Қоғам • 07 Желтоқсан, 2023

Балаларға тамаша тарту

131 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Биыл белгілі ақын, Қазақ­стан Жазушылар одағының мүшесі Аманқос Ершуовтың туғанына 80 жыл толды. Осыған орай Ұлттық акаде­миялық кітапханада ақын­ның «Қасиетті қазына», «Ақ­мешіт», «Бармақбайдың ба­сы­нан кешкендері» атты кі­тап­тарының тұсаукесері өтті.

Балаларға тамаша тарту

Қазақ поэзиясына өзіне тән қо­ңыр үнімен келген ақын өнімді еңбек етіп, соңына мол мұра қал­дырды. Оның «Көкжиегім – келе­шегім», «Шырқау», «Шопан баласы», «Жылқышының ұлы», «Ой­сылқара», «Алтын босаға», «Шұ­ғылалы шақтар», «Пір Бекет пен Жыр Зекет», «Оғыланды» және басқа да жыр жинақтары кезінде әдебиет сыншылары мен оқырмандардан өз бағасын алған.

пры

Іс-шара барысында балалар жазушысы Толымбек Әбдірайым, ақын «Түркістан» газетінің бас редакторы Бауыржан Бабажанұлы, ақын Ахмет Кендірбекұлы қарымды қаламгердің азаматтығы мен шығармашылығы туралы жылы есте­ліктерімен бөлісті. Сондай-ақ ұстаз Раушан Құрман­ғалиева автордың «Қа­сиетті қазына» атты кітабындағы өлеңдерді бас­тауыш сыныптардың оқулығына ен­гізілсе деген ұсынысын айтты.

еун

Ақынның балаларға арналған «Ақмешіт» атты кітабына Бекет ата туралы «Кие» поэмасы, сон­дай-ақ «Бейбарыс», «Аруақ», «Да­лабай», «Асалы-Көкетай» және басқа да туындылары енсе, «Қа­сиетті қазына» атты жинаққа ұлт­тық құндылықтарды дәріптеген балалардың ұғымына жеңіл шы­ғар­малары топтастырылған. Ал «Бар­мақбайдың басынан кешкен­дері» кітабында автор төрт түлік мал, ер қанаты – жылқы, түйе мен сиыр, қой туралы жырлай отырып, ауыл өмірін, төрт түліктің қасиетін ба­лаларға алуан қырынан таныстырады. Жаңа кітаптар «Кәусар» баспасынан жарық көрді. Онда Әбілқайыр Жантасов, Камила Жапалова секілді қылқалам шеберлерінің суреттері пайдаланылған. Мұқабасын суретші Алмас Сырғабай безендірген. Маз­­мұнды шара соңында қалам­гердің қызы, ақын, аудармашы, ха­лықаралық «Алаш» әдеби сый­лығының лауреаты Маржан Ершу аталған жаңа кітаптарды Ұлттық академиялық кітапхана қорына тапсырды.