Қоғам • 06 Желтоқсан, 2023

Құмар ойынның құрығы ұзын

313 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Лудомания қазіргі заманда адамды аздыратын, оны қоғамнан өгейлен­діре­тін аса қауіпті әлеуметтік дертке айналды. Әсіресе кейінгі жылдары құмар ойын­ға арбалған жастар мен әйелдер санының тым көбейіп бара жатқаны алаңдатады.

Құмар ойынның құрығы ұзын

Коллажды жасаған – Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»

Оңай жолмен ақша тапқысы келетін жас­тарымыздың көбеюіне адамды елік­тіре­тін, аяқ басқан сайын кездесетін жарнамалар себеп болды деп айтуға негіз бар. Соның бір дәлелі – елімізде 2019 жылмен са­лыс­тырғанда құмар ойындарына бәс тігу өткен жылы 40 есеге артқан. Интернетте бәс тіксең, мол ұтысқа кенелесің деген қы­зыл­ды-жасылды жарнама өте көп. Қала­да супермаркеттер мен әуежай, темір­жол вок­­зал­дарына кіргенде құмар ойынға қы­зық­­тыратын шақыртулардан аяқ алып жүре ал­майсың.

Салыстырмалы түрде қарасақ, құмар ойын және бәс тігудің ауқымы спорт, де­ма­­­лыс, саяхаттаудан – 21,3 пайыз, кітап­хана, мұрағат, мұражайлар және басқа да мә­дени нысандар қызметінен 9 есе, өнер және шығармашылық саласынан 12 есе көп. Ойын бизнесі кәсіпкерліктің қыз­мет көр­се­ту саласының артына мұқият жасы­рын­ған. Кейінгі он жылдың ішінде еліміздегі ойын бизнесінен түскен пайда­ орта есеп­пен 25 пайызға көбейсе, 2019-2022 жыл­дар аралығында құмар ойын­дарды ұйым­­дастыру және бәс тігу қыз­метінің айна­­лымы 115 трлн теңгені құрапты. 2022 жыл­дың өзінде ғана елі­міз­де ойын биз­не­­сінен түскен кіріс 500 млрд теңгеден ас­­қан. Алайда әр цифрдің артын­да адам тағ­­ды­ры тұрғанын естен шығар­мауымыз қа­жет.

Парламент депутаттары ойын бизне­сін қатаң мемлекеттік реттеу жөніндегі мәсе­лені дер кезінде көтеріп отыр. Шын­­дығына келгенде, бұл – ұлттық қауіп­сіздік мәселесі. Басы ашық жайт – лудо­ма­ния­ның арты қылмыс, отбасының күй­­реуі, адамның несие қақпанына түсуі, күй­­зелісі. Асқынса, соңы суицидке де келіп тіреледі. Буыны бекімеген көп жас оң-солын ажырата алмай лудоманияның қара түнегіне батып бара жатқаны – бүгін­­гі­ қоғамның асқы­нып бара жатқан жара­сы. Сон­дықтан да ойын бизнесінің жар­на­масына тосқауыл қо­йып, оның құқық­тық нор­ма­ларын қатаң рет­тейтін кез жетті.

2007 жылы қабылданған «Ойын бизнесі туралы» заңның нормалары ескірді, оған түбегейлі өзгерістерді тезірек енгізу қажет. Ол үшін ең алдымен құмар ойын жарнамаларын қоғамдық орындардан алып тастау керек. Туризм және спорт министрлігі әзірлеген ойын бизнесі туралы нормативтік-құқықтық акті жобасымен танысып, онлайн-талқылауына да қатыстық. Көзімнің жеткені, бұл жерде ойын бизнесінен зардап шегіп жатқан отандастарымыздың жанайқайы емес, осы саладағы кәсіпкерлердің дауысы қаттырақ шығып жатыр. Жа­сы­­ратыны жоқ, ойын бизнесіндегі кәсіп­кер­лерді өз мүдделері алаңдатады. Ал сонда қарызға белшесінен батып жат­қан азаматтарымыздың жағ­да­йын кім ойлайды? Құмар ойын талай отбасыны күйретіп жатқанын көріп жүрміз. Басы айналып, бәске кіріп, қарызға белшесінен батқан күйеуін немесе баласын ойлап, шарасыздықтан не істерін білмей басы қатқан талай ана қабылдауымызға келді. Ақтөбеде тәп-тәуір табыс тауып, кәсіпкерлікпен айналысып жүрген бір келіншектің күйеуі лудоманияның құрығына ілігіп, үйін, көлігін, бар ақшасын салып жіберген. Күндіз-түні тынбай еңбек етіп жүрген кәсіпкер келіншек күйеуінің лудоманияға ұшырағанын бірден білмеген. Ақыры отбасы күйреді, күйеуі қаңғып кетті, келіншек бүкіл жиған-тергенінен айырылып, екі сәбиімен далада қалды. Мұндай жағдайлар ел ішінде көп кезде­седі. Біреу­дің отбасын ойрандаумен, бала-шаға­сы­ның баспанасын тартып алумен тапқан кіріс – арам нәрсе. Мұны ешбір сылтаумен ақтап алуға болмайды.

Ана, депутат ретінде талаптары күшей­­тіл­ген «Ойын бизнесі туралы» жаңа заң­ның тезірек қабылдануын құптаймын. Осы заңда қарапайым азаматтардың мүд­де­сі еске­ріліп, күмәнді баптар қосылып кет­пеуі үшін қоғам болып үн қосуымыз керек. Жоба­да заңды бұзған кәсіп­кердің лицен­зиясы тоқтатылып, орта биз­неске 300 АЕК, ірі бизнеске 1000 АЕК айып­пұл салынуы қарастырылған. Өз басым отба­сын қарызға батырып, үйіндегі әке-шеше­сін жылатып, бала-шағасының аузы­нан ақша жырған ойынқұмарлар арқы­лы пайдаға кенелген кәсіпкерлерге айыппұл мөлшерін өсіруді қолдаймын. Қажет болса, оларды лицензиясынан айыру­ керек.

 

Анар ДАРЖАНОВА,

Ақтөбе қалалық мәслихатының төрағасы