Саз колледжінің 1-курс студенттеріне ЖИТС орталығының дәрігер-эпидемиологі Ұлпан Байділдаева аурудың таралу жолдары мен одан қалай сақтану керек екенін жан-жақты баяндап берді.
Маманның айтуынша, Қазақстан бойынша бүгінгі таңда АИТВ-мен ауыратын 50 544 науқас тіркелген. Шымкент қаласында кесел жұқтырғандар саны 2 447 болып есептік тіркеуде тұр. Олардың басым бөлігі – 15-49 жас аралығындағы азаматтар. Дәрігер баяндамада АИТВ-ның өте жасырын жүретін ауру екенін айтты. Бұл ретте бұрынғы түсініктер мен көзқарастар қазір ескірген. Баяғыда нашақорлар, жезөкшелер бұл аурумен ауыратын дейтін. Қазір керісінше қоғамда түрлі салада жүрген қарапайым азаматтар да жұқтырып алып жатыр. Тіпті стерильді заттармен жұмыс істейтін медицина мекемесінің қызметкерлерін де бұл кеселден жүз пайыз сақталған дей алмаймыз. Маманның мәлімдеуінше, бұрын тамырына ине салатын нашақорлар қазір синтетикалық заттарға өтіп кеткен. Жеңіл жүрісті қыз-келіншектер де қатаң есепке алынған. Сондықтан адамзатқа қауіп төндіріп тұрғаны – кездейсоқ болған жыныстық қатынастар мен абайсызда қан арқылы жұқтырып алу.
«АИТВ-дан сақтанудың жалғыз жолы – қорғанышсыз жыныстық қатынасқа бармау. Сонымен қатар егер күдік пайда болған жағдайда дереу ЖИТС орталығына барып, анонимді түрде АИТВ-ға қан тестін тапсыру. Өйткені ауру тез анықталған сайын адамның вирусты бойында тежеп ұстауына және өзгелерге білместікпен ауруды таратып жібермеуіне көбірек мүмкіндік пайда болады. АИТВ-мен тек қана жастар, үлкендер ауырады деу де қате пікір. Абайламаса, кез келген жастағы адам кеселді бойына жұқтырып ала алады. ЖИТС орталығында мынадай бір жағдай болды. 82 жастағы қария баласының қояншығы ұстағанда тілін тартамын деп қолын жарақаттап алады. Сол кезде баласынан қан арқылы АИТВ жұғып кеткен. Оны кейін қан тестінде анықтады. Сондықтан денсаулыққа немқұрайлы қарауға болмайды. Мүмкіндігінше сақтық шараларын сақтаған жөн. Әсіресе бұл аурудан бейхабар жастар үшін мұндай семинардың маңызы өте үлкен. Негізгі мақсат – өскелең ұрпақтың денсаулығын сақтау, АИТВ-ның жастар арасында таралып кетуіне жол бермеу», деді эпидемиолог дәрігер Ұ.Байділдаева.
Өз кезегінде маман аурудың негізгі белгілері туралы да жастарға бірсыпыра баяндап өтті. Вирус адам бойына енген соң алдымен лимфаға түседі. Ауру бірден білінбейді. Оның клиникалық белгілері 2 апта немесе 3 айдан кейін анық болады. Біріншіден, адамда әлсіздік пайда болады. Содан соң қолтығының астындағы шатында, мойнында лимфатүйіндер ісініп шығады. Әрі қарай бір айдан аса уақыт бойы адамда дене қызуы түспей қояды. Тершеңдік пайда болады. Таңертең ұйқыдан оянғанда төсегі намданып тұрады. Сосын екі аптадан көп уақыт іш өтуі тоқтамайды. Қайта-қайта іш өте берген соң да адам тез азып кетеді. 10% салмақ жоғалтады. Егер дер кезінде қаралмаса, иммунитеті түсіп, туберкулез немесе пневмония жұқтырып алу қаупі жоғарылайды. Осы ретте дәрігер ЖИТС-пен ауыратындардың 90%-ы туберкулез, пневмониямен зардап шегеді деген қорқынышты статистиканы келтірді.
