Қоғам • 27 Қараша, 2023

«Таңбалы тастың» тағдыры

204 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

«Amanat» партиясының экология мәселесіне айрықша ден қойып, көңіл бөлуінің нәтижесінде Алматы облысында бірқатар игі іс атқарылып келеді. Қоршаған ортаны қорғау мақсатында жергілікті полиция, экология департаменттерімен бірлескен рейдтер жүргізіліп, өндірістегі экологиялық бастамалар күшейтілген. Партияның сайлауалды бағдарламасына сәйкес 2027 жылға дейін өңірде 337 шақырым туристік соқпақ пен маршрут жүргізіледі.

«Таңбалы тастың» тағдыры

Бұл жөнінде Қонаев қаласында «Amanat» партиясы жанындағы об­­лыстық партиялық бақылау ко­мис­сиясының және экологиялық мә­селелер жөніндегі кеңестің бір­лескен отырысында айтылды. Алқалы жиынға қатысқан тарихшылар, эко­лог­тер, қоғам белсенділері мен мем­ле­кеттік орган өкілдері өңірдің та­рихи-мәдени және табиғи мұрасын сақтау, қорғау шаралары жайында ой-пікірлерін ортаға салды. Әсіресе Жам­был ауданындағы «Аққайнар» пет­роглифтер кешенінің және Іле өзенінің жағасында орналасқан «Таң­ба­лы тас» шатқалының экология­лық жағдайы бүгінгі күннің өткір де өзек­ті мәселесіне айналғаны қызу тал­қы­ға түсті.

Жиынды ашқан «Amanat» партия­сы Алматы облыстық филиалының төрағасы Қуат Байғожаев «Таңба­лы» қорығында 10 мыңнан астам петроглиф орналасқанын, ал «Ақ­қай­нар» кешенінде ежелгі дәуірде тасқа қашалған 5 мыңға жуық таңба табылғанын атап өтті. Алайда «Ақ­қай­нар» кешені осы күнге дейін мем­лекет қорғауындағы нысандар қатарына енбеген. Сондықтан тари­хи мұраның жойылып кету қаупі бар екеніне алаңдаушылық біл­дір­ді. Өңір­де­гі бірқатар петроглиф тек шал­ғай­да орналасқандықтан ғана бү­гінге дейін бүлінбей жетіп отыр­ға­нын атап айтты.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайдың екінші отырысында ел мен жерге деген жанашырлық – «Адал азамат» тұл­ғасының ең асыл қасиеттерінің бірі екенін атап өткен еді. Алматы облысы – петроглифтерге бай өңір. Оның 10 мыңы «Таңбалы» қорығында орналасқан. Тарихтан сыр шертетін құнды мұра, өкінішке қарай, вандализм мен қоқыс алаңына айналып барады. Жартастарға әлдекімдер аты-жөнін, оғаш ойларын жазып жүр. Біз – аманаттықтар «Аққайнар» кешенін тарихи-мәдени мұра нысандары тізіміне енгізуді талап етеміз», деді Қ.Байғоджаев.

Ежелгі өнер туындыларының тағ­ды­рына қоғам белсенділері де алаң­дап отыр. «Охотники за петроглифами» қоғамдық бірлестігінің дирек­торы Ольга Гумирова «Аққайнар» ке­шеніндегі тасқа қашалған таңба­лар­дың басым бөлігі вандализм әрекетіне ұшырағанын баян етті. Оның айтуын­ша, таңбалардың басым бөлігі жазу, бояу, цемент, гудрон және өзге де қоспалар кесірінен зақымдалған. Кие­лі орынның ең көп зақымданған тұсы – орталық бөлігі. Онда ұзақ жыл әскери далалық лагерь орналасқан. Сол себепті, бай мұраның бүлінуіне сарбаздардың да зиян келтіргені жасырын емес. Барлық ғылыми зерттеу жұ­мысы аяқталғанға дейін жартас жазы­ғын қалпына келтіру және онда­ғы жазуларды өшіру бойынша шара қабылдау қажеттігін атап айтты.

