Қазір шыны керек, смартфон ұстамайтын бала жоқ. Қанша жерден «ұстама, ұстауға болмайды» дегенмен талап тек сөз күйінде қалып келеді.
– Мәселе – оқушылардың оқу кезінде телефонға алаңдамауы. Сондықтан мен олардың телефондарын сабақ басталарда жинап аламын да, қайтатын кезде ғана беремін. Бұрын қорапқа салып қоятын едім, жақында өз қаражатыма арнайы шкаф істеттім. Рас, 50 мың теңге жұмсадым. Азды-көпті қаражат жұмсағаннан ешкім де кедейленіп қалмайды ғой. Сыныпқа, сабаққа керегі бар ма, кез келген нәрсені өзім жасата саламын. Есесіне әдемі көрінеді әрі бала бойында мәдениетті қалыптастырады, – деген Нұргүлдің сөзі таңдандырып тастады. Мектеп қажеттілігі үшін қай мұғалім қалтасындағы қаржысын жұмсайды? Осылай ойлаймыз ғой. Қателеседі екенбіз, бар екен ондай жандар.
«Оқуға құштар мектеп» деп аталатын жоба бар. Мектептегі барлық дерлік іс-шара осы бағдарлама аясында жүргізіледі. «Мектеп оқуға құштар болуы үшін ұстаздар жаңашылдыққа ұмтылмаса, ізденімпаздыққа ынталы болмаса, ештеңе де өнбейді». Бұл – Нұргүл Шамаеваның пікірі.
Оған биыл 6 «А» сыныбына жетекшілік жасау жүктелді. Ол сыныпқа бөлінген кабинетті безендіруге айрықша көңіл бөлді. Кабинеттің іші кірсе, шыққысыз. Әртүрлі гүлдер көздің жауын алады. Отаншылдық туған жерді сүюден, соның қасиетін ұғынудан басталады. Танымал тұлғалардың портреттері, тарихи орындардың суреттері арнайы тұғырларға орнатылыпты. Көзбен көрген көңілге қонақтайды. Кітап сөресінің өзі қандай? Осының бәріне ол 200 мың теңгедей қаржысын жұмсаған көрінеді. Мұнда қойылған әрбір нәрседен ізденістің іздері менмұндалап тұр.
Оның еңбек өтілі – 22 жыл. 2001 жылы Ө.Байқоңыров атындағы Жезқазған университетін қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша тәмамдаған ол содан бері ұстаздық жолда тер төгіп келеді. Абыройлы. Ардақты. Құрметті. Қадірлі. Бұдан артық не керек? Бәрі де сол әрдайым жаңашылдыққа ұмтылатын ізденімпаздықтың арқасы.
Ұлытау облысы,
Жаңаарқа ауданы