Егемен Қазақстан • 29 Қараша, 2023

«Хат қоржын»

213 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін
«Хат қоржын»

Ұлттық мінез – ұлттың айнасы

Ұлттық мінез деген не? Қазақ халқының ұлттық мінезі қандай болған? Қазір қандай? Ол – ұлттың өмір сүру салты, тәсілі, әдет-ғұрпы, дүниетанымы мен сана-сезімі арқылы қалыптасатын адамдық қасиет. Шетелдік ғалымдардың қазақ халқы туралы пікірлеріне сүйенсек, ресейлік дәрігер Николай Зеленд: «Қазақ – қызуқанды халық. Оның рухына жайсаңдық, ізгілік тән, ұдайы жайдары жүреді. Сергек әрі еліктегіш келеді. Жүйкесі көмбіс, ашуланбайды. Бар ниетімен ақкөңіл, адал, басқаның қайғы-қасіретіне ортақтасқыш, қонақжай, салауатты және төзімді. Олардың бойында қатыгездік пен кекшілдік жоқ», деп сипаттама берсе, поляк зерттеушісі Адольф Янушкевич: «Қазақтың ойлау қабілетінің кереметтігіне барған сайын көзім жетті. Әр қазақ өз шаруасын жете түсіндіреді. Тіпті балаларының ақылы ерте толысады», деген пікір білдіреді. Бұл пікірлерге қарағанда, қазақ халқының мінезі өзгеге үлгі боларлық өнегелі, жайсаң екені көрінеді.

Бірақ бүгінгі қазақты бұрынғы қазақпен салыстыру мүмкін емес секілді. Өйткені біз ұлттық мінезімізден айырылып бара жатқандаймыз. Ал бұған не себеп?

Бұл сұраққа жауапты филология ғылымдарының докторы, профессор Мекемтас Мырзахметовтің белгілі журналист Бейсен Құранбекке «Айтуға оңай» бағдарламасында берген сұхбатынан аламыз. Қазақты ұлттық мінезінен айыру үшін патша өкіметі жасырын түрде «Сексеуіл» әдісін қолданған. Батыс Сібірдің генерал-губернаторы Сперанский патшаға: «Қазақ даласында сексеуіл деген ағаш өседі екен. Ол ағашты қандай құралмен ұрсаң да жарылмайды екен, ал өзді-өзіне ұрсаң, быт-шыты шығады екен. Осыны қазаққа қолданайық», дейді.

Бұдан бөлек, қазақтың ұлттық мінезінен айырылуына 1932 жылғы ашаршылық, 1937-1938 жылдардан басталған репрессия, зымиян саясатпен жүргізілген индустрияландыру мен тың көтеру сияқты экономикалық науқандар себеп болды десек, қателесе қоймаймыз. Ал қилы құбылмалы кезеңдерді басынан өткерген қазақ халқы ес жиғалы біршама уақыт болды. Ендігі міндет – халқымыздың ұлттық мінезін қайта қалыптастыру үшін жұмыс істеу. Бұған барлық алғышарт орнығып үлгерді ғой деп ойлаймын.

Ақтұмар САҒЫНАЙ,

Б.Майлин атындағы №52 мектеп-гимназияның 11 «Ә» сынып оқушысы

 

АСТАНА

 

 

Болмысы берік, ойы терең

Жүрегін өлең-жырға деген махаббат тербеген Мұзафар Әлімбаев – сегіз жасында әкеден, 13 жасында шешеден айырылса, алты жасында ұжымдастыру ауыртпалығын сезінген, 1932-1933 жылдарғы ашаршылықты, 1937 жылғы сталиндік сойқанды өз көзімен көріп, үрейі ұшқан ұрпақтың бірі. Соған қарамастан оның азаматтығы ақындығына күш-қуат беретін, тар қолтықтан демеп, өрлі жерден асырып жіберетін қасиет десек, артық болмас.

Асылы, өміршең поэзиялық туынды адам баласының танымдық көкжиегін кеңейтіп, ішкі жан-дүниесін байытып, соны істерге құлшындырып, рухын сергітіп, қанаттандырады. Осы орайда елі мен жерін сүйген М.Әлімбаев өзінің парыз-міндетін имандай сыр қылып түйгенін түйсінеміз. Өмірдің өзін суреттеуде оймаққа сыйғызғандай шынайы шеберлікке жеткен, жинақылықтың асқан үлгісін көрсеткен ақын «Өлең – ақыл суаты мен сезім қуатының тоғысқан жері» деп поэ­зия турасында салиқалы пікір білдіреді.

