Таным • 29 Қараша, 2023

Ғұн өркениетінің іздері

1072 рет
көрсетілді
15 мин
оқу үшін

Ақтөбеде ғұн археологиясы мәселелеріне арналған «Халық­тардың ұлы қоныс аударуы қарсаңындағы далалық тайпалар» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конферения өтті. Ә.Марғұлан атындағы Археология институты мен Ақтөбе облысының Мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы, облыстық тарихи-өлкетану музейі бірлесе ұйымдастырған жиында ғұн кезеңі талқыланды. Ғұндар дәуірі – Қазақстан тарихының ақтаңдағы, осы кезге дейін тарихшыларымыз сол заманды халықтардың ұлы қоныс аудару кезеңі деп жеткілікті зерттемей келді. Жыл санауымыздың алғашқы бес ғасырында қазақ даласында сақ-сармат тайпаларымен бірлесе күшті одақ құрып, Қара теңіз, Кавказ, Қырымнан асып, Шығыс Еуропаға дейін империя құрған ғұн тайпаларының ескерткіштері қазақ даласының барлық аймағынан табылып жатыр. Соның алдыңғы қатарында Ақтөбе облысы Ойыл ауданындағы Сорлақмола обасы мен Маңғыстау облысындағы ғұндардың Қарақабақ порты және Алтынқазған қоныстары тұр.

Ғұн өркениетінің іздері

Коллажды жасаған – Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»

Сынтастарда сыр жатыр

Ақтөбе облысында соңғы жыл­­дары ғұн кезеңінің 400-ден ас­там ескерткіші табылды. Архео­ло­гиялық олжалардың ішіндегі ең ай­шықтысы – Елек өзенінің жа­ғасындағы ғұн жауынгерінің тоналмаған обасы. Оны құм қазып жатқан экскаваторшы кездейсоқ тапты. Дәулетті жас көсем жерленген орыннан ұзындығы 1.20 см алтын сапты семсер, белдіктің күміс жапсырмалары шықты. Жа­нына жерленген тұлпарының ері қат­ты ағаштан жасалған, жү­гені алтын жапсырмалармен қап­талған.

Конференцияда Л.Н.Гумилев атын­дағы Еуразия ұлттық универ­ситеті түркология және алтайтану ғылыми-зерттеу институтының ди­ректоры, тарих ғылымдары­ның докторы Қаржаубай Сартқожа­­ұлы скифтердің көші-қон жолын­да­ғы өте көне жәдігер – сынтас­тар­ды түгендеп, ғылыми айналымға енгізу керектігі жөнінде айтты. Жыл санауымызға дейінгі ХІV ғасыр мен жыл санауымыздың V ғасыры аралығында қойыл­ған сынтастарды ең бірінші моң­ғол ғалымдары зерттеуге кірісті. Олар сынтастардың үш томдық каталогі мен үш томдық альбомын жарыққа шығарды. Айта кету керек, сынтас ұғымын түркі тілінің сөздігіне ең алғаш рет М. Қашғари Х ғасырда енгізген.

Археолог Аслан Мамедовтің айтуынша, қазіргі Ақтөбе облы­сы аумағында ж. с. ІІ-ІV және V ға­сыр­ларында ғұн-сарматтар үлкен тайпалық бірлестік құрған. Ғұндар осы жаққа Торғай даласынан келген. Оған Әйтеке би ауданынан табылып жатқан «геоглифтер» дәлел. Ақтөбе облысының Әйте­ке би, Мұғалжар, Темір, Ойыл, Қобда, Ырғыз аудандарында ғұн қоныстары көп табылса, Мәртөк және Қарғалы аудандарында өте аз, бар болғаны төрт ескерткіш анықталды. «Осы жаққа келген тайпалар уақыт өте келе жерлеу дәстүрін өзгерткен. Әдетте, ғұн ақ­­сүйегінің басы сопақша болып ке­леді. Жаңа туған баланың басын қат­ты байлап тастайтын дәстүрі бол­ған. Біздің жаққа ІІ ғасырда ал­ғаш келген ғұндардың обаларынан сопақша бас сүйектер көптеп табылса, ІІІ-ІV ғасырдың обасында ондай бастар жоқ. Өйткені жергілікті сармат тайпаларының әсерінен бас пішінін өзгерту үрдісі тоқтаған.

