Коллажды жасаған – Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»
Өңірлік ауыл шаруашылығы басқармасының дерегінше, биыл Ертіс-Баян өңірінің фермерлері 806,4 мың тонна «екінші нан» жинап былтырғы рекордты бірден 133 мың тоннаға жаңартты. Алайда мұншама аста-төк картопты қайда жіберерлерін білмей бастары қатып отыр. Қазір шаруашылықтардың қоймаларынан босатылатын түйнектердің килосы 57-65 теңгеден сатылып кетіп жатыр. Былтыр дәл осы уақытта баға 110-120 теңге көлемінде болғанын ескерсек, жергілікті картоп өсірушілер қаншама шығынға батқанын бағамдай беруге болар.
– Жаз құрғақ өтсе де, картоп өсірген фермерлер күзде мол өнімге кенелді. Гектарынан орташа есеппен 327 центнерден алды. Жалпы, картоп өсірумен аймақта 142 шаруашылық шұғылданса, оның 96-сы – ірі фермерлік шаруашылықтар. Облыста жалпы сыйымдылығы 495 мың тоннаны құрайтын 149 көкөніс сақтайтын қойма болса, оның ішінде 455 мың тонна өнімді заманауи жабдықталған қоймаларда сақтаудың мүмкіндігі бар. Черноярка алқабында 1-2 гектардан картоп салатындар да бар. Мұндай ұсақ шаруа қожалықтары үшін өз өнімдерін сатуда қиындық туындауы мүмкін. Ал үлкен шаруашылықтар нарықта танымал болғандықтан, жылдың соңында немесе келер жылдың көктеміндегі өлара кезеңде қалған бөлігін тиімді бағада өткізе алады, – дейді басқарманың бөлім басшысы Есентай Мүрсәлімов.
Бұған дейінгі жылдарда керекулік картопты Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан мемлекеттерінен тонналап сатып әкететін. Биыл Ресейде өнім мол шыққаны әрі оның өзіндік құны өте арзан болып тұрғанына орай өзге елдердің алыпсатар компаниялары отандық картоп өсірушілерге жуымай қойды. Қазіргі күні Ресей картоптың килосын импортқа 4-5 рубльден жөнелтіп отыр. Теңгеге шаққанда 24-25 теңге. Яғни біздің отандық картоптан екі есеге арзан. Ресейлік түйнектің арзан болатын себебі бар, ол жақтағы топырақтың құнары жоғары, өнім жазда суарылмайды. Ал Павлодардағы Черноярка алқабы ала жаздай Ертістің суына тәуелді. Өзіндік құнын есептесек, қазіргі көтерме баға шамамен 80-90 теңге болуы керек. Амалы құрыған жергілікті фермерлер 60-65 теңгеден босатпасқа шарасы жоқ. Оның өзі сұраныс болған жағдайда ғана. Әйтпесе, қазір жергілікті нарықта сұраныстан ұсыныс көп.
«Агрокульт» ЖШС-ның басшысы Бақтияр Ысқақов әбден сұрыпталған картоптың өзін 60 теңгеге әрең өткізіп жатқандарын жеткізді. Сатып алушылар үнемі жеңілдік сұрайды. Амалсыздан 3 пайыз жеңілдік жасап, килосын 58,5 теңгеден беріп жатырмын дейді кәсіпкер. «Картоптың орташа көлемділерінің килосы тіпті 20 теңге болып қалды. 11 мың тонна картоп жинап едім, бүлдіріп алмайын деп жақын жердегі көкөніс қоймасында килосы үшін 5 теңге төлеп сақтап отырмын. Осы уақытқа дейін 7 мың тоннасы арзан бағаға сатылды. Аграрлық кредиттік корпорация алдында 180 млн теңге несие төлемі тұр. Көктемде тұқым, жанар-жағармай, ауылшаруашылық техникалары мен агрегаттарын сатып алғанбыз. Берешегімнің жартысын әрең дегенде жинадым. Енді қалғанын табу мұңға айналып тұр. Менің егістігіммен қатарлас картоп егетін Қайрат, Диас деген азаматтардың мәселесі тіпті күрделі. Олардың да банктер алдында қаншама борышы, міндеттемелері бар. Жағдай бұлай жалғаса берсе, көптеген шаруашылық банкрот болуы әбден мүмкін», деп мұңын шақты шаруа басшысы.
