Аймақтар • 29 Қараша, 2023

Апатқа кінәлілердің жазасы

162 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Осыдан бір жыл бұрын Екібастұздағы жылу-энергия орта­лы­ғын­да болған апатқа байланысты сот үкімі шықты. Былтыр қара­шаның 26-сынан 27-сіне қараған түні болған жүйелі апаттың салдары әлі күнге дейін толық жойылмаған.

Апатқа кінәлілердің жазасы

Коллажды жасаған – Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»

«Екібастұзжылуэнерго» ЖШС­­­­ның­­­ бұ­рынғы бас директо­ры­­­­­­ Па­вел Мельничук, станса бөлім­­­ше­­сінің бұрынғы басшысы Виктор Вебер және «Екібастұз жылу желілері» ЖШС-ның бұ­рын­­ғы­ директоры Евгений Гор­ват Қылмыстық кодекстің 254-бабы («Міндеттеріне адал қара­мау») бойынша кінәлі деп танылып, екі жыл алты айға бас бостандығы шектелді.

«Сотталушылардың кінәсі сот отырысы барысында дәлел­де­­ме­лер жиынтығымен растал­ды. Екібастұздағы аталған ком­мер­циялық ұйымдардың басқару функцияларын орындаған сотталушылар 2022-2023 жылдар­да­ғы жылыту маусымына да­йын­­дық жұмыстарын толық қам­та­­ма­сыз етуде тиісті шаралар­ қол­данбаған. 2022 жылғы 27 қараша күні Екібастұздағы «Екібас­тұз­жылуэнерго» ЖШС жылу желі­лерінде апат болды. Апат сал­дары ауыр зардаптарға әкеп соқ­тыр­ды және қалада төтен­ше­ жағ­дай­ енгізілді», деді судья Әсел Таз­бу­ла­това.

Қылмыс ауырлығы орташа қылмыстар түріне жата­тын­дық­тан Қылмыстық кодексте кінәлі тұл­ға­­ларды 5 жылға дейін бас бос­тан­­дығынан шектеу немесе бас бостандығынан айыру жаза­сы қарастырылған. «Істі қарау бары­сында жағдайды ауыр­ла­та­тын немесе жеңілдететін мән-жай­лардың болмауына байланыс­ты жаза мөлшері көрсетілген мерзімнің жартысынан, яғни ­2 жыл 6 айдан аспауға тиіс. Сот­та­лушылардың жеке басы мен отбасылық жағдайын, олар­дың ауыр зардаптардың туын­дауына абайсыздықтан жол бер­ге­нін ескере отырып, сот оларға про­ба­циялық бақылау белгіледі. Яғни мәжбүрлі еңбекке тарта оты­рып, әрқайсысына 2 жыл 6 ай мерзімге бас бостан­ды­ғы­нан шектеу түріндегі жаза таға­йын­дады», деп атап өтті қалалық сот­тағылар.

Бұған дейінгі сот отырыс­та­рында прокурорлар айып­та­лу­шыларға 5 жылға бас бос­тан­дығынан айыру жазасын сұраған. Сот үдерісі 4 айға жуық созылып, 59 зардап шегушіден сұрау салынды. Сотқа 80 азамат куәгер ретінде тартылған.

 

Павлодар облысы,

Екібастұз қаласы