«Сармат обалары дөңгелек пі­шін­ді, далалықта биік етіп үйіл­се, өзен аңғарларына жа­қын сайлардан та­былып жата­тын ғұн обалары әр түрлі: төрт­бұ­рышты, ою тәріздес, гантель тәрізді құрылыстар болып ке­ле­ді. Далалықта ғұн обасы көзге түс­пейді, әуедегі түсірілім арқылы анық­талады. Олардың жерлеу дәс­түрі діни көзқарастарымен бай­ла­нысты болуы мүмкін. Тағы бір ерек­шеліктері – ғұндардың оба­лары тізбектеліп кете бере­ді. Мәселен, Ойыл өзенінің бо­йын­дағы Сорлақмоладан 200-ден астам ескерткіш, Қарақобда мен Қиыл өзендерінің аңғарындағы «Дербісәлі-2» қорымынан 46 ны­сан табылды. «Ақбұлақ-1,2,3» қорымы 5-6 шақырымға созылып жатыр. Дербісәлі – аудан орта­лығы Қобдадан 75 шақырым шар­уа қожалығының жері болған. Біз қожалық иесіне әуеден түсірген ган­тель тәріздес құрылыстың фото­­сын көрсеткенімізде қатты таң қалды. Ол күнде жылқы бағып жүр­ген жердің астында қорған бар деп ойламаған», дейді Аслан Мамедов.

 

Маңғыстаудағы ғұн қаласы

Моңғолия, Солтүстік Қытай­ды ме­кендеген жауынгер ғұндар жыл са­на­уымызға дейінгі ІІІ ға­­сыр­­­да Хань мемлекетімен қақ­ты­­ғыс­қа түсіп Байкал, Сібірге қа­рай ығы­сып, осы жақтағы тай­па­лармен 400 жыл араласып өмір сүреді. Содан ІІ-ІV және V ға­сыр­ларда шығыс­тан бүгінгі қа­зақ жеріне келіп, екі бағытқа бө­лі­неді: бірі оңтүстік-батысты, бас­қа­лары Арқаға бетке алған. Тор­ғай жағынан қазір­гі Ақтөбе об­лы­сының аумағы­на кірген тайпа­лардың бір тобы осы жерде қалса, екінші топ Атырау мен Орал жағына, үшін­ші топ Маңғыстау түбегіне ба­ғыт алады. Олардың қозғалысы су жол­дарымен байланысты бол­ған. Соған қарағанда біздің заманы­мыз­дың басында Арал теңізі бойы стратегиялық маңызды рөл ат­қарған. Осы аймақтан Кас­пий теңізіне дейінгі сауда жолы ғұн­дар­дың бақылауында болғанына Маң­ғыстаудың Қарақабағынан табылған олжалар куә.

Түркияның Akdenis универ­си­тетінің профессоры, тарих ғы­лым­­дарының докторы Екрем Ка­лан көшпенділіктен отырық­шы­­лыққа көшкен ғұн тайпала­ры туралы зерттеулерімен бө­лісті. Мал шаруашылығы және аң­шы­лықпен айналысып, кейін әс­кери өнерге машықтанған Азия ғұн­дарының тұрақты қалалары бол­май, су және жайылым іздеп үнемі көшіп жүрген. Кейін ірі өзендер жағасында Орхон және Керулен қалалары пайда болған. Байқал көлі жағында суармалы шаруашылық құрып, дәнді да­қыл­дар өсіріп, астықты ұраларда сақтаған. 2019 жылы археологтер Сібірде, Иволга қаласының жанынан астық сақтауға арналған алмұрт пішіндегі құдық, қолдан жасалған тас диірмен, жер жыр­туға арналған құралдар тапты. Алайда өздері өсірген астық көш­пелі халықтың қажетін өтеуге жет­педі әрі құрал-сайман тапшы бол­ғандықтан, ғұн қағаны қытай императорымен шекарада сауда жасауға уағдаласқан. Қытай императоры үшін ғұндармен сауда, тауар айырбасын жасау маңызды саяси құралға айналды. Алайда ғұндар кей уақытта қытайлар­мен арадағы сауданы тоқтатқан не шектеп отырған.

Алайда Орталық Азия және Сібір халықтарының ішінде ең бірінші болып отырықшылық­қа және қала мәдениетіне көшкен ғұндардың қалалары жөнінде жазба деректер өте сараң кездесе­ді. «Ғұндардың тұңғыш астанасы – Үрімші қаласы. Олар ежелде жыл сайын белгілі бір уақытта Үрімшіге жиналып, Аспан, Жер және ата-баба рухына арнап құр­бандық шалып, ас берген», дейді түрік ғалымы. Моңғолия археологтері өз жерінде 220 қаланың орнын тапса, Байқалдан 20 қаланың орны шықты.

