Ясауи
Ясауи – көпқырлы күрделі тұлға. Бәзбіреуге қылуетке түсіп, алаңсыз хикметін жазған ақын көрінер. Қожа Ахмет Ясауи – түркі халықтарының бірлігіне шам жаққан қайраткер. Түркіні араб-парсыланудан сақтап, дінді түркілік салт-дәстүрге негіздей білген бірегей ғұлама. Өз заманының шырақшысына айналған тұлғаның біз білмес қырлары орасан. Бүгінгі сөз Ясауидің жан ғалымы мен тән ғалымы жайлы түбірлі тұжырымы хақында болмақ.
«Жан ғалымы хазіретіне жақын тұрар,
Тән ғалымы нәпсі құшып қаладүр»,
дейді ақын. Жан ғалымы деп қоғамдық ғылымдармен қатар теологияны, ар-иман білімін жүрекке тоқыған жанды нұсқайды. Ал тән ғалымы деп техникалық, жаратылыстану ғылымдарымен шектелген адамды меңзейді. Расында, жан білімін кеудеге тоқымаудан жер бетінде әртүрлі зорлық-зобалаң артып, адамға адам қасқыр болғаны жасырын емес. Тек дүние үшін, жеке денесі үшін ғана әрекет ететін тән білімінің «тарландарының» ақылы бір басынан артылмай отыр. Мәселен, неге «Болашақ» бағдарламасымен білім алған, шет тілдерін меңгерген жастардың біршама бөлігі адамдық мұратқа, ұлттық мұратқа пысқырып қарамайды? Неге ұлтқа қызмет етуді адамдық борыш деп есептемейді? Неге елімізден шетелдерге оқуға кеткен тәлімгерлердің көбі сол елде қалып қойып, елге пайда келтіру емес, мансап пен баюды ғана мұрат тұтады? Неге том-том кітап оқыған адамдар зұлымдыққа барып, сәулесі өз кеудесін жылытуға жетпей жатады? Неге көпшілік білім деген ақпарат деп ұғады? Міне, жан білімі мен тән білімінің айырмасы. Жан білімінің жеткіліксіздігі, ұлттық тәрбие арқылы бойға сіңер ар, ұят, ұждан білімінің кеудеде іргетас қаламауы – тамырсыз қаңбақтардың қаптауына әкеліп соғуда. Сондықтан да, айлалы ақылы көп, бірақ кісіге мейірімі мен жанашырлығы жоқ, ақыл мен жаны тәнге шырмалған адамдар көп-ақ. Бақсақ, жан білімінің негізін батыстық қаламгерлер Інжілден алса, шығыстық ақындар Құраннан алып жатады. Ал өзге ғұламалар Ар-ұят ілімін сақтау арқылы жан білімінің нұрына қауышады. Достаевскийдің Інжілді қойнынан тастамауы, Толстойдың Інжілдің ағартушылық самалын насихат етуі, Байронның «Қабылы», Мильтонның «Жоғалған жұмағы», Дантенің «Құдіретті комедиясы» Батыс алыптарының Інжіл рухымен тығыз байланысын дәйектейді. Қайбір ірі шығарманың түбірі киелі кітапқа тіреледі. Ясауи айтқан жан ғылымы – тамырды мәңгілік ұстынға тіреу арқылы шексіздікке ұласу. Адам ақылы ар-ұятпен тікелей байланысты болғандықтан, жан байлығы болмаса, ақыл да өз функциясын толық атқара алмайды.
«Кабуснама»
«Кабуснама» кітабы хикметтің қайнар-бұлағы іспетті. Кеуқаус патшаның 63 жасында ұлы Гиланшахқа қалдырған еңбегі он ғасыр бойы оқырман қауымның санасын қозғап келеді. Кітаптың «Жомарттық туралы» атты бөлімінде ақылдың екі түрі жайлы баян етіледі. «Ақыл екі түрлі болады. Біріншісі – тума ақыл, яғни табиғи дейді. Бұл адамдағы табиғи қымбат қасиет, екіншісі – кәсіптік ақыл, яғни еңбекпен табылған ақыл. Тума ақыл мен кәсіби ақыл қосылса, данышпан болады». Шынында, ақылы асып туған ғұламалар ғасырлар қойнауына парасат дәнін екті. Шәкәрімнің Абай туралы сөзінде: «Ибраһим мырза, мұсылманша, орысша ғылымға жүйрік һәм Алланың берген ақылы да бұл қазақтан бөлек дана кісі болды. Ержеткен соң ол кісіден тағылым алып, әртүрлі кітаптардан оқып, насихатын тыңдап аз ғана ғылымның сәулесін сездім. Ибраһимнің тұрағы қазақ іші болғандықтан қадірі аз білінді. Олай болмағанда дәнішпан, ғұлама, философ кісі еді», дейді. Осында «Алланың берген ақылы бұл қазақтан бөлек» деген сөзге үңілелік. Расында, Абай данышпандығы, оқыған білімін соншалық терең тоқуы феноменалдық деңгейде.
«Ақыл құсы адаспай аспандаса,
Әлемде нәрсе болмас оған таса,
Жетi көк жерден оңай басқыш болып,
Ғарышқа қол жетедi қармаласа».
Бақсақ, бүгінгі көпшіліктің ақылы әртүрлі қоғамдық дүниелерге матаулы. Ақылын нақты бір бағытқа бұрып, адамдық, ұлттық мақсатпен шұғылданып жүрген, өз жанына терең бойлаған жандар аз. Еш мақсатсыз уақыт машинасына отырып, жолай әртүрлі түстерге ақылы көмілген жолаушылар неге үлгермек? Ақылдың ең ұлы міндеті – өзін тану. Толстой «Әр адам өз ауласын сыпырса, бүкіл қоғам тазаланар еді» деді. Ал әйгілі Махатма Ганди «Әлемді түзегің келсе, өзіңді түзе!» ұранын алға шығарды. Кабуснамада: «Кімде-кім өзін-өзі билеп, ілім мен өнер үйренген жағдайда ғана баянды бақытқа қол жеткізеді» деген тәмсіл бар. Ұлы жазушы Николай Гоголь «Мен жас күнімнен жеке адамды зерттеп, оның бет пішіміндегі өзгеріс пен қимыл-қозғалыстың өзінен-ақ жан құбылысын ұстап алғым келетін, сөйтсем әуелі, өз жаныңды терең зерттеу керек екен» деген тұжырымға келеді.
Яғни «Кабуснамада» айтылған кез келген тума ақыл өзінің ең басты мұратын ұмытпай, маңызды арналарға жұмылғанда ғана жаралған мәніне сай болмақ. Ал сіз ақыл соқаңызды қай қырманға салып жүрсіз, қадірлі оқырман?