Коллажды жасаған –Зәуреш Смағұл, «ЕQ»
Азаматтығы жоқ адам деген қоғамдық мәртебесі мен әлеуметтік мүмкіндігі төмен, шығар да шықпас жаны бар, шырылдаған бір бейбақ десеңіз де болғандай. Олай дейтініміз – жуырда біреу WhatsApp-та бір топқа сыртымыздан қосып қойыпты. Ашып қалсақ, ондағы ағайынның «ашынғаннан шығады ащы даусы». Күндіз-түні дамыл жоқ, шыр-шыр етеді.
Бақсақ, шетелден келген қазақтар «Қандас» мәтебесін ала алмай зар илеп жатыр. Жиыны – 300-ге жуық, бір қауым ел. Күнде сол қауқылдасып, мұңдасатыны – «қандас» мәртебесі. Яғни «мәртебесіз» қалған қазақтар. Бізді топқа қосқандағы мақсаты да сол базынамыз баспасөз бетіне шықса, жоғарыдағы жоралардың құлағына жетер ме екен деген тілек. Сонымен, ағайынның жанайқайын естіп, жай жата алмадық.
«Қандас» мәртебесі – шетелден жаңа көшіп келген қазақтарды құжаттандырудың алғышарты. Сол куәлік арқылы тарихи Отаны – Қазақ елінің әлеуметтік игіліктерін көре алады. Онсыз ештеңе өнбейді. Азаматтық немесе ықтиярхат алу үшін де әуелі осы құжатты алуға тиіс. Бұл бұрын «Оралман куәлігі» деп аталатын. 2019 жылы 19 қыркүйекте Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Egemen Qazaqstan» газетіне берген сұхбатында: «Қоғамдық пікірге қозғау салған отандастар мәселесін қолдан саясаттандыруға болмайды. Шетелдегі қандастарымызды «оралман» деген сөзге мен қарсымын. Атамекенге қайтару ісі ешқашан назардан тыс қалған емес, қалмайды да. Әлемнің түкпір-түкпіріндегі қандастарымыздың басын туған жерде біріктіру – біздің парызымыз», деген еді. Осыдан кейін осы құжаттың атауы «Қандас» мәртебесі деп өзгертілген. Сонымен бірге бұрынғы қаптаған қағазбастылық пен бұғаулы бюрократиядан біршама босап, құжаттың берілу тетігі де жеңілдетілген еді. Алайда бүгін содан ши шығып тұр. Атауы өзгергенмен, зардабы өзгере қоймаған тәрізді.
Әуелі Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің берген мәліметіне құлақ түрсек, 2023 жылғы 1 қарашадағы жағдай бойынша 17 903 қазақ тарихи Отанына оралып, «қандас» мәртебесін алыпты. Яғни 18 мыңдай адамға «қандас» мәртебесі берілген, ал әзірге бұған қол жеткізе алмай жүргендердің статистикасы жоқ. Жалпы, 1991 жылдан бері елге 1 млн 124,9 мың қазақ оралған.
Азаматтық алудың сергелдеңі
«Қандас» мәртебесі бірден берілмейтін бір себебі – Көші-қон заңында «белгіленген өңір» деген қағидат бар. Яғни Үкімет белгілеген өңірлерге көшкен қандастардың құжаты тез бітіп, игіліктерге қол жеткізеді. Мәселен, қазір шетел қазақтарын қоныстандыруға еңбек күші тапшы Ақмола, Абай, Қостанай, Павлодар, Шығыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан қатарлы бес облыс белгіленген. Аталған өңірлерге 2023 жылға арналған қандастарды қабылдау квотасын 2 337 адамға беру жоспарланған. Әзірге онда 1 870 адам қоныстаныпты. Бұған қоса қоныстандыруға субсидия түрінде мемлекеттік қолдау бойынша отбасының әрбір мүшесіне 70 АЕК (241,5 мың теңге) көлемінде, тұрғын үй жалдауға және коммуналдық төлемге бір жыл ішінде 15-тен 30 АЕК (51,7-ден 103,5 мың теңгеге дейін) көлемінде бір реттік көмек беріледі.
Бұған қатысты қандастар мәселесінің маманы, қоғам белсендісі Ауыт Мұқибек бастама көтеріп, мәселенің оң шешім табуына атсалысып жүр. Оның айтуынша, шетелден келетін қазақтардың ішінде белгіленген өңірге тұрғысы келмейтін, яғни өңірлік квотадан бас тартатындар да бар.
«Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың шекара сыртында қалған қандастарымызға және ұлы көшке деген ықыласы зор, үнемі қаперіне алып, көші-қон саясаты туралы атқарушы билікке тапсырмалар беріп келеді. Бірақ бір әттеген-айы – көш саясаты мен қандастар тағдырына атқарушы билік пен заң шығарушы орган жағынан жасалып жатқан жұмыстар Президентіміздің ықылас-пейіліне сай жүріп жатқан жоқ. Мәселен, Қазақстан көші-қон саясатының 2023-2027 жылдарға арналған тұжырымдамасына сай, көші-қон үрдісін реттеуге арналған заңнамаларға енгізілген өзгертулер мен толықтырулар алыс-жақын шетелдерден оралған этностық қазақтардың құжаттануын қиындатып жіберді. Әсіресе «Халықтың көші-қоны туралы» заңның 20-бабының 5-тармағы атажұртқа көшіп келіп Қазақстан азаматтығын алғысы келетін ағайынды азаматтық алу және тұрғылықты жерін еркін таңдау құқығынан айырып тастады», дейді ол.
Оның айтуынша, бұның көші-қон саясатына кері әсерін тигізді.
«Қазір өз бетімен көшіп келген қазақтардың көпшілігі Қазақстан азаматтығын ала алмай, сергелдеңге түсіп отыр. Ең өкініштісі, азаматтықтан қағылған 500-ге жуық ағайынды әлеуметтік желі арқылы жинап дәлелдесек те, осы норманы алып тастауға құзырлы министрлік құлықсыз, заң шығарушы орган дәрменсіз болып тұр. Бұрын үш жұмыс күні ішінде беріліп келген «қандас» мәртебесі енді отыз бес күнде арнайы комиссия арқылы берілуі, төлқұжатына ұлты жазылмайтын елдерден келген қазақтардың ұлтын анықтау туралы заңдық негіздің болмауы сынды мәлелелер елімізге оралған қазақтарды қинап қана қоймай, көші-қон үрдісін тежеуге әкеліп отыр», дейді А.Мұқибек.
«Құтты мекеннің» қиындығы көп
Биыл 17 шілдеде «Құтты мекен» бірыңғай жүйесі арқылы қандастардың көші-қоны есепке алынады деген ақпар тарады. Әңгіме осыдан басталды. Премьер-министр Әлихан Смайылов: «Көші-қон ағынын есепке алу үшін көшіп-қонушылардың 13 бағытын қамтитын «Құтты мекен» бірыңғай ақпараттық жүйесін құру жұмыстары іске асырылып жатыр. Бұл шара мемлекеттік шекарадан өткен Қазақстан және шетел азаматтарының келу мақсаты мен тұру мерзімінің бірыңғай есебін жүргізуге, «бір терезе» қағидаты арқылы көші-қон үрдістерінің бағыты бойынша мемлекеттік қызмет көрсетуге мүмкіндік береді», деген еді.
Үкімет басшысы бұл жоба арқылы «Шетелдік жұмыс күші», «Еңбек нарығы» сияқты автоматтандырылған ақпараттық жүйелерге талдау жасалып, «Қоныс аударушыларды өңірлік квотаға қабылдау» мемлекеттік қызметін көрсету ыңғайлы екенін айтқан. Сөйтіп, қазан айында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мен Туризм және спорт министрлігі этностық қазақтардың «қандас» мәртебесін алуға өтініш беру үдерісін жеңілдету үшін «eQonaq» ақпараттық жүйесі негізінде құрылған «Kutty meken» бірлескен жобасын іске қосты.
Мәліметке сәйкес, «Kutty meken» – «қандас» мәртебесін беру бойынша мемлекеттік қызмет көрсетуге арналған мобильді қосымшаның көмегімен шетел қазақтары өздері тұрған елдің аумағынан шықпай-ақ «қандас» мәртебесін алуға өтініш бере алады. Олардың айтысына қарағанда, бұл қанатқақты жоба көрінеді. Яғни шетелдегі ағайын Қазақстан елшіліктері арқылы құжат ресімдей алады. Олардың ақпаратына сенсек, қазірдің өзінде шетел қазақтары жаңа форматта 2 058 өтініш (690 отбасы) тапсырған. Осы ретте «қандас» мәртебесі шетелдегі адамға қаншалықты қажет деген заңды сауал туындайды. Өйткені бұл жоба сырттағы ағайынға тиімді болғанымен, көшіп келгендердің көңілінен шықпай тұр. Жоба іске қосылғалы «қандас» мәртебесін ала алмай жүрген қазақтардың қарасы көбейген. Соның бірі – Қытай елінен көшіп келген қандасымыз Мақсат Саятұлы.
«Мен 2023 жылдың тамыз айында екі балам, әйелім – төрт адам атажұртқа көшіп келдік. Келе сала «қандас» мәртебесіне өтініш бердік. Үш айдан соң «қабылданбады» деп кері қайтарылды. Қатысты органдар мен басшылардан өтінеріміз – қалаған жерімізге қоныстандырып, «қандас» мәртебесі мен азаматтық беруін сұраймыз», дейді ол.
