағы Р.Бағланова атындағы Ха­лық қазынасы ұлттық өнер орталығы­ның әншісі Асқар Мұқият иеленді. Ал үшін­ші орынды Сүйінбай атындағы Алматы облыстық филармониясының әншісі Мағжан Сатыбалды, жетісулық Қабдел Қастер, оралдық Мирлан Жамбылов алды. Сонымен қатар таңдаулы әнші­лерге қазылар алқасының шешімімен Кәкімбек Салықов, Молдахмет Тырбиұлы, Игібай Әлі­баев, Мұса Асайынов атындағы арнайы жүлделер берілді. Бәйге алған­дардың бәрі бағалы сыйлықтарға ие бол­ды. Қазылар алқасының қатарында Қазақ­станның еңбек сіңірген қайраткерлері, павлодарлық Ербол Айтбаев, алматылық Нұржан Жанпейісов, қарағандылық Дәуренбек Әркенов, «Құрмет» орденінің иегері Қайрат Кәкімов, Мәдениет саласының үздігі, қызылжарлық Біржан Есжанов болды. Байқаудың әділ шешімін шығарған оларға облыс әкімінің Алғыс хаты және «Ақан серінің 180 жылдығы» мерейтойлық төсбелгісі тапсырылды.

Байқаудың соңынан жүлдегерлер қатысқан гала-концерт болды. Сөйтіп, Қызыл­жар тұрғындары халық әндерін естіп, бір серпіліп қалды.

 

ПЕТРОПАВЛ