Ресей Ғылым академиясы Сі­бір бөлімшесі Археология және эт­нография институтының аға ғы­лыми қызметкері Евгений Богда­нов Маңғыстаудағы ғұн дәуірінің Алтынқазған жерлеу-ғұрыптық кешені мен Қарақабақ порттық қала жұртындағы зерттеулер­мен бөлісті. Алтынқазған кешенін­де 130 гектар аумақта ІІІ және VІ ғасырға жататын жерлеу орнынан ер адамның сәнделген белдігі мен ат әбзелдері, қымбат тастардан жасалған әйелдердің сәндік бұйымдары табылды. «Қарақа­бақ посты ІІІ-VІ ғасырларда Маң­ғыстау түбегінен Еділ бойы­на өтетін сауда және қолөнер қа­ласы болған. Осы қалада Арал мен Кас­пий, Еділ бойы көшпелі ха­­лық­тарының қажеті үшін қол­өнер­шілер мен зергерлер түрлі бұ­йымдар жасаған. Қарақабақ пен Алтынқазғанға металл бұ­йымдар сырттан әкелінбеген. Ат­тың ері, жүгені және басқа да әб­­зел­дері, ақсүйектер белдігін жер­гі­лікті шеберлер жасаған. Қа­ра­қабақтың айналасында Жайық, Еділ, Солтүстік Қара теңіз бойы халықтары­мен тығыз байланыс­та өмір сүр­ген тайпалар тіршілік етті. Қала қол­өнершілері түрлі ор­ганикалық қос­паларды пайда­лана отырып, қым­бат метал­дарды ал­мастыратын жұ­қа құймалар жасаған. Оған дәлел, Қарақабақтағы он жер­леу ор­нынан шыққан жүздеген жұқа мыс пластинка сынықтары. Ше­бер­лер киімге жапсырылған асыл тастар күнге шағылысқан­да ерекше жалтырауы үшін астынан жұқа жапсырма өткізіп, тас­тың жарқырауын күшейткен. Қол­өнершілер өте жұқа пластин­ка­лар­ды пайдалануды Византия шебер­лерінен үйренуі мүмкін. Мұндай сәндеу үлгісі сол замандағы шы­ғыс­еуропалық бұйымдарда көп кез­деседі. Археологиялық ол­жа­­ларға қарап, ІІІ және VІ ға­сыр­­­лар арасында Маңғыстау тү­бегі арқылы Византиямен бай­ла­ныс орнады деп айтуға негіз бар. Алтынқазған обасынан та­был­ған күмістен жасалған төрт сән­дік бұйым Еділ бойынан та­был­ған бұйымдармен бірдей. Со­ған қарағанда Алтынқазған ді­ни жо­ралғы өткізетін орын бол­ған. Бұл жерде тайпаның атақ­ты көсемі жерленуі мүмкін. Зия­рат етуге кел­гендер өздері­мен бір­ге қым­бат бұйымдар әкеліп, көсем­нің рухына сыйынған деген бол­жам бар. Қарақабақты ғұн­­дар мекен­демеген. Бірақ осы жер­дегі қо­лөнершілер ғұндар­дың қолдауына ие болған», дейді Е.Богданов.

 

Сауда және су көздері үшін тартыс

Моңғол ұлттық университе­ті архео­логиялық зерттеулер орта­лы­ғының директоры Цагаан Төр­бат Тамир өзенінің жағасындағы Улаан хощуу обасынан табылған қаңлылардың қыш ыдыстары туралы баяндады. «Моңғолияда­ғы ғұн қалалары 2000 жылдан бастап зерттеле бастады. 2023 жылы 82 қорған қазылды. Тамир Улаан хошуу, Угий-Нуур сум, Архангай аймағында ғұндардың 400 тас қорғаны анықталды. Осы ескерткіштер жыл санауымызға дейінгі І ғасыр мен жыл санауы­мыздың І ғасырына жатады. Оба­ларда жануар сүйектері өте сирек шық­ты, бірақ керамикалық заттар көп кездесті. Тамир өзенінен 60 ша­қырым жерде үш мың ғұн жер­ленген қорым табылды. Соң­­ғы үш жылдан бері осы қо­рым­­ның солтүстік-батыс жағы зерт­­теліп жатыр. Қазба кезінде қаң­лы мәдениетінің көрінісі – түр­лі пішіндегі құмыралар көп­теп шықты. Құмыралар І ғасыр­да Жібек жолы бойындағы ең өтім­­ді тауарға айналған. Ғұн­дар­­дың көршісі қаңлылар жыл сана­­уы­мызға дейінгі І ғасыр со­ңында Хань әскерінен ығысып, Жеті­суға қарай кетті де, Талас өзе­ні­нің бойында қоныстанды. Жыл сана­уымызға дейінгі 36-шы жылы Талас өзені бойында Хань әске­рімен болған шайқас тарихтан бел­гілі. Сол кезеңде ғұндар да қаңлы­лармен бірге көшті», дейді моңғол археологі.

