Суретті түсірген – Ерлан ОМАР, «EQ»
Елде су көздері азайып барады. Трансшекаралық өзендерден келетін судың көлемі құбылып тұр. Мұндайда шаруалар мен басқа да өнеркәсіп иелеріне әр жылы келетін судың көлеміне қатысты сараптамалар қажет. Тосын жайттарға алдын ала қамданған әлдеқайда тиімдірек. Шығынды азайту үшін аз-маз қымбатқа түссе де, су үнемдейтін технологиялардың игілігіне иек артатын мезгіл келді. Бірнеше жыл бұрын алқапты суарудың жаңа жүйесін енгізуге бекінген шаруалар қазір тиімділігін көріп отыр. Иә, мол өнім алуды көздеген кәсіпкерлерге мемлекет қажетінше жол көрсетіп, жеңілдік қарастырып, қолдап отыр. Кейбір өңірлерде ауыл шаруашылығындағы судың 40 пайызы босқа ағып жатыр екен. Су шаруашылығы нысандарының 60 пайызы тозған. Судың «көлеңкелі» нарығы деген де бар. Мемлекет басшысы осы мәселелерді Жолдауда айтты. Үкіметке еліміздің су шаруашылығын басқару жүйесіне түгел реформа жасап, саланың материалдық жағдайын жақсартумен қатар кадр мәселесін шешуді тапсырғанын білеміз.
Ғалымдар су тапшылығы жаһандық мәселеге айналатынын бұрыннан-ақ ескертіп, дабыл қақты. Сол кезде шөбіне суы жететін елдер ұзақмерзімді болжамдарға аса бас қатыра қоймады. Енді судың түбі көріне бастаған шақта қорды молайтып, су тапшылығының алдын алмасқа амал жоқ. Президент Жарлығымен Су ресурстары және ирригация министрлігі құрылғанын білеміз. Қазір басшылық құрам бекіп, жоба-жоспарлар айқындалып жатыр. Министр Нұржан Нұржігітов су шаруашылығы саласындағы сарапшылар мен мамандардың пікірін назарға алуға дайын екенін айтты. Министрлік Су ресурстарын басқару жүйесін дамытудың 2024-2030 жылдарға арналған тұжырымдамасының жобасын әзірлеп үлгерген. Соған сүйенсек, 2027 жылға дейін Жамбыл, Қызылорда, Алматы, Ақмола және Батыс Қазақстан облыстарында 1,7 текше шақырым су жинайтын 8 жаңа су қоймасын салу жоспарланыпты. Ал екінші кезеңде Ақтөбе, Қызылорда, Шығыс Қазақстан және Қарағанды облыстарында жаңадан 12 су қоймасы салынса, еліміздің өзге өңірлерінде су қорын жинау және сумен тұрақты қамтамасыз ету мәселесі шешіледі екен. Тұжырымдамаға сай қолданыстағы 15 гидротехникалық құрылыс жаңартылады. Сонымен қатар 3,5 мың шақырым суару желісін реконструкциялап, су ысырабын суды есепке алуды цифрландыру арқылы азайту жоспарланған. Жаңа технологиялар су шаруашылығын бақылауға мүмкіндік беріп, шығындарды азайтады және маңызды табиғи ресурсты тиімді пайдалануды қамтамасыз етеді. Қысқасы, тұжырымдамадағы жоспардың барлығы су ресурстарын тиімді басқарып, аймақтарды тұрақты су қорымен қамтамасыз етуге, ауыл шаруашылығын өрістетуге, климаттың өзгеруіне бейімделуге ықпал етеді екен.
Жуырда жаңа жылдан бастап су саласындағы қызметкерлердің еңбекақысы орта есеппен 25%-ға өсетіні туралы хабарды естідік. Әрбір өңірде су ресурстарын бөлу және оны бақылаумен айналысатын бөлімдер пайда болады. Кадр даярлау ісіне де көңіл бөлінеді. Ұлттық гидрогеология қызметі құрылып, жерасты суларын басқару, іздестіру-барлау жұмыстары қызады екен. Сол секілді тұрғындарды ауыз сумен қамтып, жайылым және мал шаруашылығы үшін де жерасты су ресурстарын пайдалануға басымдық берілмек. Су ресурстарының ақпараттық орталығы құрылады. Бұл қадам салаға қатысты барлық деректі автоматты режімде ұсынуға, гидрометеорологиялық мониторинг жүйесі негізінде су тасқынын модельдеуге, трансшекаралық су объектілері бойынша деректерді талдауға мүмкіндік береді деседі. Жаңадан құрылған министрліктің алға қойып отырған ауқымды жоба-жоспары көп-ақ. Бұл тек бастамасы болар деп сенейік. Нәтижесінде, межелі міндеттер әрбір өңірде тиімді іске асса, қала, ауыл халқы соның шарапатын көреді деген үміт зор.
