Фото: Н.Байбулин.
Құттықтау сөзінде Мәулен Әшімбаев жарыстың жоғары деңгейде өткенін және ерекше спортшылардың шеберліктері мен табандылықтарын айрықша атап өтті. Сондай-ақ бочча федерациясының қызметін қорытындылап, алдағы жұмыс жоспарына тоқталды.
«Алдымызда ауқымды міндеттер тұр. Келесі жылы бірқатар іс-шара ұйымдастыруды жоспарлап отырмыз. Алғаш рет боччадан ұлттық жасөспірімдер құрамасын жасақтаймыз. Туризм және спорт министрлігінің және демеушілердің қолдауымен келесі жылы ел чемпионаты, республика Кубогі, Сұлтанбек Орынбасаровты еске алуға арналған ашық турнир сияқты аз дегенде үш ірі республикалық жарыс ұйымдастыруды көздеп отырмыз. Одан бөлек, ұлттық құрамамыз бірқатар халықаралық додаларға қатысады», деген Мәулен Әшімбаев жарысқа қатысушыларға және параспортшыларға қолдау көрсеткен жаттықтырушылар мен ата-аналарға алғыс білдірді.
Айта кетсек, боччадан ҚР-ның Кубогі үшін жарыс желтоқсанның 8-9 күндері өтіп, елордада Ж.Үшкемпіров атындағы жекпе-жек сарайында еліміздің 10 өңірінің 64 спортшысы сайысты.