Технология • 28 Қараша, 2023

Әлемдік нарықтағы GoatChat қосымшасы

256 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Отандық IT-маман Ербол Көпжасар жасап шық­­қан GoatChat қо­сымшасы әлемдік на­рық­та сұранысқа ие бо­­лып, AI нейрожелісін қол­да­на­тын ең табыс­ты 10 қо­сым­шаның қа­тарына кірді.

Әлемдік нарықтағы GoatChat қосымшасы

Қазіргі кезең – жасанды интеллект дәуірі. Оның мүм­кіндіктерін бүкіл әлем мойындап жатыр. Елімізде де жасан­ды зердені игеруге ден қойы­лып, оның дамуына едәуір көңіл бөліне бастады. Бірақ бұл саланы игеріп қана қою жеткілік­сіз. Бәсекеде алға жылжу үшін тұтынушыдан өндірушіге айналу қажет.

Сұранысқа ие жасанды интеллект қосымшасын жасап шыққан Ербол Ұлыбритания­да Newcastle University-де білім алған. Оқуын бітірген соң шетелде қалып жұмыс іс­теу мүмкіндігі болса да, елге қай­тып келуді таңдаған. Ол осы салада көптеген жобамен айналысып, тәжірибесін арттыра түседі. Кейіннен жеке өз жобасын бастауға шешім қабылдаған.

«AI-ға сұраныстың күрт өсіп жатқанын көргенде, ен­дігі бағытымызға еш күмән кел­тір­медік. Адамдар техника­лық шектеулерге қарамастан, жаңа нәрсеге бірден ақша төлей ­бастады. Бұл – технологиялық серпіліс. Адам нейрожелімен сөйлесе алса, неге Эйнштейн­мен сөйлеспеске деп ойладық. Кез келген танымал тұлға­ның атынан сөйлесіп, тілдік модель­ді үйретіп алуға болады. Адам­дар оған төлеуге дайын екенін білгенде таңданысымызды жасыра алмадық. Одан әрі дамиық деп мүмкіндігімізді арт­тыра түс­тік», дейді Ербол Көпжасар.

GoatChat қосымшасы Chat­GPT-ге ұқсас үлкен тілдік мо­дель­дер негізінде жұмыс істей­ді. Яғни цифрлық көшірме жа­сау, сурет салу, әңгіме жазу сын­ды мүмкіндіктері бар. Қо­сым­шада тегін және ақылы қыз­­меттер қарастырылған. Тегін нұсқасында 9 хабар­ла­ма жіберіп, 5 суретке дейін генерация жасауға болады. Ақы­лы нұсқасында шектеу жоқ және функциясы көп. Пай­даланушылар қосым­ша­ны шектеусіз қолдану үшін қыз­меттерді сатып алады. Жа­зылу құны елге байланысты. Мысалы, АҚШ-та апталық жа­зылым құны – $9,99, ай сайын­ғысы – $24,99, ал жылдық жазылымы – $99,99. Қосымша App Store-ға қаңтар айында ор­наластырылған. Жыл басы­нан бері оны 5 миллионға жуық қолданушы жүктеп ал­ған. Соның нәтижесінде қазір олар AI саласындағы табысты research-компанияға айналып отыр.

«Біздің белсенді аудито­рия­мыз айына шамамен 1 мил­лион адамды құрайды. Ақпан­ның соңында тұрақты сатылым жа­сай бастадық. Күтпеген жер­ден Франция, Германия, Оң­түстік Корея, Польша және бас­қа елдердің App Store-да үздік ондыққа кірген алғашқы қазақстандық қосымша біз болдық. Ол үшін бір реттік жүк­теп алу көрсеткішінің жоғары болғаны емес, күнделікті жүк­телім санының көп болғаны қажет», дейді ол.