Су шаруашылығының бұрынғы министрі, гидротехник Нариман Қыпшақбаевпен пікірлескенімізде, ол жылдан-жылға сарқылып бара жатқан суды тиімді пайдаланудың бірден-бір әдісі үнемдеу екенін айтты.
– Су мәселесі күрделеніп барады. Мұны бәріміз біліп отырмыз. Жақында Су ресурстары және ирригация министрімен кездестім. Сонда жауапты қызметте суды басқарып отырған мамандардың судың не екенін білмейтінін айттым. Шаруашылықта әр қойшы қойын күнделікті санап, түгендеп отырады ғой. Су көлемін бақылау да осы секілді дүние. Бақыламаса, болмайды. Еділден Қазақстанға тиетін судың үлесі қанша, Ресеймен арадағы су мәселесі жөніндегі ресми құжат қашан бекітілді? Ертіс, Іле, Жайық, Тобыл, Есіл, Шу, Сырдарияның үлесі ше? Сушылардың осы сұраққа мүдірмей жауап беруі екіталай екенін айттым. Тұщы судың қоры – шектеулі ресурс. Бұл азаюы мүмкін, бірақ көбеймейді. Халық саны 20 миллионға жеткенін естіп, бір қуанып қалдық. Осы қарқынмен 30, 40 миллионға да жетерміз. Бірақ судың көлемі өзгеріссіз қала береді. Сушылар осыны ойлауға тиіс. Қай елде суды үнемдейтін технология, әдіс-тәсіл енгізіліп жатыр, соны мүмкіндігінше зерттеу керек. Қалай енгіземіз деп тағы ойлану қажет. Бұл үшін алдымен басшылық қызметтерге нағыз су мамандарын қойған абзал болады. Таудың суы ма, көрші елден келетін су ма, бәрі-бәріне мемлекет, министрлік елшілік етуі керек, – дейді ол.
Н.Қыпшақбаев су саясатында нақты шешім қабылдап, содан тайқымай, бір ұстанымда болуға шақырып отыр.
– Ашық ақпараттан суға жауаптылар жылына мынадай каналдар жөнделді деп есеп бергенін естіп қаламыз. Есепке үңілсек, қазіргі қарқынмен елдегі каналдардың барлығын жақын келешекте жөндеп біте алмаспыз. Қазір каналдардан өткен су шаруашылыққа жетемін дегенше жартысы сіңіп кетіп жатыр. Суға жете алмай отырған мезгілде мұндай ысырапшылдыққа жол беруге болмайды. Ресми ақпарат бойынша суды шаруаға жеткізгенше 40 пайызы жолда рәсуа болады екен. Демек, каналдары министрлік тікелей өзі бақылып, бір қасық суды да жоғалтпауға күш салуы қажет. Бұл – үлкен мәселе. Бізде жер астынан өздігінен пайда болатын су көздері жоқ. Бары сол, көбеймейді. Трансшекарлық су көздерін пайдалануға келгенде қай ел болса да суды бірінші өзі пайдаланғысы келеді ғой. Бізге нақ қазір осыны ескеріп, жұмысты дұрыс үйлестіре білу керек. Жер жүзіндегі тәртіп солай. Халықаралық су тәртібі деген бар. Онда су аз болған жылы да екі жақ барды қанағат тұтып бөлісетіні көрсетілген. Тағы бір айтатын жай, су бөлісу тәртібі жөнінде кеңес үкіметінде жасалған келісім бар. Қазір оны жоққа шығарып, қайта келісім жасаудың қажеті қанша? Жаңа келісім арқылы көрші елдер бізді ойлап, судың 60 пайызын жібермейтіні белгілі нәрсе ғой. Канада, АҚШ, Мексикаға бардым. Олар 1902 жылы су жөнінде келісімге қол қойыпты. 120 жылда бір сөзі түгіл үтірін өзгертпеген. Мен мұның барлығын жайдан-жай емес, жаным ашыған соң айтып отырмын. Су мәселесін ақылдасып шешпесек болмайды, – деп сөзін түйіндеді сарапшы.
