Құқықтық тәртіпті қамтамасыз етудің басты шарттарының бірі – тұрғындардың тәртіп сақшыларына деген сенімі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Полиция қызметкерлері, ең алдымен, өз еліне, өз халқына адал қызмет етуі керек», деп атап өткен болатын Ішкі істер министрлігінің алқа мәжілісінде. Өңірде құқық қорғау саласының материалдық-техникалық базасын жақсарту үшін тиісті қадамдар жасалып жатыр. Ал жаңа көліктердің көпшілігі алғаш рет ауылдық елді мекендерге жіберілгені қуантып отыр.
«JAC», «Kia» және «Chevrolet Cobalt» маркалы қызметтік автокөліктер учаскелік полиция инспекторларына және патрульдік полиция батальоны мен ротасының инспекторлары, сондай-ақ қалалық, аудандық полиция басқармалары мен бөлімдері арасында таратылды. Автокөліктер белгіленген стандарттарға сай, барлық қажетті техникалық құралмен жабдықталған және құқық қорғау органдарына қоғамдық тәртіпті бұзғандарға жедел ден қоюға мүмкіндік береді», деп атап өтті өңірлік полиция департаменті өкілдері. Техникалар «Өнеркәсіпті дамыту қоры» АҚ-ның лизингтік бағдарламасы бойынша сатып алынған.
«Жұртқа жақын полицей» қағидасын ұстанған керекулік тәртіп сақшылары биыл республикада алғашқы болып сервистік қызмет көрсететін учаскелік полиция пункттерін қолға алды. Нәтижесінде, жергілікті полиция пункттерін оңтайландыру жүріп жатыр. Павлодар қаласында бұрын олардың саны 23 болса, қазір небәрі 16 полиция пункті жұмыс істеп тұр. Мұндай сервистер жуық арада еліміздің өзге де қалаларында ашылады деп жоспарланып отыр. «Полицияның сервистік моделі» жобасы аясындағы жүйені дамыту жалғасын тауып жатыр. Тәртіп сақшыларының жұмысын тұрғындар үшін тиімді ете түсуді көздейтін жобаға полицияның сапалы қызметі, клиентке бағдарлану, үкіметтік емес ұйымдармен, мемлекеттік мекемелермен тұрақты серіктестік жасау бағыттары енген.
Павлодар облысы