Осындай жағдаймен ұшырасып отырған қандасымыздың бірі – Құзаргүл Пірімбетова.
«Мен тамыздың соңында Өзбекстаннан келдім. Біз ол жақтағы барлық тіркеуден шықтық. Осында келіп бірден азаматтық аламыз деп ойлаған едік. Бірақ қазір «қандас» мәртебесін де ала алмай отырмыз. Осында ағайын-туыстарымыз бар еді, соларға қосылайық, атажұртта болайық деп келдік. Бір баламмен келіп едім. Ол алтыншы сыныпта оқиды. Қазір қызымның қолында тұрып жатырмын. Одан басқа жаққа қайда барамын, қызымның қасында, Алматыда болғым келеді. Бірақ қолымызда құжат жоқ», дейді Құзаргүл апамыз.
Қандастардың сөзіне қарағанда, кейбірі квота белгіленген өңірге емес, туыстары, бала-шағасы қоныстанған жерге барғысы келетіні байқалады. Ал қоғам белсендісі Меруеш Башайқызы «Құтты мекен» жобасын тоқтату керек екенін алға тартып отыр.
«Бұл жерде облыстардағы әлеуметтік бағдарламалар – Жұмыспен қамту орталығының, Көші-қон қызметінің қателігі емес. Бірақ барлық соққы соларға тиеді. «Қандас» куәлігі ХҚО арқылы 5 жұмыс күнінде бұрынғысынша берілу керек. Сол – ең дұрыс жол. Екінші, шетелдегі қазақ дәл шетелде жатып осы бағдарламамен «қандас» куәлігін онсыз да ала алмайды. Сондықтан бұл бағдарлама тиімсіз. «Құтты мекен» жобасын ойлап тапқан адамдар мұны тоқтатып, мұндай келеңсіздік тудырғаны үшін жауап беруге тиіс», дейді ол.
Осы ретте қоғам белсендісі Ауыт Мұқибек: «Көшіп келушілерді Үкімет айқындаған өңірлерге қоныстандыру – саясат. Оны біз де қолдаймыз. Ал алыстан атажұртына келген ағайынның тұрғылықты мекенін өз қалауынша таңдап алуы – олардың халықаралық конвенциямен, өзіміздің Конституциямызбен бекітілген құқығы бар. Үкімет айқындаған өңірлерге қоныстандыру саясаты елге оралған ағайынның осынау құқығын бұзбау шарты аясында жүргізілуі керек. Көші-қон – шеттегі 7 миллион қазақтың тағдырына тікелей қатысты тарихи және стратегиялық маңызы өте зор саясат», дейді.
Бұдан кейін біз Көші-қон комитеті Этникалық көші-қон басқармасының басшысы Дастан Айтқұловқа хабарласып, қандастар неге мәртебе ала алмай жүргенінің себебін сұрап көрдік. Оның айтуынша, кейбір қандастар «Kutty meken» қосымшасына құжаттарды толтыру барысында қателік жіберген.
«Қандас» мәртебесін ала алмай отырған қандастардың тобында мен де бармын. Ағайынның айтып отырған арызын естіп, мәртебе ала алмай жүрген адамдардың тізімін сұрадым. Қазір менің қолыма 43 адамның тізімі келіп түсті. Әрине, тек 43 адам ғана емес екені түсінікті. Оларға неге «қабылданбады» деген хабарлама барғанына сараптама жасалды. Тізімдегі адамдардың көбі «Kutty meken» қосымшасына құжаттарды толтыру барысында қателік жіберген. Кейбірі өзінің фотосуретін дұрыс түсірмеген. «Туыстарының аты-жөні» деген тетіктер толтырылмаған. Екіншіден, Қытай елінен келген ағайындардың кирилл әрпін түсінбеуі де кедергі келтіріп тұрған тәрізді. Қысқаша айтқанда, бұл – көбінесе техникалық ақау. Әйтпесе «Kutty meken» жобасы шетелдегі қандастардың сол жақта отырып та «қандас» мәртебесін рәсімдеп алуына жасалған жағдай», дейді Д.Айтқұлов.
Қорыта айтқанда, жалпы шеттен келген ағайынды құжаттандыру мәселесінде мехнат көп. Әр жылдар әртүрлі жеңілдік жасалды, заң жобалары да ұзақ зерттеліп, түзетулер мен толықтырулар енгізілді, қоғамда жиі талқылауға түсті. Бірақ қандастардың азаматтық алу мәселесі әлі жеңілдетілмегені және қағазбастылықтың көп екені байқалады. Оның үстіне қазір көптеген құжат тек Астана қаласынан ресімделетіні де қандастардың қалтасына салмақ салып отырғаны айтылып жүр.