Егемен Қазақстан • 06 Желтоқсан, 2023

«Хат қоржын»

161 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін
«Хат қоржын»

Тіл үйретуде кемшін тұстар көп

Бүгінде мектептерде қазақ тілін оқыту ісі мықтап қолға алынуға тиіс. Өйткені ол он бір жыл бойы оқытылады. Тілді меңгеруге аз уақыт емес. Сөйте тұра айтар ойын қазақ тілінде жеткізбек түгілі екі сөздің басын қоса алмайтын мыңдаған түлегіміз жыл сайын жаңа өмірге қанат қағып жатыр. Олардың орыс тілділердің қатарын қалыңдатып, мемлекеттік тілдің қолданыс аясын тарылтуға «үлес қосып» жүргендері ащы да болса шындық. Осы орайда орыс тілді мектептердегі қазақ тілі пәні мұғалімдеріне жүктелер жауапкершілікке қатысты мәселе туындайды.

Мен өзім де ұзақ жылдар бойы орыс тілді дәрісханаларда қазақ тілі пәнін жүргіздім. Сөздің шыны керек, сөйлеуге емес, қазақ тілінің грамматикасын меңгеру, мәтінді сөздікпен аудару, өлеңді жатқа айту, сұраққа жауап беру сияқты жұмыс түрлеріне ғана көңіл бөлдік. Сөз төркініне орай, Глеб Пономарев деген азаматтың (PR-маман және блогер) әлеуметтік желідегі мына бір пікірін келтірсек, артық болмас. «Я 11 лет учил казахский язык в школе. Но проблема в том, что нас обучали не языку, а филологии. Мы зубрили названия падежей и залогов глагола, но как ими пользоваться нам не показывали. Нас зас­тавляли учить стихи и тексты, часто не давая перевода. К сожалению, интереса к обучению это не добавляло». Алып-қосары жоқ ақиқат сөз. Оның пайымынша, еліміз қазақ тіліне 10-12 жылда толығымен көшеді.

Қазіргі кездегі тіл мамандарының басты кемшілігі – оқушының сөздік қорын байытуды, сөйлеу тілін дамытуды мақсат етпеуінде. Мектепте тілді үйренбей шығудың басты себептерінің бірі осы екенін мойындауымыз керек. Тілді үйрете алмаған өзімізді емес, бағдарламаны, сол бойынша жазылған оқулықты кінәлаймыз. Мәтіндері үлкен, күрделі, түсінуге, мазмұндауға қиын деп жатамыз. Бірақ қиыннан жол тауып, тиімді әдіс-тәсілдерімен біршама жетістікке қол жеткізген, жеткізіп жүрген әріптестерімді білемін. Сондай мұғалімдердің тәжірибелерін кеңінен таратып, үлгі ретінде пайдаланып жатсақ, ұтарымыз анық. Әйтпесе, мемлекеттік тілді мектептерде оқыту мәселесі «Баяғы жартас – бір жартас» күйінде қала бермек.

Биалаш СҮЙІНКИНА,

Білім беру саласының құрметті қызметкері

 

ҚОСТАНАЙ

 

 

Сүйікті жазушым туралы үзік сыр

Көрнекті жазушы-драматург, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Оралхан Бөкеевтің дара тұлғасы өр Алтайдай асқақ. Өкініштісі, шетсіз, шексіз әдебиет әлемінде қалам тербеп, сан мыңдаған оқырманының жүрегіне жол тапқан қаламгер ғұмыры қысқа болды. Алайда оның соңында өлмейтін әдеби-көркем шығармалары қалды.

О.Бөкеевтің есімі ойға оралғанда, ең алдымен, «Апамның астауы» әңгімесіндегі оқиға желісі, кейіпкерлер бет-бейнесі мен олардың ішкі жан-дүниесі жаныңа жылылық ұялататыны сөзсіз. Балалықтың қамсыз күндерінде оқыған жазушы туындысының әрбір сөзі көкірегіңде қатталып, көкейіңде жатталып қалатыны тағы рас. «Қалайша осындай керемет әдеби шығарма жазуға болады?» деп іштей тамсана өзіме сан мәрте сұрақ қойғаным әлі есімде. Бұл, әрине, сонау бір қайта оралмас балғын балалық шағымның бір белесі болар, сірә. Ал бүгінде жасым да ұлғайды. Сонда да «Апамның астауын» қайта-қайта оқи отырып, өз апам Зүлфияны сары күздің сарғайған жапырақтарындай сағынышпен еске алып егілетінімді несіне жасырайын?

