Адам құқықтары жөніндегі уәкіл кеңсесі, Президент жанындағы Адам құқықтары жөніндегі комиссия, Сыртқы істер министрлігі, Қазақстандағы көші-қон жөніндегі халықаралық ұйым және БҰҰ Даму бағдарламасы, сондай-ақ ЕҚЫҰ ұйымдастырған кездесуге Парламент депутаттары, мемлекеттік органдар мен халықаралық ұйымдары, ҮЕҰ өкілдері, түркі мемлекеттерінің омбудсмендері, қоғамдық пікір көшбасшылары және сарапшы мамандар жиналды.
Қазақстандағы Адам құқықтары жөніндегі уәкіл Артур Ластаев алғысөзінде атап өткендей, форум БҰҰ-ның «Адам құқықтары 75» жаһандық бастамасын қолдау мақсатында ұйымдастырылып отыр. «Адам құқықтарының жалпыға бірдей декларациясы құндылықтарының орасан зор әлемдік маңыздылығын, олардың еліміздің және бүкіл адамзаттың дамуындағы рөлін, құқық қорғау мекемелерінің жаһандық орнықты дамуға қосқан үлесін ескере отырып, конференция жұмысын Президент те құптады», деді А.Ластаев. Сондай-ақ спикер былтыр жүргізілген конституциялық реформа құқық қорғау институттарын нығайтуға септескенін атап өтті. Оның сөзінше, адам құқықтарын сот арқылы қорғаудың тиімділігі аса маңызды. Әділ сот ісін жүргізу құқығы адамның негізгі құқықтарының бірі саналады. «Сол себептен адам құқықтарының қорғалу дәрежесі және оның тұтастай алғанда құқықтық шаралардың тиімділігін қабылдауы ұлттық сот рәсімдерінің қоғамның халықаралық стандарттары мен үміттеріне сәйкестігіне байланысты», деді омбудсмен.
Мемлекет басшысының атынан сөз алған Президент жанындағы Адам құқықтары жөніндегі комиссияның төрағасы Игорь Рогов: «Кейінгі жылдары елімізде демократия мен құқық үстемдігінің құндылықтарынан туындайтын ауқымды өзгерістер жүзеге асырылды. Жүргізілген реформалардың нәтижесінде биліктің заңнамалық тармағы күшейтілді, сайлау жүйесінің пропорционалды-мажоритарлық моделі енгізілді. Өлім жазасын толығымен жою маңызды қадам болды. Конституциялық сот өз жұмысын бастады. Оған қазір барлық азаматтар тікелей жүгіне алады. Омбудсменнің өкілеттіктері едәуір кеңейтілді, оның әр өңірде өкілдіктері пайда болды. Қазақстан адам құқықтары мен бостандықтарын қорғау жүйесін нығайту, елде заңдылық пен тәртіпті қамтамасыз ету жөніндегі дәйекті және кешенді жұмысты жалғастырады. Бұл – мемлекеттік саясатымыздың негізгі басымдықтарының бірі», деді.
Конституциялық сот төрағасы Эльвира Әзімова сөзін: «Биыл адам құқықтары тақырыбының өзі «Баршаға қадір-қасиет, теңдік және әділеттілік» ұранымен сүйемелденетінін атап өткім келеді» деп бастады. Оның айтуынша, бұл іске асырылып жатқан жобалардың басында тұрған жұмысты көрсетеді. Тәжірибе көрсеткендей, кез келген экономикалық, әлеуметтік жоба әрдайым қоғамның және белгілі бір адамның мүдделерін ескеру қажеттілігімен бірге жүреді.
Бұдан кейін кездесуге жиналғандар үш негізгі сессияға қатысып, күн тәртібіндегі өзекті мәселелер бойынша пікір алмасты. Оның ішінде адам құқықтары саласындағы халықаралық стандарттарды ұлттық заңнамаға енгізу тәжірибесі, әділ сот ісін жүргізу және сот төрелігіне қол жеткізу құқығын іске асыру мен Париж қағидаттары контекстінде құқық қорғау институттарын институционалдық дамыту және нығайту да бар.