Қосымша авторының айтуынша, қазір GoatChat-та үш негізгі бөлім бар. Біріншісі – файл жүктеуге болатын онлайн-көмекші. Ғаламтордағы кез кел­ген бетті ашып, ондағы ақпа­ратты қорытып, соның мазмұны негізінде адамдармен сөйлесе алады. Бұл жағдайда тілдік мо­дель ChatGPT-дің соңғы нұс­қасындағы деректер қоры­на емес, ұсынылған ақпарат­қа сүйенеді. Осы принциппен PDF-файл жүктеуге болады. Бір ерек­шелігі, бұл модель ағыл­шын тілінде оқытылған. Сондықтан орыс, қазақ тілдерінде жақсы жұмыс істемейді. Екіншісі – explore. Бұл бөлімде қолданушы нарықта бар AI чат-боттарды пайдалана алады. Олардың көмегімен сурет, кескін, әңгіме болсын, түрлі визуал және мәтіндік контент жасауға болады. Үшіншісі – цифрлық көшірме немесе кез келген ке­йіпкерді жасап шығару қыз­меті. Жеке чат-ботқа қажетті ақ­паратты жүктесе жеткілікті, ол түрлі сұрақтарға жауап бере алады.

«Әзірге қосымшада видео жасау мүмкіндігі жоқ. Өйткені бұл өте қымбат. Қазақстан­дағы өндірістік видеокарталар­дың ең көп саны бізде болса да, жабдығымыз бұған жетпейді. Олардың есептеу қуатын тіл­дік модельдерді оқытуға неме­се контент жасауға ғана пайда­ла­ну­ға болады. Тілдік модельдерге қатысты шешілмеген тағы екі мәселе бар. Біріншісі – «галлюцинация» немесе жалған ақпа­рат беру. Екіншісі – мазмұн­ның ұзақтығы. Чат-ботпен сөй­ле­су кезінде хабарламадағы сөз ­санында немесе сессия санын­да шектеу бар. Бұған қоса, біз қа­зір кітап жазып жатырмыз. Жаңа тілдік моделіміз 5 минутта 128 беттік оқиғаны құрап береді. Болашақта оның көмегімен кино сценарийін жазғымыз келеді. Тест нұсқаны қазірдің өзінде 10 мың адам жүктеп алды. Оқиға не туралы, басты кейіпкер кім екенін енгізсе болды, тілдік модель бәрін өзі жазып береді», дейді Е.Көпжасар.

IT-маман жасанды ин­тел­лектінің қаупін жоққа шығар­майды. Сондай-ақ нейрожелі­нің адамдарды ауыстыруға қау­қары жетуі әбден мүмкін деп есептейді.

«Open AI өз әзірлемелері­нің қауіпсіздігіне шамамен 10 миллион доллар бөл­ді. Бірақ бұл қаражат ком­па­­нияның аппараттық құрал­­дар­ға жұмсайтын қаржы­сы­мен салыстыруға да кел­мей­ді. Қарапайым және құры­лымдалған деректерді жинау мүмкін емес салаларда өзгеріс көп уақытты алады. AI оптимистер нейрожелі адамды толық ауыстырмайды, тек көмекші құрал болады деп есептейді. Алайда мен олармен келіспеймін. McDonald’s автоматты кассаларды орнат­қан бойда компания кассир қыз­меткерлерінің санын қыс­қартты. Капитал әрқашан еңбек тиімділігін арттыруға ұм­тылады. Тиісінше, сіздің құ­­зы­ретіңізді ешқандай тілдік не­месе басқа үлгі жасай алмайтын салаларды іздеу керек. Мысалы, Калифорниядағы Cruise компаниясы жүргізушісі жоқ такси қызметін ұсынып жатыр. Әзілдейтін шама жоқ. Адамдар ереуілге шығып жатыр. Бұл дүниедегі экономикасы ең дамыған елдегі жағдай. Мұның бәрі оптимизм тудырмайды, бірақ менің ойымша, бара-бара жаңа мамандықтар пайда болатын сияқты. Мысалы, сценарий авторлары жазудан гөрі сценарийді өңдеп, идея ойлап табумен айналысады», дейді қосымша авторы.

OpenAI компаниясы секіл­ді Ербол да өз жобасын ақша табудың жолын тапқан зерттеу компаниясы ретінде қалып­тас­тыруды көздеп отыр. Сонымен қатар жаңа өнімдер шығару­ды және жаңа технологияларды пайдалана отырып, қолда бар өнімдерді жаңартуды жал­ғастыра бермек.