Ұлттық спорт • 30 Қараша, 2023

Самғады қыран, жүйткіді тазы

171 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Бозала таңнан Бозанбайға ағылған елде есеп жоқ. Жүйрік ат десе делебесі қозып тұратын қазақ елі қыран ұшып, тазы жүгірген күні жатсын ба? Бекзат өнерді насихаттауға бағыт­­талған дәстүрлі фестивальда биыл Ресей, Моңғолия, Қытай, Қыр­ғызстанның қыран баптаған құсбегілері де бақ сынасты. Осылайша, Ұлан ауданында үшінші жыл қатарынан ұйымдастырылып келе жатқан бүркітшілер байқауы халықаралық деңгейдегі іс-шараға ұласты.

Самғады қыран, жүйткіді тазы

Суретті түсірген – автор

Бозанбайдың кіреберісіндегі Бүркіттөбенің бөктеріне қаз-қа­тар киіз үйлер тігіліп, қазан кө­терілді. Аңқылдаған қазақтар түлкі тымақ, қасқыр ішік, саптама етік киіп, саңқылдаған құстарын көтеріп, алшаң басып келе жатты. Күн райының боран-шашынына, аңызақ желіне қарап тұрған жұрт жоқ, еңбектеген баласынан еңкейген кәрісіне дейін сайысқа түскен бүркітшілерге қолдау көр­сетіп, қиқу қосып жүрді. Ең­бектеген бала демекші, бүркіт көтерген бес жасар баланы көріп, тіл-көзіміз тасқа дедік. Кәдімгідей жеті-сегіз келі тартатын қыран құсты қолына қондырып, ел ішінде жүр. Ат арытып жеткен ту­ристер асықтай ұлмен суретке түсіп мәз.

– Ұлым Әбдірашидті бүркітші болуға баулып жүрмін. Қыр-сы­рын үйренсін. Бес жаста болса да саятшылыққа қызығады. Жал­пы, құсбегілік дәстүр ұлға атадан мирас болып қала берген ғой. Сондықтан баламды ұлттық өнердің исі шыққан іс-шараларға алып барып жүремін, – дейді кішкентай бүркітшінің әкесі Мамырхан Манайұлы.

Биылғы шараның ерекшелігі, «Шығыс салбурын-2023» фести­валінде құсбегілер ғана бақ сынас­пады. Сонымен қатар тазы жү­гірткен саятшылар, асау құрық­таған атбегілер, құралайды көзге атқан садақшылар да бабы мен бағын байқап көрген. Бір күн бұ­рын іріктеуден өткен қыран құс­­тың нағыз сынға түсер сәті бас­тал­мас бұрын облыс әкімі Ер­мек Көшербаев пен іс-шараны ұйым­дастырушылар жарыс жолына шыққандарға сәттілік тіледі.

– Бұл – көне заманнан келе жатқан қазақтың өнері, дәстүрі. Ата-бабамыз құс салып, тазы жү­гіртіп, аңға шыққан. Сол за­мандағы дәстүрді ұмытпауымыз керек. Алыс-жақын аймақтардан, шетелдерден бүркітшілер келіп жатыр. Бәріне сәттілік тілеймін! Осындай үлкен іс-шараға қолдау білдіріп, ұлт руханиятын түгендеп жүрген Мұхтар Тойбазаровқа алғыс айтамын, – деді облыс басшысы Ермек Беделбайұлы.

Иә, рухани мәні бар шараның халықаралық деңгейге көтерілуіне үлкен үлес қосқандардың басында белгілі кәсіпкер Мұхтар Тойбазаровтың тұрғаны даусыз. Ал Бозанбайдың төңірегінде бүркітшілер байқауын дәстүрлі түрде өткізіп тұру идеясы әуелде Нұрхат Тоқтарханов пен Нұртай Тілеужан ұсынған. Ұсынып қана қоймай білек сыбана кіріскен. Бозанбайға тоқталған себебі, бұл ауылдың құс ұшыруға гео­гра­фия­лық жағы қолайлы. Оның үстіне, облыс орталығынан қа­шық емес. Екіншіден, мұнда этно­туризмді дамыту жобасы қолға алынған. Ауылға Моңғолиядан қоныс аударған құсбегі Маркс На­житбанның отбасы ұмыт бола бастаған ата дәстүрді жаңғыртып отыр. Ең бастысы, Бозанбай ауы­лында Өзбек Манапов деген бүр­кітші әккі бүркітші болған. Ол туралы сонау Жапониядан келіп, де­­ректі фильм де түсірілген екен. Қалай алсақ та, Бозанбай ауылы бүркітпен байланысты. 2021 жылы тұңғыш өткен «Шығыс сал­­бурын» фестиваліне Ұлан мен Үр­­жар аудан­дарының құсбегілері ғана қатысса, биыл алыс-жақын шет­­елдерден келді. Бар-жоғы үш жыл ішінде халықаралық деңгейге жетті.