Ең алдымен, М.Әлімбаев – лирик ақын. Тұңғыш өлеңінен бастап соңғы жазылған туындыларына дейін өмірдің жүрегімен қабылдаған нәзік құбылыстарын оқырмандарына сәтімен жеткізе біледі. Лирик деп жалпы атағанымызбен, ақын өлендерінде көтерілген мәселелер аса өзекті әрі тебіреністі. Санасында саңлақтық, сүйегінде асылдық, жүрегінде батырлық, болмысында беріктік, ойында терендік болмаса, ол дәл осылайша буырқанып тебірене алмас еді.

Ақынның өскелең ұрпаққа арнап жазған өлеңдері тілі жаңа шыққан балабақша бөбектерінен бастап, бастауыш, орта мектеп балаларының әрқайсысының ой-өрісіне лайықталса, тілі шұрайлы, оқиғасы қызық, тақырыбы жағынан әр алуан. Әсіресе мұны ертегі, аңыз, нақыл сөздер, бата-тілек жырлар, мақал-мәтел, өтірік өлең, жұмбақтар мен жаңылтпаштар, санамақ және сұрамақ түрінде жазылған өлеңдерінен анық көреміз. Ұрпақ тәрбиесін өз өмірінің мағынасына балаған ақынның еңбегі, сөз жоқ, қазақ балалар әдебиетінің тарихында жарқын беттер болып қалары анық.

Миршат ЕЛУБАЕВА,

М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің доценті

 

 

Ізденісіне іскерлігі сай

Бұл қазақтың бір басында бірнеше мамандық пен кәсіп бар. Басшылық қызмет те атқарған. Өлең шығарып, мақала-хикаят жазудан да құралақан емес. Осы күндерде әр жылдары жазған өлеңдері мен әңгімелері өз алдына үш кітап болып жарыққа шыққан. Ол кім десеңіз – Хайролла Исмағұлов.

Бозбала кезінде ағасы Мырзаш Исмағұловтың ақылымен Ле­нин­градтың кәсіптік-техникалық училищесінде оқып, гидроакус­тик мамандығына ие болады (Мырзаш ағамыз сонау 60-жылдары Ле­нин­градтың қаржы академиясын бітірген санаулы қазақтардың бірі еді). Ол кезде атының өзі құлаққа тосындау естілетін бұл мамандық бойынша жұмыс қайдан табылсын. Сөйтіп, Хайрекең ауылдағы әкесіне көмекші шопан болды. Қойшы кезінде шопанның бейнеті бес батпан, оның жұмысын қалай жеңілдетуге болады деп үнемі ойланатын еді. Нәтижесінде, қи оятын агрегат жасап шығарды. Бұл жаңалығы үшін Исмағұловқа облыстық өнертапқыштар қоғамы арнайы құжат пен 1500 сом сыйлық берді. Ал «Бисен» және «Орда» кеңшарлары бірігіп осы ақшаға тағы қаражат қосты, сөйтіп өнертапқышқа сол кездегі жоғары сұранысқа ие «Жигули» көлігін сыйға тартты. Бұл 1970 жыл болатын.

Хайролла Исмағұлов кейінірек малды қалдықсыз соятын жылжымалы қасапхана жасап шығарды. Сондай-ақ су ішіндегі су бөгет ойлап тапты. Ол – су ағыны арқылы тегін электр қуатын беретін кішкентай электр стансасы.

Сөзіміздің басында Хайролла Исмағұлов басшылық қызметте де істеді дедік. Өткен ғасырдың 70-жылдарының екінші жартысында ол облыстық шикізат базасында директор болды. Сол кезде жұмысты қалдықсыз технологиямен атқаруға күш салып, мұнда да үнемі ізденіспен еңбек етті. Сөйтіп, республика бойынша жүн-жұрқа, тері-терсектің қалдықтарын да толық кәдеге жаратып, көзге түскені бар. Ол туралы кезінде «Социалистік Қазақстан» газетінде «Тозықтан торқа, қалдықтан қамқа» мақаласы жарияланып бұл жаңалық елге тарады.

Соңында айтарымыз, оның өлеңдері республикалық және жергілікті басылымдарда жарияланып тұрады.

Есенжол ҚЫСТАУБАЕВ,

журналист

 

Батыс Қазақстан облысы