Қоғам • 10 Желтоқсан, 2023

Стартаптардың сәтті қадамы

193 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Astana Hub технопаркінде жүзеге асырылып жатқан Startup Garage бағдарламасының екінші легі аясында 118 стартаптың 38-і ғана инкубациядан өте алды. Қатысушылар дамудың келесі сатысына қадам басып, сатылымын арттырды әрі халықаралық нарыққа шықты. Стартаптардың белсенді дамуы нәтижесінде 68 жаңа жұмыс орны ашылды. Қатысушылар жалпы сомасы 87 млн теңгенің өнімін сатты.

Стартаптардың сәтті қадамы

Стартаптарды бастапқы MCI (идея) және MVP (өнім) кезең­де­рінде қолдауға бағытталған Startup Garage бағдарламасы 3 кезеңді қамтиды. Әр кезеңде коман­далардың қатысуы мен әлеуеті, олардың іс-шаралар­да­ғы белсенділігі және өнімді әзі­р­­леу­дегі жетістіктері мұқият тал­да­нады.

– Нәтижесіз және ереже­лер­ді бұзған жобалар бағдар­ла­мадан шығарылады. Бұл көп­қырлы тәсіл бізге ең әлеуетті және амбициялық жобаларды анықтауға мүмкіндік береді. Қар­қынды 12 аптаның ішінде стар­таптар жан-жақты қолдау мен ресурстарды ғана емес, сонымен қатар даму, өнімді ұсыну, сату арналарын арттыру және инвес­тор тарту негіздерін де игерді, – дейді Astana Hub бас дирек­торы Мағжан Мәдиев.

Жобаны дамыту үшін әр стартаптың қажеттілігіне қарай әртүрлі әдіс қолданы­­лып, түрлі сынақ жасалады. Startup Garage қатысушыларын IT компанияларда жұмыс істе­ген тәжірибелі және үздік трекер­лер оқытты. Сарап­шы­лар мен шақырылған лектор­лар, соның ішінде табыс­ты стартаптардың негізін қалау­шы­лар, инвесторлар және IT саласындағы ірі ойыншылар стартап құру әрі оны дамыту бойынша инсайттарымен бөлісіп, кеңестерін айтты. Инку­­бация кезінде Quickstarter Plus, Best Price, DentaSense, ekgov, TenderTech, Inventivo, Cubus, Alan секілді әлеуетті жобалар жақсы нәтиже көрсетті.

– Үш айдың ішінде бағдар­ла­­ма нәтижесінде ашық нарық­қа шыға алдық, онда сатылы­мы­мыз бір айда 100 мың теңге­ден 1,2 млн теңгеге дейін, яғни 12 есе өсті. B2C жүйесінде «Каспи» картасына қарапайым ауда­рымнан бастап, «таза бух­галтерлік есебі» бар, шот-фак­ту­ра­­лармен және сертификаттар­мен қамтамасыз етілген B2B жүйе­сіне ауыса алдық. Жаңа клиент­­терді табуды үйреніп қана қоймай, нарықтағы ұсы­ны­­сы­мыздың құндылығын рас­тадық. Қазір аудиториямыз – 20 бала­­бақша, – деп пікір білдірді Best Price негізін қалаушы Ілияс Тасы­мов.

Еске сала кетейік, MCI және MVP кезеңіндегі стартаптар Astana Hub-тың Startup Garage инку­бациялық бағдарламасы бойынша тегін оқи алады. Бұл бағ­дар­лама білім беріп қана қой­май, қарқынды дамуға, сарап­шы­лар және әлеуетті инвес­тор­лар­мен тиімді қарым-қаты­нас­ ор­на­туға қолайлы жағдай жасайды.