Сондай-ақ маман вирус бастапқыда АИТВ сатысында болатынын, негізгі міндет осы қалыптан тайдырмай ЖИТС-ке жеткізбеу қажеттігін жастарға түсіндіріп өтті. Егер ЖИТС-ке ауысқан жағдайда адамға ешқандай ем көмектеспейді. Сол себепті белгіленген ретровирусқа қарсы препараттарды схема бойынша қолдану қажет. Осы жерде дәрігер нақты бір мысалды айтып берді. ЖИТС орталығына көзіне теріскен шыққан жас жігіт келеді. Оған орталық мамандары дәрілерді үзбей ішу керектігін ескерткен. Алайда олардың кеңесіне құлақ аспайды. Содан 11 айдан кейін қайта келеді. Бірақ бұл жолы жігіттің кішкентай теріскені асқынып, көзі көрмей қалған жағдайға дейін жеткен. Яғни вирус күшейіп кетіп, АИТВ-дан ЖИТС-ке ауысып кеткен. Бірақ өкініштісі мұндай жағдайда ешқандай емшара адамға пайдасын бермейді. Сонымен бірге маман анықталған ауру құпия сақталатынын жеткізді. Тіпті ерлі-зайыптының біреуі ауырып қалса, оны жұбайының көзінше жарияламайды. Сол үшін құпия ақпаратты әдейі тарату, мазақ ретінде әлеуметтік желіде жариялау болмаса ауру екенін біліп тұрып, өзгелерге қасақана жұқтыру Қылмыстық кодектстің арнайы баптарымен заң алдында жазаланатынын дәрігер еске салып өтті. Сондықтан ауру анықталған науқастан бірінші күні құпиялылықты сақтау, ауруды таратпау туралы талаптарға келісетіні жайында қолхат жаздырып алады. Іс-шара барысында семинарға қатысқан колледж студенттері ерікті түрде АИТВ-ның қан тестінен өтті. Сондай-ақ Саз колледжінің шәкірттері АИТВ-ға байланысты өздерін қызықтырған немесе мазалаған сұрақтарына жауап алды.
Қалалық ЖИТС орталығы жыл басынан бері жоспарға сәйкес шаһардағы барлық мекемеде түсіндіру жұмыстарын өткізіп келеді. Мемлекеттік және жекеменшік емдеу мекемелерінде жылына 3-4 рет кездесу ұйымдастырады. Сол секілді білім ошақтарында да әр жыл сайын жастармен кездесіп тұрады. Сондай-ақ ЖИТС орталығында Достастық кабинеті мен Сенім бекеті бар. Ол жерде азаматтар жасырын түрде АИТВ-ға экспресс-тест немесе басқа да жыныстық жолмен берілетін ауруларға қан сынамасын тапсырып, кейін ашық түрде тегін дәрілер алып тұруына болады. Бұған қоса медициналық мекемелерде байқаусызда болатын жарақаттану жағдайларынан кейін алдын алу шаралары жүргізіледі. Ол жанасудан кейінгі профилактика деп аталады. Алдын алу шарасын ЖИТС орталығының мамандары атқарады және де жанасудың алдында болатын профилактика бар. Мұнда үнемі тұрақсыз жыныстық қатынасқа түсіп жүрген азаматтар орталыққа келіп, АИТВ жұқтыру қаупін азайтатын арнайы препараттар қабылдап, профилактикалық терапиядан өтеді.
Семинар соңында іс-шараның өтуіне мұрындық болған қалалық №13 емханаға қарасты Жастар орталығының менеджері Жанат Өтемісова осы мекеменің жұмысы жөнінде де қысқаша баяндап берді.
«Қалалық денсаулық сақтау басқармасының №12 бұйрығына сәйкес 10-18 жастағы балалар мен жасөспірімдерге, 35 жасқа дейінгі жастарға репродуктивтік, психологиялық көмектер көрсету бойынша жұмыс жүргіземіз. Жалпы, Шымкентте 5 жерде Жастар орталығы медициналық қызмет көрсетеді. Атап айтқанда, №10, 6, 7, 13 емхана мен «ДауМед» клиникасында осындай Жастар орталықтары бар. Орталықта психолог, гинеколог, уролог сынды дәрігер мамандар келушілерді қабылдайды. Бөлек тіркеу орны ашылған. Және 56-04-32 сенім телефоны орнатылған. Осы нөмірден кез келген жас құпия түрде өзін мазалаған сұраққа жауап ала алады. Әсіресе анонимді түрде жыныстық қатынас арқылы берілетін аурулар бойынша уролог, гинекологтерден келіп кеңес алып кетеді. Мекемеде жастарға тренингтік кабинеттер де қарастырылған. Тек арнаулы, жоғары оқу орындарының студенттері емес, Жастар орталығы аумағына қарайтын кез келген жасқа өзіне керекті кеңес алуына немесе нақты қан сынамасын тапсырып кетуіне болады. Бұған қоса орталыққа 6 мектеп қарайды. Орталық мамандары тұрақты түрде оқушыларға медицина тақырыбында түрлі семинарлар өтіп тұрады. Жыл басынан бері 4 286 жас осы орталықтағы білікті дәрігерлерге қаралған», деді Жастар орталығының жетекшісі Ж.Өтемісова.
ШЫМКЕНТ