Амангелді Әбдірахманұлының бұл қадамын кейін түсіндім. Отыз жыл бойы тағдырын ғылыммен байланыстырған, қиыншылығы да, қызықшылығы да жетерлік жолда қажымай еңбек етіп келе жатқан Әбекең ғылыммен араға лауазымды тірлікті түсіргісі келмеген екен.
Ғылыми әлеуеті мол, әсіресе қоғамдық қатынастар саласын жетік білетін Амангелді Айталы кәсіби Парламенттің қалыптасуына елеулі үлес қосты. Ол заң шығарушы органның жұмысымен танысқан соң, оған мынадай баға да берген еді: «Қазақстан парламентаризмінің дамуы тың және тыңайған жерлерді игеру емес, бұл – коммунистік диктатураның бульдозерімен қалың асфальт құйып, ауыр катокпен тегістеп тастаған топырағынан пайда болып келе жатқан парламентаризм». Бұл баға әлемдік парламентаризмнен кенжелеп қалған отандық заң шығарушы органның атқарушы билікті бақылау функциясына толық ие болуын, оның қызметінің күшті әрі тиімділігін, ел сенімі биігінен көрінуін ойлаудан туған еді. Бұл проблема Амангелді Айталының «Қазақстандық демократия ұлттық мұратты жақтай ма, әлде астамшылықты сақтай ма?», «Демократия – халық таңдауы», «Біздегі билік халықпен санаспайтын болып жүр», атты мақалаларында ашық айтылды.
Амангелді Айталының азаматтық ұстанымын негізінен айқындайтын мәселе оның ғалымдық келбеті мен ғылыми қызметі екеніне дау жоқ. Қазақ халқының патшалық Ресейден, одан кейінгі кеңес өкіметінен көрген зардабы оны ұлт ретінде даму жолынан айырды. Бұған «Ұлттану» атты оқулығынан басталған «Ұлт мұраты: депутат көзқарасы», «Байсалды ел байқаусыз қате жібермес», «Қазақты намысы қамшыласын», «Ұлт пен дін – тәуелсіздік арқауы, Нация и религия – основы независимости», «Дін және діндарлық», «Рухани кемелдік» атты ғалымның еңбектерінде көтерген тақырыптары дәлел бола алады. Бұл бағыттағы Амангелді Айталының жарты ғасырдан астам қажырлы шығармашылық жұмысы Алаш ардақтыларының, әсіресе Ахмет Байтұрсынұлының идеяларын еріксіз еске түсіреді.
Неге бұлай дейміз? Біріншіден, Әбекең сонау өткен ғасырдың 60-жылдарының аяғынан жоғары оқу орындары студенттеріне ұлт теориясы мен тәжірибесі жөнінен арнаулы курс жүргізіп, дәріс оқып, ұлт мұраттарын дәріптеді. Кейін осы материалдар «Ұлттану» атты оқу құралының негізіне алынды. Екіншіден, осы оқулығында көтерілген ұлт, мәдениет, ұлттық идеология, дін, тәрбие, ұлттық жаңару, тағы басқа мәселелер кейінгі еңбектерінде толықтырыла, байытыла түсіп, жақсы жалғасын тапты. Үшіншіден, «Рухани кемелдік»» атты кең мағынадағы ұлт және дін тақырыбындағы ғылыми публицистикалық мақалалар жинағының мазмұны да біздің сұрағымызға жауап беретіні айқын.
Ресей империясының шовинизмі де, кеңестік жүйе де сан ғасыр өмір сүріп келе жатқан ұлттық мемлекетті автономиялық құрылымға айналдырып, халқымыздың ұлттық қасиеттеріне тұрақты шабуыл жасағаны белгілі. Сол себепті Амангелді Айталының ойынша, бұл саясат қазақтарды бағындырып, көндіріп қана қойған жоқ, жартылай жұтып та алды, орыстандырды, ұлтсыздандырды, дінсіздендірді. Тарихи жадынан айыра бастады. Қазақты жалтақ, айтқанға көнгіш, айдауға жүргіш, дегенге сенгіш ұлтқа айналдыруға тырысты. Ахмет Байтұрсынұлы өз кезінде: «Басқадан кем болмас үшін білімді, бай һәм күшті болуымыз керек. Білімді болуға оқу керек. Бай болуға кәсіп керек. Күшті болуға бірлік керек. Осы керектердің жолында жұмыс істеу керек» деп жазды.