Жазушы шығармалары әр адамды тек өмір сүруге ғана емес, ең бастысы, адамзат ұрпағының жақсы істерін жалғастыруға, жердегі барлық қайғы-қасіреттерді жеңуге үйретеді. Шығармаларын қолға ала отырып, автордың алып жүрегінің дүрсілін сезгендей боламын. Оралхан Бөкеев шығармаларын оқыған кездегі сол бір сәулелі сезімге толы сәттерді жоғалтқым келмейді. Өйткені оның туындыларының айдыны асыл, өмір-өзеннің тоқтаусыз ағысындай уақыт шіркін жылжып өткен сайын биіктей береді.

Ғазиза ӘЛІБАЙ,

Қ.Бектаев атындағы жалпы орта мектептің

орыс тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі

 

Түркістан облысы,

Ордабасы ауданы

 

 

Рухани дүниемізге ұқыпты болайық

Бертінгі жылдары бұқаралық ақпарат құралдарында, әлеуметтік желілерде абыройымызды көтеріп жүрген тарихи, рухани дүниелеріміз бен құндылықтарымызды арагідік жоққа шығару, қаралау, немесе бұрмалап қадірін түсіру сияқты келеңсіз үрдістер орын алып келеді. Мысалы, осыдан үш-төрт жыл бұрын бір орыс тележүргізушісі белгілі арнадан деректі фильм авторы ретінде Мәриям Жагорқызының «Дудар-ай» әнін оның өзі шығармағанын, өлеңнің мәтінін бөтен біреудің жазып бергенін дәлелдеуге тырысты. Көрсетілім барысында сөзге тартылған бірнеше қазақ азаматы ел аузындағы кейбір жеңіл де алып-қашпа әңгімелерге еріп, жаңағы деректі фильмсымақтағы айтылғандарды растауға әрекеттенді. Осындайда: «Намыс қайда, ұлттық рухани мүддеңді неге ойламайсың?» деген сұрақ қоюға тура келеді. Олар орыс қызы Марияның қазақ жігіті Дүйсенге (Дударға) ғашық болуы мүлдем мүмкін емес, сондықтан оны әнге қосуы да бекер дегенді алға тартады.

 Осы орайда халқымызға кең таралған әрі қолжетімді кітаптардың бетіне үңілейік. «Халық әндері мен халық композиторлары әндері» 2 томдық жинағында былай жазылған: «Мәриям Жагорқызы (Рыкина Мария Егоровна, 1887-1950) қазіргі Целиноград (Ақмола – Н.С.) КСР-дың еңбек сіңірген өнер қайраткері. Ұлы достықтың жыршысындай болған «Дудар-ай» әні арқылы Мәриям есімін бұл күнде бүкіл қазақ біледі. Оның әні дәстүрлі қазақ әндерімен тамырлас, өзектес бола тұра ешбіріне ұқсамайтын мақам, дара мәнермен өрілген әуезді дыбыстар үйлесімі адамның жан сезімі иіріміне бағындырылған, кең тынысқа, асқақ дауысқа құрылған бірегей туынды» (Алматы. «Өнер», 1990, 232-бет). Осындай анықтама «Астана» энциклопедиясында да берілген (Алматы. «Атамұра», 2008, 383-бет). Басқа да салмақты басылымдарда дәл осындай анықтамалар бар. Мұның бәрін жоққа шығаруға бола ма? Әрине, жоқ. Сондықтан Мәриям Жагорқызының Дудар деп өзі атаған ғашығына арнаған әнін, қалыптасқан әдеби бейнені жоққа шығару қисынсыз деп санаймыз.

Нақыпбек СӘДУАҚАСТЕГІ,

заңгер-құқықтанушы, публицист

 

АСТАНА