Санжар Керімбай мен Әділбек Нəби бірлесе жазып, «Отбасы хрестоматиясы» баспасынан шыққан кітап лентасын Парламент Мәжілісінің депутаты Қазыбек Иса, Мәдениет және ақпарат министрлігі Архив, құжаттама және кітап ісі комитеті Кітап ісі басқармасының басшысы Алмаз Мырзахмет, Президент жанындағы мемлекеттік басқару академиясы Басқару институтының директоры Зұлпыһар Ғайыпов, «Қазақстан мәслихаттары депутаттарының бірлестігі» РҚБ төрағасы Төлеубек Мұқашев, Ұлттық академиялық кітапхана директоры Ғазиза Құдайберген, қайраткердің шәкірттері, ҚазКСР еңбек сіңірген әртістері Мұхтархан Манапұлы мен Тойған Ізім және біртуар тұлғаның баласы Ниетжан Өзбекәліұлы қиып, сөз сөйледі. Жиынды белгілі журналист Зейін Әліпбек жүргізді.
Кітаптың тұсаукесер рәсіміне халық көп жиналды. Ине шаншарлық орын жоқ десе болғандай. Тұлғаға деген халықтың ықыласы десті сөз сөйлегендер. «Осы кітаппен Өзбекәлінің жаңа дәуірі басталды. Әділетті Қазақстанның бас қаһарманы ретінде осындай тұлғалар саналуы керек. Өзағаң кеңес билігінің қылышынан қан тамып тұрған 1988 жылы Шәкәрім Құдайбердіұлы, Ахмет Байтұрсынұлы, Мағжан Жұмабаев, Міржақып Дулатұлы, Жүсіпбек Аймауытұлы сынды Алаш арыстарын ақтаудың басында тұрды. Ол қандай күреспен, қандай айқаспен келгенін біле бермейміз. Тәуелсіздік алғанымызға бірталай жыл өтсе де, сол айқас әлі жалғасып келеді. Ал ол замандағы айқасты елестетудің өзі қиын. Сондықтан Өзбекәлі есімі Қазақстанның кез келген қаласында салтанат құруға тиіс», деді Парламент Мәжілісінің депутаты, ақын Қазыбек Иса.
«Зерттеушілер өнер туындысын горизонталь және вертикаль ұғымдарымен талдап жатады. Бұл ұғымдарды өнер және қоғам қайраткерлерінің атқарған істерін саралағанда да пайдалануға болады. Горизонталь тұлғалар көкжиекті кеңейткен, көлдей көсіліп, дариядай жайылған мұрасы бар, яғни өз заманымен, уақыт ағысымен бірге іргелі жұмыстар жасаған тұлғалар. Ал вертикаль тұлғалар заман қабаттары мен кеңістіктерін бәйтеректей тік өсіп, бұзып жарып, биіктетіп тастағандар. Қазақтың маңдайына біткен Өзбекәлі Жәнібек сондай тұлға. Тағдырлы кезде тарихи шешімдерді қабылдап, руханият тамырын дөп басқан бірегей тұлғаның ерен еңбегі өнер адамдарына ғана емес, әр мемлекеттік қызметкерге үлгі-өнеге. Мен осындағы жұртшылыққа Мәдениет және ақпарат министрі Аида Ғалымқызының құттықтауын жеткізгім келеді. Осындай құнды еңбектің шығуына себепкер тұлғаларға, «Отбасы хрестоматиясы» баспасына, авторларға мың алғыс», деді министрліктің Архив, құжаттама және кітап ісі комитеті Кітап ісі басқармасының басшысы Алмаз Мырзахмет.
Сонымен қатар Сенат спикері Мәулен Әшімбаев, Түркістан облысы әкімінің орынбасары Бейсен Тәжібаев, Түркістан облыстық мәслихатының төрағасы Нұралы Әбішев, Отырар ауданы әкімі Сәкен Сұлтанхановтың құттықтау хаттары оқылды. Астана қаласы әкімінің орынбасары Есет Байкен сөз алып, қала басшысы Жеңіс Қасымбектің құттықтауын жеткізді.
