Басылым • 03 Желтоқсан, 2023

Өмір жолының толғамы

356 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Еліміздің тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Менің өмірім. Бодан­дықтан – бостандыққа» атты жаңа кітабы жарық көрді. Мемуар авторы өмір жолымен қатар, отыз жыл ішінде болған маңызды саяси оқиғалар, экономикалық реформалар, күрделі халықаралық келіссөздер, қабылданған стратегиялық шешімдер туралы әңгімелейді. Тәуелсіздіктің елең-алаң кезіндегі бастамаларға тоқтала келе, қаңтар оқиғасына қатысты ой-пайымдауларын да білдірген.

Өмір жолының толғамы

Кітап «Мемуар мұраты», «Ұшқан ұя», «Жол басы», «Теміртау тағылымы», «Билік баспалдақтары», «Қилы кезең», «Желтоқсан», «Қайта құру: қызығы мен шыжығы», «Полигон», «Елең-алаң», «Таңсәрі», «Теңге – тірек», «Жеке­шелендіру: жалпыдан – жалқыға», «Пар­ламент: тарату ма, тарау ма?», «Елдік емтиханы», «Астана», «Соқпақсыз сыртқы саясат», «Шегенделген шекара», «Бітімгерлік белестері», «Өмір өрімдері», «Саясат сынағы», «Ертеңі еңселі ел» атты тарау­лардан, ал тараулар бірнеше бөлімнен тұрады. Тараулардың тақырыптары айтып тұрғандай, көзіқарақты оқырман тек қай­раткердің өзіндік өмір жолын ғана емес, Қазақстанның тәуелсіздік жылдары қалыптасуы мен дамуын ойша барлап, жауапты да күрделі кезеңнің деректеріне көз жеткізеді.

Автор өз ғұмырының өзегін жинақ желі­сі етіп ала отырып, қарапайым ауыл­дан өсіп жетілгенін, мартен мен домна пеш­терінің жанында металлург, еңбек­кер ретінде шыңдалғанын, іскерлік, ұйым­дас­тырушылық қабілетімен танылып, қо­ғам­дық, басқарушылық қызмет­тер­ге еркін тар­тылғанын, сол жол Үкімет бас­шылы­ғынан егемен елдің алғашқы Прези­денті дәрежесіне дейін алып келгенін, ға­сыр­лар тоғысында ел мен жер тағдыры тара­зыға түскен алмағайып кезеңде, талай-та­лай сын сағаттарында қайраткер, саясаткер ретінде өзіне жүк­тел­ген аса зор жауапкершілікті қал-қадірінше атқарғанын баяндайды.

Айта кетелік, бұрынырақта да Н.Назарбаев жайында бірнеше өмірбаян­дық кітап пен тарихи зерттеу жазылған. Журналист Бейбіт Сапаралының «Тұңғыш Президенттің балалық шағы» кітабынан бастап, әр жылдары саясаткердің өмірі мен қызметінің әр кезеңіне арналған біршама деректі кітап, жинақ жарық көргені белгілі. Шетелдік еңбектердің арасынан британдық жазушы Дж.Айткеннің, ресейлік қаламгерлер Н.Зенькович, Р.Мед­ведев, Л.Млечин, С.Плеханов, О.Видо­ваның кітаптарын атауға болады.

Қанша дегенмен мемуарлық кітаптың жөні бөлек. Сол тұрғыда автордың өзі де атап өткендей, бұл кітапты өмірбаян деп те, тарихи зерттеу деп қарауға болмайды. Кітапта саясаткер өмірінің бел-белестерін сөз етеді, қос ғасыр иінінде өзі көрген немесе тағдырына әсер еткен оқиғалар жөнінде жазады. Өткен өмір жолын жадында жаңғырып, жылдар бойы жинаған тәжірибесіне, көрген-білгеніне, басынан кешкен талқы тағдырына талдау жасай отырып, бұрнағы және қазіргі қым-қуыт құбылыстарды ой елегінен өткізуге тырысады. Сондықтан да кітапта негізгі назарды өзіне аударып кететін тұстар да кездеседі. Алайда кітапты оқыған адам үшін ең бастысы – осы туынды арқылы елдің бүгінге дейін жүріп өткен жолын, болашағын автордың танымы арқылы таразылайды.

