Қоғам • 08 Желтоқсан, 2023

«Ашық жүрек» шапағаты

132 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Мәшһүр Жүсіп атындағы орта мектеп­тің педагогі Дана Серімбаеваны бы­лайғы жұрт ерікті ретінде жақсы тани­ды. Еріктілер қозғалысының көш­бас­шысы өз мектебінде «Ашық жүрек» жасағын құрып, оқушылар мен ұстаздарды игі іске үнемі жұмылдырып жүргені.

«Ашық жүрек» шапағаты

Дана Төлеубайқызының не­гізгі мамандығы – ағылшын тілінің мұғалімі. Кейінгі 16 жылдан бері Қазақстандағы Қызыл жарты ай қозғалысының белсенді мүшесі. Коро­навирус пандемиясы мен Екібастұздың жылу жүйесіндегі апат уақытында тын­бай жұмыс істеп, қоғамға зор еңбегін сіңірді. Пан­демия кезінде ол өзі сияқты еріктілермен бірге Қа­зақстанның бірнеше өңірін аралап, каран­тиннің кесірінен үйлерінен шыға алмай қалған отбасыларға дәрі-дәрмек пен азық-түлік, мүм­кіндігі шектеулі жандарға қажетті құрал-жаб­дық­тарын жеткізді.

– Қызық болғанда, Павлодар қаласына сол уақытта Италиядан ерлі-зайыпты турис­тер келген екен. Бұл уақытта аталған мем­лекеттің өзінде қауіпті індет қатты тарап жатқан. Әлгі адамдар біздің шаһарда ұзақ аялдап, мен оларға біраз уақыт азық-түлігін жеткізіп тұрдым. Ерлі-зайыптылар өздерінің жұптасқандарына 50 жыл толуын карантин уақытында Керекуде атап өтті. Одан соң Жеңіс мереке­сінде тыл еңбеккерлерінің үйле­ріне мемлекеттік наградала­рын апарып тапсырдық. Қауіп­ті вирустың алдын алу тақыры­бында үнемі сабақтар өткізіп, үлкен-кішінің арасында дәрістер оқыдық, – деп еске алады сол бір қауырт күндерді Дана апай.

Оның бұл еңбегі ескеріліп, «Халық алғы­сы» медалімен, еріктілерге берілетін халық­ара­лық сыйлықпен марапатталды. Д.Серім­баеваның одан соңғы волонтерлік қызметі былтыр Екібастұзда төтенше жағдай режімі жарияланғанда жарқырай көрінді. Көпті жұмылдырып, пәтерлерінде бүрісіп отырған халыққа жылы киімдер, жылыт­қыштар мен азық-түлік таратты. Жұртшылықтың бойын жылы сөздерімен жылытты.

Дана апайдың айтуынша, оны отбасында­ғылар үнемі қолдап жүреді. Кіші және ортаншы қыздары анасының жолын қуып, еріктілер қозғалысының белсенді мүшесі атанған. Ал үлкен қызы қозғалысқа қар­жылай көмек жасап тұрады. Апайдың жолдасы жеке көлігі­мен еріктілерді тасып, бар қолға­бысын жасауға тырысады. Оның үстіне педагог жылына бірнеше мәрте донорлыққа қан тапсыруды әдетке айналдырған.

Тағы бір ерекшелігі, ол республикалық «Тә­лімгерлер» жобасына да белсене атсалысып, Павлодардағы балалар аулында Даша есімді қызды өз қамқорлығына алған. Кейінгі 5 жыл бойы бойжеткенді қоғамға бейімдеп, тәрбиесін беріп келеді. Бүгінде Даша өзінің немерелерімен тұрақты байланысып, ойындары жарасып жүргенін мақтанышпен жеткізді.

Айтып өтейік, Мәшһүр Жүсіп мектебіндегі Қы­зыл жарты ай қоғамының филиалы – «Ашық жү­рек» жасағы Волонтерлер жылында «Пав­ло­­дар облысындағы үздік еріктілер жасағы» атанды.

 

ПАВЛОДАР