Халықтың басым көпшілігі қалада тұрады. Бірте-бірте қала халқы да суды үнемдейтін жаңа құралдарды пайдалануға көшетін шығар. Су үнемдейтін технологиялар үсті-үстіне ұсынылса, оны дұрыс пайдалану мәдениеті қалыптасар. Ғылым докторы, профессор Блок Шайкенов те суды тиімді пайдалануды үнемдеуден бастау керек деп санайды.
– Қазір халықаралық келісімді толықтай сақтап отырған ешкім жоқ. Суды әр ел өзіне қажетінше бұрып ала береді. Енді бізге не қалды? Біздің несібеміз –өзімізде басталатын ішкі өзендермен қоса қар-жауын. Бұл да өлшеулі. Тау бауыры мен солтүстік өңірде ғана бар. Орталық тұс түгел шөл, шөлейт. Міне, біздің барлық байлығымыз осы ғана. Өздеріңіз білесіздер, екі-үш жыл оңтүстік, батыс өлкелерде құрғақшылық болды. Бұл көпшілікке белгілі дүние, оны езгенмен ештеңе шықпайды. Бірақ қазір нақты су қоры жөніндегі дәлді өлшемдерді зерттеу арқылы алдын алып жатқанын баса айту керек. Осы су қорының азаюына кейінгі кезде қалалар да әсер етіп отыр. Сонда неге су мәселесін үнемдеу арқылы шешпейміз деген орынды сауал туады, – дейді ғалым.
Суды үнемдеудің әдіс-тәсілдерін әуелден ойластырып жүрген Б.Шайкенов 2017 жылы қалада су үнемдейтын тазалық аппаратын ойлап тауып, тіркеп, төрт жыл тексеруден кейін патентін алған. Суды тазалайтын аппараттың жаңа нұсқасы қалада тұрмыстық мақсатта жұмсалатын судың 1/3 көлемін үнемдеуге мүмкіндік береді екен.
– Осыдан 55 жыл бұрын Алматыға келгенімде қалада 520 мың адам тұратын еді. Қазір 2 миллионнан асады. Жарты ғысырда тура төрт есе өсті. Ал су азайды, тауда мұздақтар түріліп жоғары кетті. Жауын, қар аз. Таудан ағатын өзендердің қарқыны баяулады. Енді біршама уақыттан кейін суды қайдан алады? Маңғыстау өңірінде таза судың көзі жоқ. Еділден тасып, теңіз суын тұщылайды. Алматы сияқты Ақтаудың да қанша ысырап жасайтынын есептедім. Халықаралық зерттеулерге сүйенсек, қаланың әр тұрғынына тұрмыстық және гигиеналық жағдайды толық қамтамасыз ету үшін күніне 230-350 литр су керек. Мұны айға шаққанда шамамен 7-10,5 текше метр су. Әрине, бұл – ең жоғары көрсеткіш. Ал орта есеппен (Алматыда) бір адамға тәулігіне 170-200 литр су кетеді. Қалада тұрмыста ас-суға қажет судан санитарлық тазалауға кететін судың шығыны әлдеқайда көп екені анықталды. Қалай дегенде де суды нақты тазалау технологиясы бізде жетілмеген. Біз осы парықсыз шаруа ыңғайымызбен таза су қорларын сарқып, табиғаттағы су айналымына орасан зиян келтіріп отырмыз, – деп өз тұжырымын айтты Б.Шайкенов.
Су ресурстарын пайдалануды реттеуге келгенде бір емес, бірнеше маңызды шаруа барын түсіндік. Басқа-басқа әуелі суды үнемдеуге көп көңіл бөлу керек тәрізді. Әзірге суға жауапты министрлік осының барлығына назар аударып, климаттық өзгерістерге бейімделуге орайластырылған шараларды қолға алады деп үміттенейік.