Қандай да құбылыстың баға­сын уақыт пен тарих бере­ді. Ал тарих – ең алдымен, сол елдің адамдарының тағдыры. Адамдардың тарихынан ел тағдыры, яғни мемлекет тағдыры құралады. Мемлекет тарихына сол елдің басқару билігі қолында болған адамның басқалардан көбірек ықпал ете алатыны өз-өзінен түсінікті болса керек. Сол тұрғыда кітапты парақтағанда саяси тұлғаның көзқарасы арқылы елдің тарихын байыптағандай боласыз. Ғұмырбаяндық кітап ғасырлар тоғысындағы кезеңнің бар сына­ғын, ауыртпалығын, шиеленіскен, сапы­ры­лысқан саясат сахнасында бетпе-бет келіп, еңсере білген қилы қиын­дықтарын ашық, артық бояусыз жеткізе білгендігімен де құнды және бұл еңбекті бостан дәуірдің деректі жазбасы деуге негіз бар.

Әдетте мемуар жанрында жазыл­ған еңбектердегі мәлі­мет­тердің шынайылығы мен нақтылығы автор жадының мықты­­лығына, парасат-пайымы­ның жүйелілігіне бай­ланысты. Осы тұрғыдан кітап өмір­баян­дық жазба болғанымен, туынды автордың жеке өмірімен тұйық­талып қалмаған. Сол орайда қоғамдағы ірі оқи­ғалар мен бел­гілі өзгерістердің басы-қа­сында болған қайраткер тұлға естелік­терінің тарихи мәні аса зор.

Саяси қайраткерлердің, әсі­ресе мемлекет басшыларының қай-қайсысының болсын ме­муарлық еңбегін оқысаңыз, ав­тор­­дың әлемдік саңлақ сая­сат­кер­­лермен арада болған қарым-қатынасы, олар туралы ой-толғамы қызықтырады. Айталық, Н.Назарбаев Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы жөнінде: «Қандай орында да оның бөлек­ше білімділігі, ішкі мәдениеті, ұйым­дастырушылық қабілеті, бойына о бас­тан біткен ұстамдылығы, кеңестік дип­ломатияның биік мәртебесінен өткен кәсібилігі көрініп тұратын. Қазақстанның көпвекторлы сырт­қы саясатын қалып­тас­ты­руда, әсіресе айналамыздағы елдер­дің бәрі­мен шекараны дели­ми­та­ция­­лап алуымызда оның білімі кө­мек­ке келді», деп жазады.

Кез келген халық өзінің ұлт­­тық тарихын жасауда жазба деректермен бірге, тарихи тұлғалардың естеліктерін, күн­деліктерін, жолжазбаларын пайда­лануы – ежелден бар үрдіс. Тарихи дерек­­термен мемуарлық шығармалар ара­сындағы байланыс пен бірлікті, шы­­найылық пен алшақтықты салыс­ты­рыла талдаудан өткізу арқылы жа­сал­­ған тарихтың шынайылығы қа­шан­­­да жоғары болады. Осы тұрғы­дан ал­­ғанда, тәуелсіздікті баян­ды ету жолын­­­дағы түрлі тартысты, тағ­­дыр­­­­шешті оқиғаларды, бірін-бірі қай­та­ла­­­майтын қабырғалы тұл­­ғалар бол­мы­­сын, жүздеген іс-шараны, мың­даған адам тағ­дырын қамтыған Н.Назар­баев­тың бұл кітабы мемлекет және қоғам қайраткерінің пайымы, көз­­қа­расы, толғамы ретінде саясаттану сөре­сі­нен өз орнын алады деп сенеміз.