Ал «Аңдас» ШҚ басшысы Зейнолла Сәлменбаев бұған дейінгі жылдары сапалы өнімді Өзбекстан, Түрікменстан, Қырғызстан мемлекеттерінің кәсіпкерлері іздеп келіп алып жүргенін айтады. Былтыр еліміздің батыс өңірлерінің әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялары келіп, жергілікті шаруашылықтардың картобын тиімді бағада сатып алған еді. «Баға қазіргі қалыппен құлдырай берсе, алдағы жылдары егіншіліктің бұл түріне қызығатын адам таппай қалатын түріміз бар. «Картоптың «Вега», «Конкорд», «Коломбо», «Гала» секілді кең таралған түрлерін өсіреміз. Өзбекстан халқы «Веганы», өзіміздің жергілікті жұрт «Коломбо» сорттарын ұнатады. Біздің картобымызды Түрікменстан, Ресей мемлекеттері тұрақты алып келген. Ресейдің көршілес аймақтары көктемде тонналап сатып әкететін. Ол жақта өсірілетін түйнектер ұзақ уақыт сақтауға жарамсыз. Біздің егіс алқаптарымызда өсірілетін өнімдеріміз сақтауға өте төзімді. Мамырға дейін сақтағанда өнімнің көп болса 5-10 пайызы ғана бүлінеді. Жыл сайын танаптарды ауыстырып, картоптың тұқымдық сапасын сақтап қалуға тырысамыз. Бір жерге жыл сайын картоп отырғыза берсең өсімдік ауруға ұшырайды, сапасы төмендейді. Ал сұрыптық қасиетін сақтасаң, картоп гендік ерекшелігін жоғалтпайды», дейді көпжылдық тәжірибесі бар Зейнолла Қайрошұлы. Фермердің сөзінше, қазір Ақсу қаласының, Павлодар, Тереңкөл, Железин, Аққулы, Ақтоғай аудандарының картоп өсірушілері өнімдерін сыртқа өткізе алмай қиналып отыр. Өнімнің, тіпті ішкі нарықта тиімді бағада өтпеуіне жергілікті жерде қайта өңдейтін өндірістің болмауы себеп деп есептейді ол.
Анықтағанымыздай, облыста картопты қайта өңдеумен небәрі бір ғана кәсіпорын, «Saida» жеке кәсіпкерлігі шұғылданады екен. Оның өзі Шарбақты ауданында орналасқан. Мұндағы шағын цехта күніне 70-80 қаптама картоп қытырлақтары (чипсы) шығарылады. Цехтың жылына ең көп дегенде 15 тонна ғана картопты өңдеуге қауқары бар. «Best» брендімен танымал қытырлақтар әзірше облыс көлемінде ғана сатылып жатыр. Кәсіпкер Айсұлу Байысованың айтуынша, қытырлақ шығаруға картоптың кез келген сорты жарамайды. Оған арнайы сорттар әрі көлемі орташа түйнектер ғана пайдаланылады. «Черноярка алқабындағы әлдебір шаруашылық әзірше шикізатпен қамтамасыз етуде. Керегемізді кеңейту үшін бізге қаржылық мүмкіндік пен жаңа нарық керек. Сондықтан өзге аймақтардың дистрибьюторлары өнімімізді алып, тұтынушылар арасында сынап көрсе деген тілегіміз бар. Былтыр мемлекеттің қолдауына ие болып, 2,9 млн теңге грант ұтып алғанбыз. Цех соның нәтижесінде жұмыс істеп тұр. Ал өніміміз жүз пайыз табиғи картоп пен күнбағыс майын және дәмдеуіштер ғана қосамыз», деп әңгімеледі кәсіп иесі.
Ресми статистикалық деректерде былтыр керекулік шаруалар Ресей, Өзбекстан, Түрікменстан, Қырғызстан елдеріне жалпы көлемі 129,4 мың тонна картоп сатқаны айтылады. Ал биылғы жыл басынан тағы 129,5 мың тоннасы сырт мемлекеттерге экспортталыпты. Оның басым бөлігі өткен қыс пен көктем айларында сатылғанын ескеру керек. Әзірше биылғы өнімнің қаншасы сыртқа сатылғаны туралы деректер тіркелмеген. Өңірлік ауыл шаруашылығы басқармасы қайта өңдеу және кооперацияны дамыту бөлімінің бас маманы Татьяна Нагула облыс тұрғындары жылына небәрі 75,5 мың тонна картоп тұтынатынын жеткізді. Ал жиналған картоп бұл сұраныстан 12 есеге асып түскен. Мемлекеттің миллиардтаған демеуқаржысы бүгінде көбіне жаңа көкөніс қоймаларын салуға жұмсалып жатқанын, алдағы екі жылда бір ғана Керекуде 58,5 мың тонна қойма пайдалануға берілетінін айтсақ та жеткілікті. Ендеше, Павлодар облысына қайта өңдеу кәсіпорындары ауадай қажет. Жалғыз «Saida» ЖК-дан өзге картопты қайта өңдеу кәсіпорындары мүлде жоқ. Крахмал шығаратын зауыт салу туралы мәселе көтерілгелі біраз уақыт өтті. Жоба сөзбұйдаға салынып, созылып кетті. Бұған дейін облыс орталығында картоп қытырлақтарын шығаратын өндіріс те ашылады деп күтілген. Алайда шетелдік инвесторлар қаржы салуға жүрексініп қалды. Сондықтан павлодарлық картоптың әзірше бағы ашылмай тұр.
Ауыл шаруашылығына жауапты органдардан сұрап білгеніміздей, алдағы қыс пен көктем айлары үшін жергілікті қоймаларда 330 мың тонна картоп сақтаулы тұр. Оның 45 мың тоннасы тұқымдық картоп саналады. Жергілікті фермерлер баға түзелмейінше, жағдайымыз оңалмайтыны анық дейді. Қазір ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесінде картоптың килосы 80 теңгеден, ал әдеттегі дүкендерде 120 теңгеден аспай тұр. Қорда әлі де мол өнім бар екенін ескерсек, жуық уақытта баға өседі деп болжауға ешбір негіз жоқ.
Павлодар облысы