Құқық • 07 Желтоқсан, 2023

Заңнамаға «харассмент» ұғымы енгізіледі

183 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Елімізде тұрмыстық зорлық-зом­бы­лыққа қарсы заңнамаға «харассмент», «сталкинг» ұғымдары енгі­зілмекші. Енді сексуалды сипат­­­­тағы қысым, азғындық үшін жаза қарастырылады. Бірқатар Мәжіліс депутаты осындай өзге­­­­р­іс­­тер мен толықтырулар қамтылған заңның жаңа новеллаларын әзірлеп, Үкіметке жолдады.

Заңнамаға «харассмент» ұғымы енгізіледі

Коллажды жасаған – Алмас МАНАП, «EQ»

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің «Қазақстан Рес­пуб­ликасының еңбек са­ла­­сындағы харассмент пен зорлық­тың деңгейін, негізгі себептерін зерт­теу» атты құжа­тында жұмыс орнын­дағы ха­рас­смент мәселесі өзекті екені көр­сетілген. Зерттеуде респон­дент­тер­дің жар­тысынан астамы, яғни 51 па­йызы еліміздегі жұмыс орындарында харассмент пен зорлықтың бар екенін растаған. Сәйкесінше, жиі болатын жерлер – тұрақты жұмыс орны мен корпоративтік іс-шаралар деп көр­сетілген. Мамандардың айтуын­ша, бұл кеселмен күресу үшін осы ұғымды заңға да, еңбек кодексіне де енгізу керек.

«Қысым көрсететіндер мен азғын­дық жасайтын жұмыс беруші­лер­дің тізімі болуы керек. Дәлелденген жағдайда әкімшілік айыппұл салынуы қажет. Маған хат жолдаған бір қыздың айтуын­ша, оған ұзақ уақыт бойы мұғалімі тиіскен. Қыз әлі күнге дейін бұл жағдайдан қорқады», деді Президент жанындағы Әйел­дер істері және отбасылық-демо­графиялық сая­сат жөнiндегi ұлт­тық комиссияның мүшесі Тоғжан Қожалы.

Елімізде харассменттің алдын алатын арнайы заң қарастырылмаған. Қыл­мыстық кодексте «Зорлау», «Сек­с­уал­дық сипаттағы зорлық-зом­бы­лық», «он алты жасқа толмаған адаммен жыныстық қатынасқа түсу және жыныс­тық сипаттағы басқа да әре­кеттер» және «жыныстық қаты­нас­қа, немесе жыныстық сипаттағы өзге де әрекеттерге мәжбүрлеу» сияқ­ты ұғымдар ғана бар. Бұл мәселені жалпы отырыста Мәжіліс депутаты Қарақат Әбден көтерген еді.

«Елді елең еткізген кейінгі оқи­ға­лар қоғамдық сананы дүр сілкін­дірді. Осы қорқынышты жаңа­лықтар ізі­мен харассмент оқиғалары да тез тарады. Жақында Астана медицина уни­вер­си­тетінде профессор-оқыту­шы­ның сту­дентке жасаған жыныстық қысым фак­тісі анықталды. Осыдан кейін әлім­жеттік көрген студенттер өз оқи­ға­ларын әлеуметтік желіде бөлісе бастады. Жеке өзіме әртүрлі оқу орнының студенттерінен 100-ден аса хат келіп түсті. Жыныстық қы­сымға ұшыраған елордалық бой­жет­кеннің ісімен танысып, бұл салада кемшіліктің көптігіне анық көзіміз жетіп отыр. Дәл бүгін еліміздің оқу орындарында қанша харассмент оқиғасы болғанын дөп басып айту қиын. Себебі арнайы статистика жүргізілмейді. Ал заңда харассмент ұғымы атымен жоқ. Жалпы, зорлық-зомбылықтың қай түрін болсын, харассментті де қатаң қарап, заң жобасына бірқатар өзгерту мен толықтыру ен­гізу қажеттілігі туындап отыр», деді ол.

Қазір елімізде «Гендерлік зорлық-зомбылыққа қарсы 16 күн» науқаны жалғасып жатыр. Акция аясында жуыр­да өткен Орталық Азия әйелдері диалогінде Мәжіліс спикері Ерлан Қошанов «харассмент» түсінігі заңға ену керек екенін айтты.

«Кейінгі кездері депутаттар бұл тақырыпты сауалдарында белсенді кө­те­ріп жүр. Сонымен қатар әйелдер «сталкинг» құбылысына жиі тап болады. Бұл дегеніміз – аңду, артынан тың тыңдау. Мұндай әрекеттер үшін көптеген елде қылмыстық жа­уап­кершілік қарастырылған. Біздің елге де мұндай әрекеттер үшін жазаны күшейтуді ойлайтын кез келді», деді Е.Қошанов.

Сондай-ақ науқан барысында Қоғам­дық даму институтының сарапшылары арнайы «Зорлық-зомбылыққа қатысты негізгі түсініктер мен ұғым­дар» сөздігін әзірледі. Құжатта зор­лық-зомбылық түрлері, салдары және осы саладағы заңнама шаралары жа­зылған.

«Кітапша төрт бөлімнен тұрады, 30-дан аса ұғым қамтылған. Мұндағы мақсат – зорлық-зомбылық туралы қоғамның хабардарлығын арттыру­да­ көмекші құрал ретінде ұсыну. Мәсе­лен, харассмент – адамдарға еркінен тыс физикалық түрде қысым, зорлық-зомбылық көрсету, жағымсыз сөздермен, хабарламалармен бопсалау, жыныстық тұрғыда құқығын таптау, жеке шекарасын бұзу. Оның да түрлері бар: физи­калық – адам­ның қалауынсыз бола­тын жағымсыз әрекеттер мен ұсы­ныстар: дененің кез келген бөлігін сипау­, шымшу, түрту, құшақтау және сүю, еркелету немесе басқа да осындай физикалық қатынастар; вербалды – көңілге жағымсыз өтініштер мен жы­ныстық сипаттағы талаптар. Әйел­ге жағымсыз болатын жыныстық сипаттағы қорлайтын сөздер немесе әзілдер; ұлтына, нәсіліне, дене бітіміне және сыртқы түріне қатысты сөздер; «ұятсыз» анекдоттар; дөрекі сөздер; кеңестер немесе әрекеттер; вербалды емес – астарлы мағынаны меңзейтін көзқарастар, қорлайтын немесе әдепсіз дыбыс­тар, ысқырықтар, ұятсыз қимылдар; психологиялық зорлық – жағымсыз әсер қалдыратын немесе намысқа тиетін әңгімелер, ұсыныстар, өтініштер, талап­тар айту, физикалық байланыс немесе бірдеңеге назар аударту, сондай-ақ жыныстық немесе басқа да теріс мазмұндағы қорқыныш тудыратын, қорлайтын жұмыс атмосферасын орнату», деді Қазақстан қоғамдық даму инс­титуты Отбасы және гендерлік саясат зерттеу орталығының сарапшысы Арна Дүйсенова.