Поэзия • 05 Желтоқсан, 2023

Ұстараның жүзіндегі өмір...

299 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

«Таң атады. Түс. Ымырт, түн кіре­ді.­
Естіледі Музаның мұңды лебі.
Эрмитажда күліп тұр Джоконда,
Жылап тұрған шығар ол?
Кім біледі...»

Ұстараның жүзіндегі өмір...

Коллажды жасаған – Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»

Мықты өлең расын да солай ғой деп­ бас шұлғытып қояды. Мұқағалидың «Қа­сым солай болмаса, несі Қасым?» деге­нін­дей өлең солай болмаса, несі өлең бірақ?

«Қала біткен қыз құсап боянады,

Қызықтырмай, қаратпай қоя ма әрі?

Отырардың түсіне Помпей кіріп,

Ұйқысынан шошынып оянады...» дейді. Серік Ақсұңқарұлы осылай жазады. Төбеңнен бір нәрсені тастап жібергендей, сананы сілкіп оятады. Асау, асқақ лирика. Биіктен қарап бағамдауға үйретеді. Абайдың «Мақсұтым тіл ұстартып, өнер шашпақ» дегеніндей, адамның жанын асқақтыққа тәрбиелеу талғамды өсіреді. Рухты шыңдайды.

Ақын жырын буырқанып жазаты­ны­ байқалады. «Адам ата – Хауа ана» кіта­бын­да өзі де айтады. «Өлеңді қалшылдап те­р­ге батып жазамын» деп. Сонысы шумақ­тарынан байқалып тұрады. Және дайын­дығы жоқ оқырман қабылдай бер­мей­тін сезімдер атқақтайды да тұрады. Ақын өзі бірақ жыр тәңірінің алдын­да жүгініп қана отыратын сияқты. Пен­де­лігінің бәрі өледі деген сөз. Жанын қояр­ға жер таппағанда түпсанадан рух қана бас көтереді. Мәртебелі поэзияның құді­ре­ті сол емес пе? Адамға жерден басын кө­теріп сөйлеуге ұлы күш берген Алла. Ой, сана-сезім, ақылдың қасиеттері қо­сы­лып рух түзетіндей болады да тұрады. Ойлап көріңіз, өзі жыр тәңірінің алдында тізесі қалтырап отыр, бірақ асқақ-асқақ сезімдер сөйлеп, тегеурінді ойлар айтады. Жан сөзі ғой ол. Мағжан болса поэ­зияны «жан сөзі» дейді. Сол сұмдықтар Серік Ақсұңқарұлы жырларынан қылаң ұрады. Ақын болып өмір сүрудің азабы да, ғажабы да сол сияқты сезіледі. Не сұмдықтың бәрін сезіп қойғаннан асқан азап бар ма? Сонсоң өлең жазбағанда қайтеді ақын? Кейбір өлеңдерін өзі де түсінбей қалуы мүмкін-ау ондайда.

«Жан рақаты джунгли жанатынан,

Хиросима үстінде – қара тұман.

Көгершіндер ұшып жүр, бұрқ-бұрқ етіп­

Оқ-дәрінің иісі қанатынан...

Ұштым мен де жаһанның шетін көріп,

Қызыл-жасыл дүние не түрге еніп,

Кілем жапқан тұр диван-керуеттер

Махаббаттың төсегі секілденіп!»

Осыдан кейін оянбаған сана – сана ма?­­ Осы­­дан кейін атқақтап кетпеген­ се­зім – сезім бе? Мұндай оқыс ойдан­ ұс­та­­­ра­­ның жүзіндей қайралмаған рух одан ке­йін рух болып жарыта ма, білмеймін. Бірақ олай болу үшін, қалыптасу үшін Хиросиманы, онда тасталған атом бомбасын ғана білгенің аз. Көгершіндердің махаббат пен сезімге оралған хаттарды ғана емес, одан да сұм ақпараттарды тасығанын түйсінуіңіз керек-ау.

Өмірге өнердің көзімен қарау... Кім біледі, дұрыс та шығар, бұрыс та шығар... Не десең о де, бәрін «бүл­ді­­рерің» анық қой. Сана-сезім, сүю биіктеген сайын сыю қиындай бермей ме мына ортаға? Сосын осы қалыпты тіршіліктің сыртына шығып аласың да, Джоконданың көзімен қарайсың да отырасың:

«Таң атады. Түс. Ымырт. Түн кіреді,

Естіледі Музаның мұңды лебі.

Эрмитажда күліп тұр Джоконда,

Жылап тұрған шығар ол?

Кім біледі...».

Өз обалың өзіңе, бірақ. Өмірдің тепеңдеген мәстегіне айналып күн көрем десең, кім қой депті? Қолыңнан тартқан адам жоқ. Ең дұрысы, Эрми­тажда тұрған Джоконда туралы ой­­­ла­маған...