Жыл сайын Қазақстан аумағында 102,3 текше шақырым су қоры жиналады. Оның ішінде 1,2 текше шақырымы, яғни, жалпы су көлемінің 1%-дан астамы тұрғындарды ауыз сумен қамтуға жұмсалады.
Парламент Мәжілісінің депутаты Сергей Пономаревпен диалог барысында Су ресурстары және ирригация бірінші вице-министрі Болат Бекнияз тұрғындарды сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету жұмыстары туралы айтты.
Экономиканың қажеттіліктері үшін жылдық су тұтыну шамамен 25 текше шақырымды құрайды. Оның 65 пайызы ауыл шаруашылықтың, 25 пайызы өнеркәсіптің қажеттіліктеріне бағытталады.
«Сол себепті Қазақстан халқы ауыз судан тарығады деп айтуға болмайды. Барлық нормативтік құжаттарда, Су кодексінде ең бірінші орында азаматтарымызды ауыз сумен қамтамасыз ету мәселесі тұр. Біз алдағы 2 жылда еліміздің барлық өңірін орталықтандырылған су жүйесімен қамтамасыз етуді жоспарлап отырмыз. Қандай табиғи жағдай болмасын, климаттың өзгеруі немесе трансшекаралық су ресурстарының азаюы ауыз су тапшылығына әкелмейді. Себебі тұрғындарға қажетті ауыз су көлемі жалпы су қорының 1%-ын ғана құрайды», деді вице-министр.