Кәсіпкер • 28 Қараша, 2023

Атакәсіпті жалғастырған өрен

172 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Мектеп оқушысы кәсіппен айналысып, табыс тауып отыр дегенді естігенде оған әркімнің сенуі екіталай. Десе де бұл мүмкін болатын нәрсе екеніне көзіміз жетті. Алматы облысы Қарасай ауданына қарасты Береке ауылындағы орта мектептің 11-сынып оқушысы Берік Әжібай мемлекет қолдауына ие болып, бүгінде ат әбзелдерін дайындау ісімен айналысып жүр. Жасөспірімнің жеке кәсібімен танысу үшін жақында ол тұратын елді мекенге арнайы барып, өнеріне тәнті болдық.

Атакәсіпті жалғастырған өрен

16 жастағы баланың кәсіп ашуына «Тәуелсіздік ұр­пақ­тары» жобасы ықпал еткен. Соның аясында мектеп оқушысы қайтарымсыз грант ретінде 1 млн теңге қаржыға ие болып, отбасылық кәсіпті ілгерілетуге үлес қосқан. Қа­зір­гі таңда Берік шағын ғана ше­берханада ертоқымнан бас­тап, жүген, ноқта, үзеңгі сынды атқа қажетті жабдықтардың бәрін дайындаумен айналысады. Соның ішінде ертоқымы көптің сұранысына ие. Олар­дың жалпы 30-40 түрі бар болса, тапсырысқа байланыс­ты кез келгенін әзірлеуге ма­шықтанған.

Атадан балаға мирас болып келген бұл кәсіптің да­муына Беріктің әкесі Мадияр Нұрбеков, басқа да ағайынды бауырлары қолдау білдіреді. Бір жұмысты жүйелі түрде жүргізіп жатқаны олар­дың қанында бар екенін Берік өз сөзінде тілге тиек етті.

– Бұл кәсіппен айналысу біздің қанымызда бар. Мен ес білгелі әкем бұл өнерді жанына серік еткен. Ал әкеме дейін менің аталарым осы жол­да еңбектенген жандар бо­лыпты. Сондықтан әуле­тіміз үшін бұл – таңсық жұ­м­ыс емес. Қазіргі уақытта елі­міз­дің әр түкпірінен тапсы­рыс көп түседі. Ертоқым дайын­дағанда алдымен сапасына мән береміз. Содан болар, біз – ел бойынша мықты ше­бер­­лердің қатарындамыз, – дейді мектеп оқушысы Берік Әжібай.

Қаннан дарыған кәсіпті игерген жас шебер әкесінің қасында жүріп ат әбзелдерін әзір­леудің қыр-сырын мең­гер­ген. Кейін осы істі дөңге­ле­туді жөн санап, жобасын «Тәуел­сіздік ұрпақтары» бас­тамасы арқылы дамытуды көз­­де­ген. Нәтижесі жаман емес. Қайтарымсыз гранттың кө­ме­гімен бизнесі өрге домалап, тапсырыс ауқымы арта түсіпті.

– Жоба аясында ұтқан 1 млн теңге қаражат отбасы­лық кәсібіміздің дамуына көп ықпал етті. Өйткені көктем, жаз мезгілдерінде тапсырыс азаяды. Шығын шығатын кез­дер де болады. Осының ор­­нын жабуға және сапалы был­ғары алуымызға гранттың кө­мегі көп тиді. Материалдың жақ­сы болғаны ертоқымды сатып алушылардың да көңі­лінен шықты. Осылайша, тап­сырыстың саны уақыт өт­кен сайын арта түсті, – деп жас кәсіпкер мемлекеттің қол­дауын ерекше атап өтті.

Беріктің бұл жоба туралы Қарасай аудандық жастар ресурстық орталығынан хабардар болған. Орталық жас­тары мемлекеттің осындай ұтымды бастамаларын аудан көлемінде дәріптеуден қалыс қалған емес. Олар мемлекет ұсынған бағдарламаларды жастар арасында насихаттап, жаңашылдыққа бастайды.

Берік мектеп оқушысы болғандықтан, ісін сабақтан кейін жалғастырады. Түске дейін білім алса, түстен кейін шеберханадағы міндетін орындап, әкесі мен бауырларына көмектеседі. Беріктің ендігі арманы – атасының жолын қуып, осы кәсіпті жоғары деңгейде дамытып, үлкен цех ашу.

– Жамбыл облысы, Мойын­құм ауданында атамның атқа қажетті жабдықтарды дайындайтын үлкен цехы бо­лыпты. Мен де атам сияқ­ты осы бизнесімді одан әрі же­тіл­­діріп, ауқымы кең ғимарат­та жұмыс істегім келеді. Сөй­тіп, қолөнер саласын көпке таныс­тырып, оны жан-жақ­ты дамытсам деймін. Бір жағы­нан елдің эконо­микасын артты­руға қосқан үлесім болар еді, – дейді кейіпкеріміз.

Беріктің атакәсіпті жетіл­ді­руіне себепкер болған «Тәуел­сіздік ұрпақтары» деп аталатын жоба әлі де жалғасып жатыр. Бұл бастама Мемлекет басшысының қолдауымен жү­зеге асып келеді. Ресми дерекке сүйенсек, былтыр аталған жобаның аясында Алматы облысында 10 жас кәсіпкер 1 млн теңгеден қаржылай қолдауға ие болған. Қазіргі уақытта олар әр салада өз кәсібімен айналысып, жемісін көріп жүр.

2023 жылы «Тәуелсіздік ұр­пақтары» бойынша 3 млн теңгеден 30 грант бері­лу көзделген. Жобаның мақсаты – бел­сен­ді шығармашыл жас­тар қауымдастығын қалыптас­ты­руға бағытталған жастардың жаңа және қолданыстағы бас­тамаларын мемлекет тарапынан қолдау. Конкурсқа 14 жастан бастап, 35 жасқа дейінгі азаматтар үміткер бола алады.

 

Дидар МӘЛІКҰЛЫ,

журналист

 

Алматы облысы,

Қарасай ауданы