IT мемлекет – стратегиялық міндет
Отырыс кезінде «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне ақпараттық қауіпсіздік, ақпараттандыру және цифрлық активтер мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң мақұлданды. М.Әшімбаев бұл құжат азаматтардың дербес деректерін қорғауды күшейтуге және оларды қылмыстық әрекеттерден қорғауға бағытталғанын атап өтті. Сонымен қатар осы заң аясында цифрлық майнинг саласындағы бақылау күшейтіледі. Одан бөлек, төрт кодекске және он заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізіледі.
Атап айтқанда, алаяқтық әрекеттерден қорғау мақсатымен адамдарға банктік қарыздар мен микронесиелер алудан ерікті түрде бас тартуды белгілеу құқығы беріледі. Бұл шара заңдағы маңызды жаңашылдықтардың бірі болып саналады. Сондай-ақ бұған дейін де айтылғандай, мемлекеттік органдардың және мемлекеттік заңды тұлғалардың ақпараттандыру объектілерімен интеграциялану болмаған, технологиялық құралдарды пайдаланып субъектіні сәйкестендіру мүмкін болмаған жағдайларды қоспағанда, жеке басты куәландыратын құжаттардың көшірмелерін жинауға, өңдеуге тыйым салу белгіленеді.
«Мемлекет басшысы биылғы Жолдауында Қазақстанды IT мемлекетке айналдыруды маңызды стратегиялық міндеттердің бірі ретінде белгіледі. Бүгінде азаматтарымызға көрсетілетін мемлекеттік қызметтердің көп бөлігі электронды форматта жүзеге асырылып жатыр. Осыған орай ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелерінің маңыздылығы артып отыр. Соған байланысты Парламенттің бір топ депутаты осы заңды әзірледі. Алдағы уақытта мақұлданған заң азаматтарымыздың мүдделерін қосымша қорғауға және саланың одан әрі дамуына септігін тигізеді деп сенеміз», – деді Сенат төрағасы.
Сонымен қатар отырыс барысында депутаттар «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» Қазақстан Республикасының Кодексіне (Салық кодексі) және «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» Қазақстан Республикасының Кодексін (Салық кодексі) қолданысқа енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңды қарады. Бұл құжат осы саладағы нормативтік-құқықтық базаны жетілдіруге бағытталған.
Талқылау нәтижесінде Сенат депутаттары заңды концептуалды түрде қолдады. Алайда оған бірқатар ұсыныс енгізіп, заңды Мәжіліске қайтарды. Нақты айтқанда, сенаторлар елдегі қолайлы инвестициялық ахуалды сақтауға және еліміздің инвестициялық тартымдылығын жақсартуға арналған түзетулер енгізді.
Палата отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне салық салу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң да қаралып, мақұлданды. Құжатта кәсіпкерлер үшін қолайлы орта құруға және инвестициялар тартуға бағытталған ережелер бар. Заңнамалық түзетулер арнайы экономикалық аймақтарға қатысушыларды олар іске асыратын жобаның құнына қарай санаттарға бөлуді көздейді. Жобаның құны неғұрлым жоғары болса, кәсіпорынға мемлекеттен берілетін жеңілдіктер мерзімі де соншалық ұзағырақ болады. Мұндай тәсіл АЭА қатысушыларының салық аударымдары есебінен республикалық және жергілікті бюджеттерді толықтыруға бағытталған. Сондай-ақ жоғары технологиялық, капиталды қажет ететін және инновациялық өндірістерді тартуды ынталандырады.
Еліміз азаматтарына өз құқықтары мен бостандықтарын сотта қорғауда конституциялық құқықты толық іске асыруға мүмкіндік беру жөніндегі норма да заңға енгізілген маңызды новеллалардың бірі екенін атап өткен жөн.
«Бұл заңдар Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауында айтылған тапсырмаларын іске асыру мақсатымен әзірленген. Салық кодексінде соттарда мемлекеттік баж төлеу бойынша кейінге қалдыру тәртібі мен шарттары анықталады. Бұған қоса, келесі жылдан бастап азаматтар Конституциялық сотқа жүгінген кезде мемлекеттік баж төлемейді. Бұл ережелер сот төрелігіне қолжетімділікті арттырады. Сондай-ақ заңдар аясында салықтық әкімшілендіруді одан әрі оңайлатуға және әкімшілік кедергілерді жоюға бағытталған нормалар қарастырылған. Талқылау барысында заңға бірқатар түзету енгіздік. Алдағы уақытта осы заңдар еліміздің салық заңнамасын одан әрі дамытуға өз септігін тигізеді деп сенеміз», деді М. Әшімбаев.
Ұлттық фольклор қойылымдары жеткіліксіз
Палата отырысында сенаторлар депутаттық сауалдарын да жолдады. Мәселен, Руслан Рүстемов балалар театрлары мен қуыршақ театрларының репертуарында ұлттық фольклорға негізделген қазақ тіліндегі қойылымдардың болмауына қатысты мәселені атап өтті.
