Спорт • 05 Желтоқсан, 2023

Велошабандоздардың жақсы нәтиже көрсетуге мүмкіндігі бар – министр

101 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Туризм және спорт министрі Ермек Маржықпаев велоспорт федерациясының басшылығымен кездесіп, биылғы есебін тыңдады. Федерация өкілдері спортшылардың нәтижелері туралы айтып, төртжылдықтың басты додасына дайындық жоспарларына тоқталды, деп жазады Egemen.kz ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Велошабандоздардың жақсы нәтиже көрсетуге мүмкіндігі бар – министр

Фото: Turizm sport ministrligi

Биылғы Азия ойындарында велошосседен Қазақстан құрамасы жақсы нәтиже көрсетіп, 2 алтын, 1 күміске ие болғаны мәлім. Оған қоса, қыздар бәсекесінде отандастарымыз 1 қола алған. Велотрек пен маунтинбайк (тау велосипеді) жарысында өкінішке қарай, Қазақстан спортшылары жеңіс сатыларынан көріне алмады.

Ведомство

Ермек Маржықпаев отандық велоспортта жеңіспен өрілген жақсы дәстүр бар екенін, спортшыларымыз биылдың өзінде жоғары нәтижеге қол жеткізгенін атап өтті.

«Алексей Луценко мен Евгений Федоровтың маусым бойы сәтті өнер көрсетуі арқасында жерлестеріміз Олимпиаданың 3 жолдамасына қол жеткізді. Велошабандоздардың Ханчжоудағы (Қытай) жоғары жетістігі Олимпиада ойындарында жүлделі орындардан үміттілігімізді айғақтайды. Велоспорт – медаль қажет ететін спорт түрі. Ал велотрек пен маунтинбайк сияқты басқа да бағдарламалар бойынша жаттығу жоспарын қайта қарау керек. Ұлттық құрама көшбасшылары жеке дайындық жоспарын қатаң ұстануға тиіс», деді ведомство басшысы.

Айта кетсек, велоспорт бойынша олимпиадалық іріктеу сайыстары аяқталып, Ұлттық құрама спортшылары Париж Олимпиадасына дайындық жұмыстарын бастады. Ведомство Олимпиадаға дейін спортшылардың оқу-жаттығу жиынын ұйымдастыруға, фармакологиялық және велошабандоздарды қалпына келтіру құралдары бойынша барлық қажетті жағдайды жасауға жәрдем қылады.

Жиын соңында министр өткен жарыстардағы велотрек пен маунтибайктың нәтижелеріне терең талдау жүргізуді, сондай-ақ Париж Олимпиадасы алдында команда ішінде ауызбіршілік пен жақсы көңіл-күйді сақтау жөнінде шаралар қабылдауды тапсырды.