Рас, Ақаң заманынан бері, құдайға шүкір, көп нәрсе өзгерді. Ең бастысы – еліміз тәуелсіздік алды, өз тізгіні өзіне тиді. Өзге елдің тікелей ықпалынан құтылдық. Жер үстіндегі адамзат қауымдастығында өзіндік орны бар екі жүздей мемлекеттің біріне айналдық. Бұл – халқымыздың сан ғасырлық арманы мен азаттық үшін тынымсыз күресінен туған теңдесі жоқ өзгеріс, бағасы жоқ байлық.
Дегенмен тәуелсіздік жылдары кең мағынадағы ұлттық ұғым төңірегінде жұмыс толыққанды жүзеге асқан жоқ. Ең бастысы – нарықтық экономиканы тарихи, ұлттық ерекшелігімізді ескере отырып қабылдай алмадық. Ұлттық құндылықтарымызды рухани капиталға айналдыра алмай, айрықша ерекшелігіміз имандылық пен адамгершілікті аяқ асты еттік. Қоғамның барлық саласында сыбайлас жемқорлық бой көрсетіп, қаржы мәселе шешудің басты көзіне айналды. Осындай қордаланған проблеманы ойлай отырып, ұлт мәселесінің майталман тамыршысы Амангелді Айталының қазақ Арал апаты сияқты мәдени апатқа ұшыраған ұлт деуінің де, «Ұлтсызданған, пәрменсіз қазақ қайтіп күн көрер» деген идеямен мақала жазуы да жайдан- жай емес еді. Ең қиыны өзіміздің ұлт ретінде дамуда кенже қалғанымызды терең түсінбеу, осы бағытта мақсатты да жүйелі жұмыстың әлсіздігі дер едік. Сондай ақ Алаш ардақтылары кеңінен пайдаланған, өз ұлтына шексіз берілгендікті айқындайтын, бірақ кешегі кеңестік жүйеде үрей туғызған, ұлттық рухтың көрінісіндей болған «ұлтшыл» деген ұғымға еліміз тәуелсіздікке ие болғанда да үрейлене қараймыз.
Ұлттық мәселені ешуақытта діннен бөліп қарауға болмайды. Ислам діні де басқа діндер сияқты ғасырлар бойы қалыптасқан, оны ұлттық құндылықтардан ажыратып алу мүмкін емес. Өйткені дін ұлттық мәдениетке сүйенсе, ұлттық мәдениет діннен сусындайды. Амангелді Айталының әлемдік діндерге, әсіресе оның ішінде исламға қатысты ойлары өзінің парасатты пайымдылығымен, толымды толғанысымен құнды. Дінді, ислам дінін саясаттанушы, әлеуметтанушы ретінде ғылыми философиялық көзқараспен танып, терең сезіне білген Әбекеңнің үш жүз жылдай отарлықтың бар қасіретін, кеңестік қырғынның талай ойранын көріп, бірақ беріспей бүгінгі күнге аман-есен жетсек, ол біздің ұлттық мәдениетіміздің, салт-дәстүріміздің әлеуетті тірегі саналатын ислам дінінің арқасы деуі негізсіз емес. Дін тек ұлтты рухани таным, мәдени дәстүрлер негізінде ғана біріктіріп қоймай, бұқара халықты әлеуметтік негізде де ұйыстырып отырғанын жақсы таныған Амангелді Айталы: «Біздің заманымыздың маңызды талабы өркениеттер арасындағы ынтымақтастық пен өзара байланыстарды қолдау, әсіресе дінаралық қарым-қатынастарды ізгілік жолына, өзара сыйластыққа, толеранттылыққа тәрбиелеу, зорлық-зомбылық, күш қолданудан бас тартып, бейбіт, парасат арнасына бейімдеу болып отыр», дейді.