Жиын барысында Өзбекәлінің елден келген ағайыны Керімқұл Пірімқұлұлы кітап авторлары Санжар Керімбай мен Әділбек Нəбиге шапан жауып, мерейін асырды.
Қайраткердің көзін көрген замандасы, «Қазақстан мәслихаттары депутаттарының бірлестігі» РҚБ төрағасы Төлеубек Мұқашев сөзінде авторлар тарапынан тамаша жұмыс жасалғанын айрықша атады.
«Айтулы тұлға туралы естеліктер мен оқиғалар, мəдениет саласындағы іс-қимылы терең зерделенген. Мемлекет құру мен ұлттық идеология жасаудағы рөлі де кеңінен талданып, адами болмысына экзистенциялық талдау жасалған. Біз білген Өзағаң да осы кітапта сипатталғандай қайратты да іскер жан болатын. Жай іскер емес, рухани іскер басшылар қатарынан еді», деді ол.
Сенат спикері Мәулен Әшімбаевтың құттықтау хатында: «Өзбекәлі ағамыз қай қызметте жүрсе де ұлтымыздың тарихын, төлтума мәдениетін, салт-дәстүрін, тілін жаңғыртуға және қорғауға зор еңбек сіңірді. Алаш рухы қалықтаған Торғай өңірін қайта түлетуге күш салды. Алаш арыстарын ақтау ісіне тікелей араласты. Көне жәдігерлерімізді жинақтау арқылы ұлтымыздың мәдени әлеуетін жарқырата көрсетуге сүбелі үлес қосты. Кітап мемлекет қайраткерінің осы аталған және өзге де еңбектерін жан-жақты зерделеу арқылы Өзбекәлі Жәнібектің азаматтық, саяси тұлғасын жақсы аша білген. Бұл жинақ жалпы оқырман, оның ішінде өскелең ұрпақ үшін үлгілі бағдар болады деп сенеміз», делінген.
«Әкеміздің елге сіңірген еңбегі баспа арқылы қайта жаңғырып жатқаны отбасымызды қанаттандырды. Осыншама көз майын тауыса ізденіп еңбек еткен авторларға алғыстан басқа айтарымыз жоқ. Өз дәуірінің ұлт үшін күресінің жарқын символы болған әкем жаңа заманның да идеологиялық, тәлімдік қажеттілігіне жарағалы тұр», деді Ниетжан Өзбекәліұлы.
Қазақ тарихы мен мәдениетін жаңғыртуға, ұлттың бай мұрасын келешек ұрпаққа жеткізуге орасан еңбек сіңірген мемлекет және қоғам қайраткері қазақ тілін дамыту бағдарламасының мемлекеттік тұжырымдамасын жасауға қатысты. Елдегі көптеген музей мен театр, мәдениет орындарын ашқаны өз алдына бөлек әңгіме.
Авторлар Атырау, Қостанай, Арқалық, Астана, Семей, Шымкент, Павлодарға экспедиция жасап, қайраткердің көзін көрген, онымен қызметтес болған кісілермен сұхбаттасқанын айтты. Бұрын беймәлім болып келген естеліктер арқылы тұлғаны сан қырынан танытқаны байқалады. Мәселен, Торғай облысының қалай ашылғаны, оның кейін қандай саяси себеппен жабылғаны туралы нақты деректерді алға тартты. Кітап Өзбекәлідей тұлға өміріне тоқталу арқылы кеңестік кезеңдегі қазақ халқының елдік санасы мен бостандыққа ұмтылыстары туралы жаңа көзқарас қалыптастыратынын баса айтқан жөн.
Жиын соңында Санжар Керімбай мен Әділбек Нəби осы бағытта мәдени-танымдық жобаларын жалғастыратынын хабарлады.