Концерттік бағдарламада отандық композиторлардың әр буын өкілдерінің шығармалары ұсынылды. Әсіресе М.Төлебаевтың «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» операсынан үзінді, сондай-ақ композитордың «Тос мені, тос», «Кестелі орамал» секілді танымал романстары орындалды. А.Жұбанов пен Л.Хамидидің «Абай» операсынан «Абайдың» ариясы, Ә.Қазақбаевтың «Жамбыл жырау» операсынан «Сүйінбайдың» термесі, А.Жайымов пен А.Жайымның «Бейбарыс» операсынан «Бейбарыстың» ариясы, А.Мұхитдиннің «Әл-Фараби» операсынан «Гүлдер биі» шырқалды. Сонымен бірге В.Стригоцкий-Пактің «Кенесары» симфониялық поэмасы мен Б.Қыдырбектің «Реквиемі» және Б.Дәлденбайдың «Ел бақыты» атты вокалды-симфониялық одасы тарту етілді.
Классикалық музыка әуелеген кеште «Астана Операның» талантты солистері – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Азамат Жылтыркөзов, Жанат Шыбықбаев, Мейір Байнеш, «Құрмет» орденінің иегері Айзада Қапонова, халықаралық байқаулардың лауреаттары Гүлжанат Сапақова, Мәдина Исламова, Бейімбет Таңарықов, Рамзат Балакишиев, Ержан Саипов, Артур Габдиев, Алтынбек Әбілда, Айгерім Аманжолова, Нарұл Тойкенов секілді өнерпаздар орындаған туындылар тыңдармандарды әдемі әсерге бөледі. Концертке арнайы шақырылған скрипкашы Еркебұлан Сапарбаев пен вокалист Дильназ Омарханованың өнері де көрермендерді тәнті етті. Аталған өнер ордасының хоры мен симфониялық оркестрі орындаған шығармаларды жұртшылық өте жылы қабылдады. Оркестрге Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Абзал Мұхитдин мен Руслан Баймурзин дирижерлік етті.
Айта кетейік, өнер кешінде сахнада екі бірдей сүйекті туынды таныстырылды. Оның бірі – талантты жас композитор Әліби Әбдінұровтың осы концертке жазған оркестр мен скрипкаға арналған музыкалық шығармасы болса, екіншісі – композитор Серікжан Әбдінұровтың «Фараб-Отырар» вокалдық-симфониялық дастаны. Екі шығарма да шынайылығымен тыңдармандардың көңілінен шықты.