«Халықсыз мемлекеттің болмайтыны сияқты мемлекет те дінсіз болмайды. Ал халықтың сана-сезімін, ар-ожданын, салт-дәстүрін қалай мемлекеттен, діннен бөле аламыз? Мемлекеттің дінді реттеушілік рөлін қайда қоямыз? Адамның тәні мен жаны сияқты ел халқының болмысына етене жақын, сіңіскен дінді мемлекеттен түгел ажыратуға болмайды», дейді тағы Амангелді Айталы.
Бүгін, өкінішке қарай, діннің рухани мәніне жете көңіл бөле алмай, дінді ақыл-оймен танымай, сыртқы формасына еліктеп, жат ағымдардың жетегіне ерген жастар көбейіп барады. 2017 жылы жарық көрген «Дін және діндарлық» атты арнаулы курсында ғалым-дінтанушы: «Ислам діні ұлттық мүддені қорғаудың негізіне айналып, ұлттық бірлікке, отаршылдыққа қарсы күреске жұмылдырушы күш болды. ...Діннен айырылған халық ұлттық қасиетінен де ажырайды, ұлтсызданған халық дінінен де айырылады» деп жазды. Бұл – дінтану, дін әлеуметтануы мен педагогика пәндерінің оқытушылары мен магистранттарына, дін мәселесіне қызығушылық танытатындарға арналған іргелі еңбек.
Амангелді Айталыны ғылым мен білімнің еліміздің рухани һәм мәдени күш-қуатын, экономикасын арттыратын бірден-бір фактор бола алмай отырғаны да аз ойландырған жоқ. Оның «Соңғы жылдары ғылым, білім саласындағы бірізді саясаттың болмауы, бұл саланы басқарудағы қисынсыз өзгерістер, нарық деген желеумен ғылым мен білімге дүңгіршектегі тауар ретінде қарау, зиялы топ саналатын ғалымдарды қайыршылық деңгейге түсірудің астарлары тереңде жатыр», деуі тегіннен-тегін емес. Білім, әсіресе гуманитарлық-әлеуметтік білім елдің тарихына, өркениетіне негізделмесе, ұлтымызға қауіпті, қатерлі сипат алады. Білімнің этностық тамырдан айрылуы салдарынан оның мазмұны да ұлттық болмысқа қайшы сипатқа көшеді. Қазір жоғары және орта арнаулы оқу орындарын былай қойғанда, жарты миллиондай қазақ баласының орыс мектептерінде оқып жүргені де білім саласының басы-қасында жүргендерді ойландырмай отыр. Бұл сәтте Амангелді Айталының «біз Ресейдің ақпараттық отарындамыз» деуінің реті бар. Кезінде Абай айтқандай, орыстың тілін, оқуын, ғылымын білуде «пайдасына ортақ болумен қатар «зарарынан қашық болуға» деген көреген қағидасының зардабын әлі көретін сияқтымыз. Өйткені ұлтсыздық қасиеттер белең алып, халқымыздың рухани кедейшілікке ұшырауы жалғасып келеді. Бұл туралы сөз қозғағанда А.Айталыны ерекше толғандыратын мәселе – ұлттық тіліміздің бүгінгі күйі.
Амангелді Айталы қазақ мемлекет құраушы ұлт ретінде елдегі тұрақтылыққа, татулыққа тарих пен ел алдында жауапты деп санайды. Оның ойынша, мұның барлығы мемлекетіміздің ұлттық сипатын жетілдіре түсуді, шынайы ұлттық мемлекетті құруды қажет етеді. Оның бірнеше саяси және әлеуметтік себебі бар. Біріншіден, бас-аяғы үш ғасырға созылған Ресей империясының отарлық саясаты, соның жалғасындай болған кеңестік кезеңде қазақ ұлт ретінде толыққанды қалыптаса алмаса, мемлекет те өзінің ұлттық сипатына толық ие бола алмады. Оның зардаптарын қазір қатты сезініп отырмыз. Екіншіден, бүгінгі жаһандану заманында халқымыздың ақыл-парасаты мен санасына жат өмір үлгілерін енгізілу үшін күрес жүріп жатыр. Үшіншіден, егемен елдің декларациясында атап көрсетілген маңызды міндеттерінің бірі – ұлттық мемлекеттілікті қорғау және нығайту сияқты идеялар көп ұзамай ұмытылды. Тіпті ресми құжаттарда «ұлттық мемлекет» дегенді атай бермейміз. «Мақсатымыз – Түркiстанда түрi жағынан да, мазмұны жағынан да ұлттық болатын мемлекеттiк құрылымға қол жеткiзу. Сонда ғана халқымыз өз жерiнiң нағыз қожасы бола алады», деген Мұстафа Шоқайдың асыл ойынан хабардар Амангелді Айталы қазақ халқының ұйымдастырушылық күші басым болуға тиісті, онсыз ол басқа этнос мүшелерін топтастыратын көшбасшы бола алмайды деп санады.
