Тағзым • 29 Қараша, 2023

Өмірінің өзі миф...

223 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Ұлан-ғайыр қазақ даласының бір түкпірінде қоларбада отырып компьютерге үңілген, етпеттеп жатып арғықазақ мифологиясын зерттеген Серікбол Қондыбай есімі баршаға таныс. Таныс қана емес, есімінің өзі аңызға айналды. Өмірінің өзі мифке ұласты.

Өмірінің өзі миф...

Ол 2000 жылдардың басында қазақ әдебиеті мен мәдениетіне, тари­хына, география ғылымы мен ұлт этнографиясына, философия­сына, руханиятына орасан еңбек сіңіріп, өзгеше құбылыс болып енді. «Қазақ мифологиясына кіріс­пе», «Қазақ даласы және гер­ман тәңірлері», «Есен-қазақ», «Гипер­борея: түс көрген заман шежі­ресі» және төрттомдық «Ар­ғы­қазақ мифологиясы»... Оның қысқа ғұмырына сыймайтын осыншама ғаламат мұраның зерттеліп, жазылуы да аңызға бергісіз еңбек.

Ұлттық болмысымыздың түпкі тамырына қатысты кей­бір мәселелерге, түркі дүниесі құнды­лық­­тарының шығу төркініне, есте жоқ ескі замандағы ата-баба­ларымыздың дүниетаным көк­жиегіне тың ізденістермен тал­дау жасаған этнограф, пуб­лицист Серікбол Қондыбайдың биыл 55 жылдығы атап өтіліп жатыр. Осыған орай Ұлттық музейде ғалымның мерейлі датасына арналған «Ғылымда өшпес із қалдырған» атты естелік дөңгелек үстел өтті.

Ұлттық музей директорының ғылыми жұмыстар жөніндегі орынбасары, тарих ғылымдары­ның докторы Ақмарал Ибраева, ең алдымен, аңыз тұлғаның шығар­машылықтағы жан-жақтылығына тоқталды.

«Серікбол Қондыбайды зиялы қауым «қазақтың екінші Шоқаны» дейді. Өйткені оның ғұмыры тым қысқа болды. Бірақ бар өмірін қазақтың тарихы мен мәдениетін, салт-санасын жаңғыртуға арнады, аянбай еңбек етті. Серікбол ағамыз – өлкетанушы, тарихшы, мәдениеттанушы, географ және геоморфолог, этнограф әрі пуб­лицист болған сан қырлы ғұлама ғалым», деді ол.

Іс-шара барысында Серікбол Қондыбайдың өмірі мен шығар­машылығына арналған бейнежазба көрсетілді.

Дөңгелек үстелге арнайы келген С.Қондыбай атындағы мемориалдық музейдің ғылыми қыз­мет­кері, ғалымның туған әп­кесі Балсұлу Қондыбай бауы­ры­ның өмірі, қайсар мінезі, басына түскен қиындықтарға төтеп бергені туралы айтты.

Ал ақын, журналист, Л.Н.Гу­милев атындағы Еуразия ұлттық университетінің доценті, филология ғылымдарының кандидаты Оңайгүл Тұржан тау-тұлға туралы естеліктерімен бөлісіп, ғылымға қосқан үлесі жөнінде ой бөлісті.

Сондай-ақ «Otuken.kz» сайты­ның бас редакторы, философия ғылымдарының кандидаты, мәдениеттанушы Зира Нау­рыз­баева Серікбол Қондыбайдың «Қазақ мифологиясы» атты ең­бегіне тоқталып, философиялық қырын талқылады.

«Әрбір бет – жаңалық, әрбір бет – жаңа концепция. Кей кезде 2-3 сөзде кәдімгідей әлемде қалыптасқан ғылыми теорияны төңкеріп, бір-екі жол жазбамен көзқарасты түбегейлі өзертетін», деді мәдениеттанушы.

Н.Назарбаев университетінің ассистент-профессоры, филология ғылымдарының кандидаты Жанар Байтелиева ғалым мұ­расын зерттеу жөнінде баяндап, түрлі мамандықта оқитын сту­дент­тердің мифологияға қызығу­шылығы жөнінде сөз қозғады.

Ал Тарих ғылымдарының кандидаты Қарлығаш Ерғазы Серік­бол Қондыбайдың еңбек­теріне қатысты талдауын ұсынып, ғалымның этнографиялық мұ­расына кеңінен тоқталды.

Аңыз-адамның басты іргелі еңбегі «Арғықазақ мифологиясы» – қазақ тарихындағы санаулы олжаның бірі. Ғалым мұнда қазақ ғылымында кешенді зерттелмеген мифология тақырыбына тұңғыш рет қалам тартады. Сонау ескі заманның тереңіне бойлап, індете зерттейді. Гуманитарлық саладағы түрлі бағыт-бағдар, әдіс-тәсілдің арасынан ең тиімді­сін таңдап алып, әсіресе шетел ғалым­дарының өміршең идеяларын дөп басып қолдады, оларды тармақтата таратып, ізденісін жалғастырды. Алыс ауданда жат­қандықтан, ғылым-білімнің тере­ңіне еркін бойлай алмағанына өкініш білдіре отырып, идея-болжамдарын дәлелдеу барысында кемшін тұстарын ашық мойындады, қажет тұстарда қайта қа­рап, өзгертіп, жетілдіріп отырды. Этнограф Ақселеу Сейдімбектің «Серікбол Қондыбай қазақ тарихын иісі түркі тарихының, түркі тарихын жалпыадамзаттық тарихтың құрамдас бөлігі ретінде зерделеді. Нәтижесінде, қазақ тарихының философиясы деп аталатын ғылым саласының бағыт-бағдары анағұрлым айқындала түсті», деуі де осыдан шығар.