Аймақтар • 05 Желтоқсан, 2023

Алаяқтан арашалап алды

283 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Керекулік учаскелік инспектор Мадияр Тұрсынбаев жуықта ерлі-зайыпты қарияларға араша түсіп, алғысқа бөленді. Сапасыз тауарды білместікпен сатып алған отбасы полицейдің пәрменімен ақшаларын кері қайтарып алған.

Алаяқтан арашалап алды

Өңірлік полиция департа­ментінің басшылығы атына Павлодар қаласының тұрғы­ны, зейнеткер Қайыртас Нұрға­лиевтен жергілікті №5 полиция пунктінің учаскелік инспекторы М.Тұрсынбаевқа алғыс айту хаты түсті. Хатта қария: «Мен ардагер ұстазбын, Павлодар қаласында тұрамын. Жақында жұбайым екеуміз интернет-сау­да жасаймыз деп алаяқтардың арбауына тап болдық. Көп ойланбастан өзіміздің учаскелік полицейіміз, полиция майоры Мадияр Тұрсынбаевқа көмек сұрап бардық. Мадияр баламыз әлгілердің Алматы қаласынан екенін анықтап, бір­ден қылмысты ашуға кірісті. Екі күннің ішінде алаяқтарға біздің ақшамызды қайтартты. Екінші Павлодар шағын ауданында Мадиярдай ­антына адал полицейлердің бары­на біз, зейнеткерлер қуанамыз, ұйқы­­мыз да тыныш деуге де болады. Оның өз қызметіне деген адал­дығы арқылы құқық қор­ғау органдарында қарапайым адам­­дардың мәселелерін шешуге ­да­йын­ кәсіби, жанашыр адам­дар жұмыс істейтініне көз жет­кіздім», деп жазған.

Солтүстік полиция бөлімінде 2016 жылдан бері қызмет етіп келе жатқан учаскелік инспектор көбіне профилактикалық іс-шаралармен, арнайы есепте тұрған жандармен, отбасылық ұрыс-керіске жақын тұратын ер-азаматтармен жұмыс істейді.

– Учаскемізге әр күні жеке мәселесімен түрлі азаматтар келіп жатады. Барлығын назарға алып, тиісті процедураларды жүзеге асырамыз. Жуықта Қайыртас Нұрғалиев есімді қария келіп, бәйбішесі екеуінің «Тик-токта» көрген жарнамаға сеніп, көкөніс кескіш машина сатып алғандарын жеткізді. Сонау Алматыдан алдырыпты. Сөйтсе онысы ақауы бар зат екен, дұрыс болмай шыққан. Сатқан компания ауыстырып беруден бас тартқан. Бағасы да зейнет жасындағы адамдар үшін арзан емес. Ең әуелі қаладағы сервистік қызмет көрсету орнына апарып, әлгі құралдың шын мәнінде ақауы бары туралы анықтама алдырттық. Содан соң алаяқ фирмаға хабарласып, пайдалануға жарамсыз тауарды қоярда қоймай жүріп кері жіберткіздім. Қариялардың ақ­ша­­­­­­сын қайтарып берді. Ата­ның алғысын естіп, мен де қуанып қалдым, – дейді Мадияр.

Полицейдің павлодарлық азаматтарды алаяқтардан құтқаруы бұл жалғыз емес. Жуықта жергілікті зейнеткер массаж жасайтын кресло­ сатып алмақшы болып, 1,5 млн теңгеге несие ресімдеген. Сөйтсе, онысы түпнұсқа емес, Қытайда жасалған арзанқол бұйым болып шықты. Әлгі қарияның балалары шағым түсірген соң М.Тұрсынбаев сатушы азаматты тез іздеп тауып, алаяқ фирманы әшкереледі. Бір тәулік ішінде қария ресімдеген несие де жойылды.

Мадиярдың ішкі істер сала­сындағы еңбек өтілі бүгінде 10 жылдан асқан. Көптің алғысын арқалап, антына адалдық танытып жүрген полицей отбасында жұбайымен екі бала тәрбиелеп отырған ардақты әке.

 

Павлодар облысы