Ұлттық мемлекет дегенге тиісті көңіл бөлмеу салдарынан халқымыздың ұлтсыздануын, ұрпағымыздың ата-баба салтынан алыстап бара жатқанын аңғару қиын емес. Амангелді Айталы қазақ қоғамының қазіргі дамуына талдау жасай отырып, «ұлтаралық бәсекелестікке дайынбыз ба?» деген сұрақ қояды да, оған өзі жауап берген еді. Бүгінгі алып көршілердің ықпалы бәсеңдемей отырған тұста әлсіз, әлжуаз, еліктегіш ұлттың қарқынды өркендеуін былай қойғанда, рухани экспансия жолымен жұтылып кету қаупі де жоқ емес деді.
Қазақ қоғамына бүкіл адамзаттың табысы да әсте жат емес. Озық үлгідегі басқалардың мәдениетін, әдебиетін, тарихын білу керек. Өркениеттен тәуелсіз еліміз сырт қала алмайды. Әлемдік рухани бұлақтан сусындап отыру қажет. Алайда жаһанданудың қаупі де күшті. Мұның жалғыз амалын Амангелді Айталы ұлттық иммунитетті күшейте түсу деп таниды. Әңгіме сол батыстық тәжірибелерді ұлттымыздың тарихи, өзіндік ерекшеліктерін ескере отырып, ұтымды пайдалана білуде болып отыр. Әсіресе қазақтың «Малым – жанымның садағасы, жаным – арымның садағасы» деп малды жаннан, жаннан арды жоғары қойып, рухани байлықты басты мұрат етуінің жөні бөлек.
Тәуелсіздік жылдары қазақ сан жағынан да, сапа жағынан да өзгерді. Рас көп нәрсе жүзеге асты. Бұл үдеріс әсте тоқтаған емес. Бірақ бұл көпшілікті қанағаттандырып отыр ма? Кезінде ұлы ғалымымыз Шоқан Уәлиханов қазақ халқына әлеуметтік және экономикалық реформа керек, сонымен қатар оны жүзеге асырудың құралы ретінде саяси реформа да қажет деген еді. Осы тұрғыдан бүгінгі саяси өзгеріс халықтың әлеуметтік және экономикалық ахуалын жақсартуға бағытталуы қажет. Ең бастысы – халық барлық реформаның негізгі пайдаланушылары болғаны жөн. Ал Амангелді Айталыны соңғы кезде ұлттық құндылықтар мен ұлттық идеологиядан қазақтың санасында ең алдымен, баю идеологиясының басым болып бара жатқаны қатты ойландырды. «Біреулер байлығын ойлап, енді біреулер шайлығын ойлап ұлттық құндылықтарға салқындықпен қарайды», деп қазақтың материалдық игілікке деген ұмтылысы ұлттық идеологиясына айналып бара жатыр ма деп қауіптенді.
Бүгінде ұлт қайраткері Амангелді Айталының қоғамдағы орны ойсырап тұр. Тәуелсіздіктің тұғырлы болғанын, халқымыздың рухани кемелдікке жетуін армандаған, қазақ қоғамында нағыз демократия орныққанын, елінің әлемдік өркениеттен ойып тұрып орын алғанын қалайтын ғалым кейінгі ұрпаққа мол мұра қалдырды. Санаткер тұлғаның ұлт тағдырына қатысты парасатты пайымдары – темірқазық «Ұлттану» оқулығындағы тұжырымды санасына сіңірген жастардың елінің өркендеуіне қызмет ететіні сөзсіз.
Әбдіжәлел БӘКІР,
Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетінің профессоры, саяси ғылымдар докторы