Жиында сөз алған Мәтібұлақ ауыл­­дық округінің әкімі Темірхан Мүкеев тарихи ескерткіштерді ауыл­дық әкімдік қорғай алмайтынына және тарихи-мәдени мұраны сақтау­дың кешенді жоспарын әзірлеу керек­ті­гіне назар аударды.

«Мәдени мұраны қорғайтын еш­қандай мүмкіндігіміз жоқ. Іргесінде әскери полигон орналасқандықтан, сарбаздар таңбалы тастарды бояп, жазу жазып кетеді. Оны химиялық еріткіштермен де, ацетонмен де сүр­тіп көрдік. Жазулар өшпей қойды. Қолымыздан келер шара – тек сенбілік ұйымдастыру. Осы мәселе бойынша қыркүйек айында облыстық тарихи-мәдени мұраны қорғау жөніндегі орталыққа хат жолдаған едім. Одан бері екі ай уақыт өтті. Әлі күнге жауап жоқ. Ауыл әкімдігінде еліміздің құнды мәдени мұрасын өз бетінше қорғайтындай мүмкіндік жоқ», деді ауыл әкімі.

Аймақта вандализм әрекетінің етек жаюына себеп болып отырған жайт­тардың бірі – салааралық іс-қи­мылдың әлсіздігі екендігі сынға алынды.

«Облыстық туризм, мәдениет бас­қармасы, өңірлік экология депар­та­менті және жергілікті атқарушы органдар әртүрлі жұмыс жүргізіп келеді. Ал ішкі істер органдары болса, ұлттық байлығымызды қорғау мә­се­лесіне қатысты белсенді шара қа­­былдамайды. Сонымен қатар орта­лық және жергілікті атқарушы ор­ган­дар­дың жоспарларында вандализмге қарсы күрес бойынша нақ­ты іс-шаралар көзделмеген. Бұл да маңызды мәселенің бірі болып отыр. Осыған байланысты ведомстволар арасында тиісті өзара іс-қимылды жолға қою, ескерткіштерді вандалдардан қорғауды қамтамасыз ету қажет», деді филиал төрағасы.

Партия жанындағы облыстық партиялық бақылау комиссиясының төрағасы Аманкелді Сембаев петроглифтер шоғырын қалайда сақтап қалу – басты міндет екенін, осы орайда «Аққайнар» кешенін мемлекеттік тарихи-мәдени мұра нысандары ті­зіміне енгізу қажеттігін айта келіп, ны­­сан алдағы уақытта партияның жіті бақылауында болатындығын мә­лім етті.

Жиын соңында комиссия мүшелері уәкілетті органдарға бірқатар ұсыныс білдірді. Атап айтқанда, «Таңбалы тас» тарихи-мәдени нысандары мен «Ақ­қайнар» кешенінің сақталуын бақы­лауға алу, ведомствоаралық өза­ра іс-қимылды жолға қою және абат­­тандыру, инфрақұрылым жүргізу арқылы ескерткіштерді қорғау үшін барлық шараны қабылдау, тәртіп сақшыларының күшімен жергілікті жерді патрульдеуді қамтамасыз ету қажет. Бұған қоса, облыстық мәдениет басқармасына жыл соңына дейін «Ақ­қайнар» шатқалын тарихи-мәдени нысандар тізіміне енгізуді тапсырды.

Еске салар болсақ, бұған дейін партиялықтар ұлттық байлығымызды қорғау акциясы аясында «Таңбалы тас» шатқалына барды. Аманаттықтар сенбілік өткізіп, 100 қапқа жуық қо­қыс жинады. Алдағы күндері пар­тия­лықтар және «Жастар рухы» Жас­тар қанатының белсенділері сен­білікті «Аққайнар» кешенінде өт­кі­зу­ді жоспарлап отыр. Олар таста­ғы таңбаларды вандалдар жазып кеткен түрлі жазулардан тазартпақ.

 

Алматы облысы