ФОТО: adyrna.kz
Алғаш болып сөз сөйлеген Мәдениет және ақпарат министрі А.Балаева заң жобасы Мәжілістің жалпы отырысында қаралғанын, құжат мемлекет мүддесін, қоғам сұранысын және медиа саласының даму тенденцияларын ескере отырып әзірленгенін жеткізді.
«Заң жобасын дайындау барысында Еуропа елдерінің халықаралық тәжірибесі, Біріккен Ұлттар Ұйымы мен Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының стратегиялық құжаттары жан-жақты зерделенді. Құжаттың негізгі мақсаты – сөз бостандығын, ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, әсіресе журналистердің мәртебесін арттыру және мемлекеттік тиімді ақпараттық саясатты қалыптастыру. «Масс-медиа туралы» заң жобасының негізі «Бұқаралық ақпарат құралдары туралы» және «Телерадио хабарларын тарату туралы» екі бірдей заңның синтезі. Олардың негізгі мақсаты отандық қауіпсіз ақпараттық кеңістікті қалыптастыру екені белгілі», деді А.Балаева.
Министрдің сөзіне сүйенсек, Мәжілістегі жұмыс тобы 16-дан аса отырыс өткізген. Құжатқа 114 түзету енгізілді. Заң техникасына қатысты заңнама бөлімінің ескертулері бойынша 108 ұстаным қаралды.
«Ұсынылған жаңа заң мынадай негізгі новеллаларды қамтиды. Біріншіден, онда ақпарат құралдарында жарияланған материалдарға шағым түсіру кезеңіне шек қоймайды. БАҚ өкілдерімен ұзақ талқылау барысында, азаматтардың жеке мүліктік емес құқықтарының бұзылуына жол бермес үшін 3 жылдық шектеу мерзімін бекіткен дұрыс деп шешілді. Аталған шара, ең алдымен, ұзақ уақыт өткеннен кейін сот қысымына ұшырауы мүмкін журналистердің құқығын қорғауға бағытталған.
Екіншіден, заң журналистер жолдайтын сауалдарды нақты градациялап (ауызша, жазбаша, пікір, ресми түсініктеме), оларға берілуге тиіс жауаптарға нақты мерзім белгілейді. Мәселен, жазбаша жауап беру мерзімі 7 жұмыс күнінен 5-ке қысқартылды. Бұл шешім ЕҚЫҰ тарапынан да жақсы баға алып үлгерді. Үшіншіден, еліміздегі заңсыз спутниктік ақпарат құрылғыларымен күресу мақсатында өзіміздің ресми отандық құрылғылар орнатуға арнайы субсидия қарастырылады. Яғни бұл норма жазалау қағидатынан бас тартып, керісінше, осы бағыттағы отандық кәсіпкерлікке жағдай жасау арқылы жүзеге асады. Төртіншіден, мемлекеттік ақпараттық тапсырысты тиімді ету үшін қаржыландырудың гранттық жүйесі енгізіледі. Ол ең бірінші кезекте жобалардың шығармашылық әлеуетіне бағытталады», деді А.Балаева.
Сала басшысының сөзіне сүйенсек, қазіргі таңда елімізде ақпарат саласының жай-күйі мен журналистердің құқығын бағалайтын жыл сайынғы бірыңғай кешенді құжат жоқ. Осыны ескере отырып, отандық медиа саласының жай-күйін бағалау, журналистердің құқықтары мен бостандықтарына мониторинг жүргізу және заң жобасы аясында тиісті ұсыныстар әзірлеу мақсатында министрлік жыл сайын тиісті Ұлттық баяндама әзірлемек.
«Алтыншыдан, журналистерді түрлі іс-шараға қатысуға аккредиттеуді автоматты түрде жасау үшін арнайы пресс-карта енгізу ұсынылады. Бүгінде бұл мәселе қызу талқыланып жатыр. Оған қатысты медиа қауымдастық өкілдері мен жұмыс тобы мүшелерінің пікірі екіжақты болды. Басты мақсатымыз – аккредиттеу үдерістерін автоматтандыру. Ал оны жүзеге асырудың басқа да формаларына министрлік жалпы қарсы емес екенін айта кеткім келеді.
Мәжіліс депутаттары бастамашылық еткен нормаларға жеке тоқталып өтейін. Мәселен, депутаттар мемлекеттік тілдің мәртебесін нығайтуға және оның үлесін 50-ден 70 пайызға дейін кезең-кезеңімен ұлғайту арқылы отандық контентті дамытуға бағытталған бірқатар жүйелі шара ұсынды. Алайда сала өкілдерінің пікірін ескере отырып, министрлік кезең-кезеңімен көшуді ұсынады. Депутаттар ұсынған жаңашылдықтар шетелдік телерадио бағдарламалардың ретрансляциясын 20 пайыздан 10 пайызға дейін төмендетуге, сондай-ақ өңірлік және балаларға арналған БАҚ-ты қолдаудың бірқатар стандартына да қатысты», деді А.Балаева.
Министрдің сөзіне сай, депутаттар ұсынған түзетулер жұмыс тобының отырыстарында талқыланады. Осы орайда А.Балаева министрлік заң жобасын бірлесе, ашық талқылауға әрдайым дайын екенін жеткізді.
Баспасөз жиынынан кейін журналистер Мәдениет және ақпарат министріне сауалдарын қойды. Мәселен, блогерлердің жұмысын журналиспен теңестіру мәселесіне қатысты сұрақ жолданды.
«Жоқ, теңестірілмейді. Бұған қатысты арнайы заң бар. Блогерлердің жедел ақпарат тарату құралының бәрі интернет-платформалар туралы заңмен реттеледі. Ал масс-медиа туралы заңға оның қатысы жоқ», деді А.Балаева.