Депутаттың айтуынша, балаларға үлгі болатын ұлттық фольклор кейіпкерлеріне негізделген бейнелерді белсенді түрде қалыптастыру және насихаттау қажет. Сенатор біздің балалар уақыт өте келе және технологияның дамуына байланысты ұлттық салт-дәстүрден алшақтап бара жатқанына назар аударды. Балаларға арналған ұлттық сапалы шығарма-туындылар топтамасының жетіспеушілігі де байқалып отыр. Сенатор сонымен қатар балалар театрлары мен қуыршақ театрларының репертуарында ұлттық фольклорға негізделген қазақ тіліндегі қойылымдарының жоқтығына да тоқталды.
«Бірен-саран қойылымдардың өзі ескірген, тартымдылығы аз. Осы ретте оқу орындарын аяқтап жатқан жас режиссерлер, драматургтер, креативті индустрия өкілдері отандық балалар драматургиясына баса назар аударғаны жөн. Әдебиетімізде, фольклорымызда тақырып та, мазмұн да, контент те әбден жеткілікті. Тек оны заманауи форматта көпшілікке жеткізу қажет», деді сенатор Рүстемов.
Депутат осыған байланысты Үкімет басшысына ұлттық контентті қалыптастыру мәселелеріне стратегиялық тұрғыда мән беруді, сондай-ақ театрлар құрылысын салу мен балалар мұражайының ашылуына қолдау жасауды ұсынды.
Кәсіпкерлерді алаңдатқан мәселе
Нұрлан Бекназаров Қарағанды облысындағы кәсіпкерлерді алаңдатқан мәселелерді көтеріп, жоғары айыппұлдарға, жеке сот орындаушыларына шамадан тыс төлемдерге және салық есептілігіне байланысты түйткілдерге назар аударды. Ол Қарағанды облысындағы кездесулер кезінде кәсіпкерлердің сенаторларға жеткізген тілектерін жария етті. Айтылған мәселелердің қатарында бизнес субъектілеріне қатысты реттеушілік ықпал ету мәселелері, айыппұлдар мөлшерінің жоғарылығы, жеке сот орындаушыларына шамадан тыс төлемдер белгілеуі және салық есеп-қисабындағы проблемалар бар.
«Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске 2019 жылы енгізілген өзгерістерге сәйкес, адам денсаулығына зиян келтірмеген санитарлық-эпидемиология саласындағы заңнама талаптарын бұзғаны үшін, шағын кәсіпкерлік субъектісіне салынатын айыппұлдың мөлшері 20 АЕК-тен 230 АЕК-ке ұлғайды, орта кәсіпкерлік субъектісіне тиісінше 40 АЕК-тен 310 АЕК-ке дейін өсті», деді сенатор.
Депутаттың айтуынша, отандық бизнес пен кәсіпкерлерге қатысты камералық бақылау жүргізу әдістері алаңдатады. Бұл тетік іс жүзінде салық заңнамасын бұзудың алдын алу ретінде жұмыс істеуі керек болатын, алайда шағын және орта бизнес өкілдері бұл кәсіпкерлік қызметіне араласу құралына айналды деп санайды.
«Камералық бақылау нәтижесі бойынша мемлекеттік кірістер органына заң бұзушылық анықталған жағдайда салық төлеушінің банктік шоттарындағы шығыс операцияларын тоқтата тұру және электрондық шот-фактураларды қолдануға шектеу қою құқығы берілген. Алайда бұл шектеулер дәлелденген фактілерге емес, салық заңнамасын бұзғандығы туралы болжамдарға негізделетіні айтылды. Сондықтан бұл мәселе де өз шешуін талап етеді», деді Н. Бекназаров.
Сонымен бірге Палата отырысында сенатор Ольга Булавкина еліміздің шекаралас аймақтарындағы инфрақұрылымның жай-күйін сынға алса, Сұлтан Дүйсембинов тұрмыстық қалдықтар мен қоқыстарды сұрыптау және қайта өңдеу бойынша басқару жүйесінің жоқтығына алаңдаушылық білдірді.
Сенатор Амангелді Нұғманов Үкіметке жергілікті жерлерде ауқымды жобаларды және бағдарламаларды сапалы әрі тиімді іске асыру үшін мәслихат депутаттары мен қоғамдық ұйымдардың өкілдерін белсендірек жұмылдыру қажет екенін айтты. Ал Әсем Рахметова Солтүстік Қазақстан облысының Аққайың ауданында ауыр жүктердің салдарынан жолдардың бұзылу проблемасына тоқталды. Депутат бұл бағытта бірқатар шара ұсынды. Олардың қатарында ауыр жүк көліктерін бақылау мен өлшеуді полиция функцияларына қосу жөнінде ұсыныс бар. Сенатор Андрей Лукин әріптестерінің назарын зияткерлік меншік құқығын сақтау, соның ішінде ғылым, әдебиет және өнер туындыларын жасау және пайдалану мәселелеріне аударды.