Бокс • 06 Желтоқсан, 2023

Толғанай – әлем чемпионы

444 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Спортсүйер қауымның есінде болса, жақында ғана Астана қаласында бокстан жасөспірімдер арасында өткен Азия біріншілігінде таулы өңірдің түлегі Толғанай Қасымхан топ жарып, Азия чемпионы атанған еді. Бұл қуанышты хабарды естіген ел-жұрт боксшы қызды зор құрметпен күтіп алып, артынша тілеуін тілеп жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатына шығарып салды. Әлем біріншілігінде де былғары қолғап шебері Толғанайға төтеп берер қарсылас табылмады.

Толғанай –  әлем чемпионы

Арменияның астанасы Ереван қаласында Толғанай Қасым­хан әлем чемпионы атанып, көк туымызды көкке көтеріп, еліміздің мерейін үстем етті.

Спорт десе, ішкен асын жерге қоятын былғары қол­ғап шебері Толғанай Бо­латқызы 2007 жылы 16 шіл­деде Райымбек ауда­ны Нарынқол ауылын­да Ақыновтар әу­ле­тінде дүниеге келген. Ата-анасы Болат Ақы­нов пен Жазира Сәлімжанова 5 баланы дү­ниеге әкелген. Көпбалалы отбасында өсіп келе жатқан жас бокс­шы қыз қазіргі таңда Нарынқол ауы­лындағы Б.Соқпақбаев атын­дағы мектеп-гимназияның 11-сыныбында оқиды. Мектептегі үл­герімі де өте жақсы. Қоғамдық іс-шаралар мен спорт үйірмелеріне белсене араласады. «Алтын бел­гіге» үміт­кер оқушылардың бірі.

Аядай ауылдың ғана емес, есімі елімізге таныла бастаған Толғанай бала жастан спортпен шұ­ғыл­данады. Бұған дейін де жеткен жетістіктері аз емес. Атап айтсақ, бокстан Райымбек ауданының 4 дүркін, Алматы облысының 5 дүркін жеңімпазы атанған. Спорт саңлағы Е.Ибраимовтың құрметіне арналған халықаралық турнирде 3-орынды иеленген. Д.Смағұловтың жүлдесіне ар­налған республикалық турнирде 1-орыннан көрініп, «Жылдың ең үздік боксшысы» кубогін жеңіп алуы да балғын боксшының болашағынан мол үміт күттірген еді. Жалаңтөс баһадүрді еске алуға арналған республикалық турнирде 2-орынға табан тіреді. Қостанай қаласының ашық чемпионатында жүлделі 1-орыннан бой көрсетті. Сондай-ақ Д.Сма­ғұловтың жүл­десіне ар­налған Азия чемпио­натына іріктеуден 1-орынды қан­жы­ла­ған. Бір­неше республикалық, халық­аралық тур­нирдің жеңім­пазы атанған Толғанай енді міне, әлем чемпионы атанып отыр. Бұл жеңістердің артында маңдай тер мен қажыр-қайрат, табанды еңбек тұрғаны түсінікті.

Армениядағы ақтық сында Тол­ғанай ресейлік Кира Лео­но­ваны 3:2 есебімен жеңді. Қарсы­ласын З-раундта нокдаунға жіберіп, кү­шінің басым екенін дәлелдеді.

Әлем чемпионы Райымбек аудандық «Балалар мен жас­өс­пірімдер спорт мектебі» комму­нал­­дық мемлекеттік мекемесінде білікті бапкер Ізбасар Қалқаманнан тәлім алады. Шәкірттің жеңіске жетуіне бапкердің қосқан үлесі орасан зор.

Шекара шебінде орналасқан Нарынқол аулынан әлем чемпио­ны шыққанына аудан халқы дән риза. Білекті де жүректі Толғанайға ал­дағы уақытта да жеңіс тілейміз.

 

Алматы облысы