Сенат • 30 Қараша, 2023

Фольклорымызды заманауи форматта көпшілікке жеткізу қажет – сенатор

130 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Сенат депутаты Руслан Рүстемов жастардың бойына руханиятымыз бен салт-дәстүрімізге негізделген құндылықтарды сіңіру мәселесіне қатысты Үкімет басшысына сауал жолдады, деп хабарлайды Egemen.kz Жоғарғы Палатаның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Фольклорымызды заманауи форматта көпшілікке жеткізу қажет – сенатор

Депутаттың айтуынша технология алға озған сайын, балаларымыз салт-санамыздан алыстап барады. Балаларға үлгі ретінде ұлттық фольклор кейіпкерлеріне негізделген бейнелерді белсенді түрде қалыптастырып, насихаттау қажет.

Балаларға арналған ұлттық сапалы шығарма-туындылар топтамасының жетіспеушілігі де байқалып отырғанын айтқан сенатор балалар театрларының аздығына және олардың репертуарында ұлттық фольклорға негізделген қазақ тіліндегі қойылымдарының жоқтығына да тоқталды.

«Бірен-саран қойылымдардың өзі ескірген, тартымдылығы аз. Осы ретте оқу орындарын аяқтап жатқан жас режиссерлар, драматургтер, креативті индустрия өкілдері отандық балалар драматургиясына баса назар аударғаны жөн. Әдебиетімізде, фольклорымызда тақырып та, мазмұн да, контент те әбден жеткілікті. Тек оны заманауи форматта көпшілікке жеткізу қажет», деді сенатор Р.Рүстемов.

Депутат осыған байланысты Үкімет басшысына ұлттық контентті қалыптастыру мәселелеріне стратегиялық тұрғыда мән беруді, сондай-ақ театрлар құрылысын салу мен балалар мұражайының ашылуына қолдау жасауды ұсынды, айтуынша, әлемдегі дамыған елдер балалар музейі саласын құндылықты дәріптеудің кешенді құралына айналдырған.