Конференцияда Ә.Марғұлан атындағы Археология институ­ты­ның директоры Ақан Оңғарұлы жақында Самарқанд қаласында құрылған Түркі әлемін зерттеу ассоциациясы көрші елдердің ғы­лыми байланысын күшейтеді деген пікір айты. Өзбекстан ҒА Археология ұлттық орталығы­ның аға ғылыми қызметкері Рахман­али Муродалиев Ферғанадағы Суфан қорымындағы ғұн обалары жөнінде әңгімеледі. Орталық Азиядағы халық ең тығыз қоныс­танған, бір шеті қырғыз, бір шеті тәжік елімен қанаттасып жатқан Ферғана аймағында бүгінде 20 миллионнан астам адам тұрады. Ферғана –ежелгі Ұлы Жібек сауда жолының бір нүктесі. Бұл жаққа да сауда жолын бақылауда ұстау үшін ғұн жасағы келген. Бірақ көп емес, өйткені, Әмударияның сол заманда Каспийге құятын арнасы тоқтаған. Өзеннің бағыты өзгерсе, судың бойын жағалайтын сауда жолы да үзіліп қалғандықтан көшпелі тайпалардың аса қызы­ғушылығы болмаған сияқты.

«Ферғанада кейінгі ғұн дәуі­рінің 50-ден астам обасы табылды. 2016 жылы Ферғана облысының оңтүстік-шығыс жағындағы Су­фанда ІІ ғасырдың соңғы шире­гіндегі халықтардың ұлы қоныс аудару кезеңінің обасы табылды. Мұнда екі адам жерленген: төр­де қожайыны, аяқ жағында қыз­метшісі болуы мүмкін. Батыс­тан шы­ғысқа қаратыла жер­лен­­­ген төр­дегі адамның басы жоқ. Бас­­сыз жерленген адам Таш­кент­тен Ферғанаға келген ғұн жауын­гері болуы мүмкін», дейді Р.Муродалиев.

 Жыл санауымызға дейін Хань империясымен жер үшін қақ­тығысқа түсіп, шығысқа жылжи отырып, Арал, Каспий, Еділ, Қара теңіз бойы мен Еуразия дала­сын­дағы ірі өзендердің аңғар­ларын, Ұлы Жібек жолы бо­йын­дағы ірі порттарды, сау­да нүк­телерін, кер­уен жолдарын ба­қы­­лауда ұста­­ған қуатты ғұн им­­периясының қо­ғамдық-сая­си құ­рылысы, экономикасы, мә­де­ниеті, таным-түсінігі туралы жүйелі зерттеулер керек. Өйткені әлем ғалымдары ғұндар­ды жабайы, қанқұмар халық ретін­де пікір қалыптастырып, зерттеу­де селсоқтық танытып келеді. Ғұн­дар көп ашыла бермеген халық. Олардың бір жұмбағы геоглиф­терінде жасырынған. Сол заманда ұшқан құстың көзімен ғана бай­қалатын геоглифтерді қандай геометриялық дәлдікпен салғаны қызықтырады. Арқаның даласында, әсіресе Торғай жерінде жиі кездесетін қазақтың ою-өрнегіне ұқсас сан түрлі пішіндегі геоглифтер қандай мағына береді? Осы таңбаларда болашаққа жазылған ғұндар аманаты жасырынған ба? Ғұн жазуының құпияларын қа­зақтың ою-өрнектерінен табамыз ба? Бұлай деп айтуымызға моң­ғол археологтері Тамир өзені бойындағы обадан тапқан ауыр металдар қоспасынан әзірленген мөрдегі ою түріндегі жазулар себеп болды. Бірінші ғасырдан бері жер астында шірімей сақталған ауыр мөрдегі таңбаларды моңғол архео­логтері оқи алмаған.

Жасақтың бес қаруын соққан металлургиялық пештері, ірі қала­лары, дәнді дақылдар өсір­ген егіс алқаптары, өзендер бойын­дағы қора-қора қой, табын-табын жылқылары жайылған, әрі ше­карадағы сауда жолдарын бақы­лауда ұстап, күшті империя құр­ған ғұндардың мемлекеттік құры­лымы, ортақ тілі, жазу таңбасы қандай болды деген сұраққа жауап іздеген жөн.

 

Ақтөбе облысы