Бөктерге домалана қалған ақ­шаңқан киіз үйлердің ішінде ақ дастарқан жайылып, ұлттық тағамдар ұсынылды, әр ауданның шеберлері қолөнер бұйымдарынан көрме жасады. Далада жарыс қызығында жүрген жұрт ара-тұра киіз үйлерге кіріп, ыстық шай, тәтті бауырсақтан дәм татып, бойын жылытты. Ал құстарды қоян­ға салған сәтте елдің бәрі жел мен қарды елемеді де. Сонау иық­тан жіберген қыран қалықтап келіп, қашқан қоянды ілгенде мұқым халық қол соғады, қиқу қо­сады, бүркітшіге мақтау айтады. Шабуыл сәтсіз аяқталса және шуласады. Қаршыға, ителгі құс­тарының аңға түскені тіпті қызық. Ұшқан оқтай көктегі кө­гершінге атылғанда бұрқ еткен мамығын ғана көресің. Секунд. Бүркітке қарағанда қаршыға, ител­гі көздеген аңын мүлт етпей қағып түсіреді. Ал бүркіт ірі аңдарға түсе­тінімен ерекше.

– Қолымдағы бүркіт елік ал­ған. Өзім ауылдан қалаға келген соң құсбегілікке қызығып, бүркіт ұстап жүрмін. Жарысқа жүлдеден гөрі ата-баба дәстүрін насихаттау үшін қатысамын, – дейді Алматы облысынан келген бүркітші Аружан Амангелдіқызы.

Сонымен екі күнге созылған «Шығыс Салбұрыны-2023» халық­аралық турнирінің қоры­тын­дысына қарасақ, бүркіт құ­сы бойынша бірінші орынды Алматы облысынан келген Ал­мас Сейітжан қанжығасына бас­ты. Екінші және үшінші орын­ның жүлдесін Жамбыл об­лы­сынан келген құсбегілер әкетті. Ал жүлделі төртінші орынды Шығыс Қазақстан облысы Риддер қаласының құсбегісі еншіледі. Құрыш құйған қалада қыран өсіріп отырған Жұмағұл Ерсұлтанның ұлт руханиятына үлес қосып отыр­­ғаны көпшілікті тәнті етті. Қаршыға ұшырғандардың ішінде бірінші, екінші орынды Шығыстың құсбегілері Ғалым Самғат пен Ермұхан Бәйетбай алды. Ал жүл­делі үшінші орын Алматыдан келген Аян Сейітжанға бұйырды. Ителгі ұшырудың жүлдесін де қазақстандық құсбегілер тақымға басып қалды.

Бұдан соң қалың турист тазы жүгірткен саятшылар мен асауды ауыздықтаған атбегілердің өнерін тамашалады. Құрық түспеген шу асауды құлақтан басып, тақымға қысқан жігіттердің жауынгерлік рухын сезінді, білемін. Жер тарпып тұрған тарпаңдардың белі қайқаң етіп, лақтырып келіп жіберсе де ұшып тұрып, жалға жар­масқан жігіттерге қарап, бас шайқасты. Ауылда асауға ауыздық салып жүрген қазақтың қайсар жігіттері, әсіресе асфальтта өскен туристерге ерекше әсер етті.

– Кинодан көріп жүрген ков­бойлар бұл жігіттердің қасында түк емес екен ғой. Шын таң­ғалдым. Мұндай эмоция аламын деп ойлаған жоқпын. Қыран құс көтеріп көрдік, атқа міндік, садақ аттық. Асау үйретіп, тазы жүгірткендерді көрдік. Қазақ ұлтының баба дәстүрін сақтап келе жатқанына көзіміз жетті. Нағыз рухты, нағыз мықты халық, – дейді саяхатшы Олег Мартынов.

Садақ атудан жарысты «Өс­кемен садақ ату» орталы­ғы­ның же­текшісі Ажар Рахмет­қы­зы ұйым­дастырып, туристік агенттіктер демеуші болды. Шығыстың садақ ату спортына қолдау көрсету үшін Ал­маты облысының «Mergender ordasy» дәстүрлі садақ ату фе­де­ра­циясының президенті, халық­аралық дәрежедегі төреші Мұх­тархан Абаған, Алматы қа­лалық «Deshti Qipshaq» дәстүрлі садақ ату феде­рациясының пре­зиденті Жүкейхан Дүйіскенұлы арнайы келді. Жалпы, жүзден аса адам адырна тартып көріп, оның сексен мергені сайысқа қатысты.

Екі күнге созылған іс-шара со­ңында Қазақстанның «Құс­бегілік» федерациясының вице-президенті Бағдат Мүптекқызы облыс басшылығына, турнирді ұйымдастырушыларға үлкен алғы­сын білдірді. Дәстүрге айналған турнир алдағы жылы бұдан да жоғары деңгейде өтетініне сенім білдірді

аа

аа

аа

аа

 

Шығыс Қазақстан облысы,

Ұлан ауданы,

Бозанбай ауылы