Суреттерді түсірген – Тимур Епов
Алматыдағы «Jusan vibe» алаңында өтіп жатқан жәрмеңкеде еліміздің өңірлерінен, Қырғызстан, Өзбекстаннан келген 10 галерея біріктіріліп, өз қабырғаларына 30-ға жуық заманауи суретшінің жұмыстарын қойды. Шын мәнінде, өнер иесіне өз жұмыстарын сату оңай емес, абзалы оның саудасын арт-галереяларға беру.
Сурет жәрмеңкесінде шындығында ұйымдастырушылардың өздері де күтпеген оқиғалар орын алды. Алғашқы үш күнде сатылымға шығарылған жұмыстардың 25%-ы өтіп кетсе, Қарағандыдан келген «Алтын ғасыр» мен ташкенттік «Hlmrdv Gallery» галереяларының картиналары коллекционерлерді арбады. Бұлар Евгения Казакова, Петр Кишкис, Фания Исламова, Темур Шердеметов пен Саламат Бабаджановтардың картиналары болатын. «Жәрмеңке дәл осындай нәтиже береді деп күтпеген едік. Бұл – біздің табыс әкелген ең алғашқы тәжірибеміз. Бірінші күні біздің картиналар қойылған қабырға айналасында арт-сарапшылар мен кәдімгі көрермендер арасында кәдімгідей пікірталас жүрді. Кейбіреулер бұрын мұндай суреттерді кездестірмегенін, тосын жаңалық екенін айтып жатты. Жәрмеңкеге әкелген суреттерді Лос-Анджелестен келген куратор, еуропалық, түркиялық және жергілікті коллекционерлер сатып алды», дейді «Алтын ғасыр» галереясының өкілдері.
Расында да, жергілікті арт-нарықта кәсіби жәрмеңкенің пайда болуы – өнер нарығының қалыптасуы мен дамуының маңызды нышаны ғана емес, арт-туризм үшін де тартымды оқиға. Өйткені Орталық Азия өнері бүгінде әлемдегі жетекші институттарды, галереялар мен ірі коллекционерлерді қызықтырып отыр. Оның айғағы 2023 жылы Қазақстанның коммерциялық галереялары «Volta Basel» (Швейцария), «Art Dubai» (БАӘ), «Contemporary Istanbul» (Түркия), «Asia Now» (Франция), «Bazaar Berlin» (Германия) сынды бірнеше ірі халықаралық жәрмеңкеге
қатысқан. «Біздің аймақта небір талантты авторлар бар. Біз осындай қылқалам шеберлерін өнер кеңістігінде таныстыра отырып, заманауи нарық қалыптастыру қажеттігін көріп отырмыз», дейді жоба кураторы Оля Веселова.
Жергілікті жәрмеңкенің ашылуы үнемі жаңа атаулар мен жаңа өнер тәжірибелерін іздейтін өнер дилерлерін қызықтырады. «Биыл суретшілерімізді әртүрлі халықаралық көрмелерге шығара алғанымызды үлкен жетістік деп санаймыз. Бүгін «Ala Art Fair-де» біз «Сontemporary Istanbul» және «Asia Now» жәрмеңкелерінде кездескен қонақтармен қауышсақ, олар да Қазақстанның өнері, мәдениетімен танысады», дейді «Kazakh Tourism» ҰК» АҚ креативті туризм департаментінің директоры Ирина Харитонова.
Қорыта айтқанда, халықаралық жәрмеңке Орталық Азияның арт-нарығы туралы кәсіби жиынға ұласты. Арт-конференцияда мамандар түрлі тақырыпта пікір алмасты. Ал заманауи талантты суретшілердің картиналары 70$ бастап 7000-8000$ дейін бағаланды. Талай жұмыс сурет коллекционерлерінің қызығушылығын туғызды.
АЛМАТЫ