Өткен қыстан әупірімдеп шыққан қаланың жылу жүйесіне біршама көңіл аударылып еді. Алдымен Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша Көкшетау мен Степногор қалаларын жылумен жабдықтау нысандарын жаңғырту туралы шешім қабылданған болатын. Үкімет резервінен бөлінген 2 миллиард теңгенің есебінен магистралдың желілерге жөндеу жүргізілді. «Степногорская ТЭЦ» және «Степногорск Теплотранзит» серіктестіктерінің жеке қаржысы есебінен жылу-электр орталығының және жылумен жабдықтау желілерінің құрал-жабдықтарына 5,3 миллиард теңгеге жоспарлы жөндеу жұмыстары жүргізілген болатын.
Апат орнында жедел штаб құрылып, оған облыс әкімі Марат Ахметжанов төрағалық етті. Шұғыл шаралар қолға алынды. «Степногорск теплотранзит» серіктестігінің мамандары жіті қимылдап, жылу жүйесіндегі апаттың салдарын жойды. Қала тұрғындары орын алған келеңсіз жай туралы уақтылы құлақтандырылды. Қазір апаттың себебі анықталып, жөндеу жұмыстары жүргізілді. Тұрғын үйлерге жылу беріле бастады.
Қыс жаңа басталғанда қырсық шалғаны көпшілікті қобалжытып отыр. Шағын хабардың тақырыбында айтқанымыздай, апаттың айтып келгені де рас. Шоқ жұлдыздай шағын ғана қаланың жылу жүйесінің тозығы жеткендігі туралы сан мәрте айтылған. Алдағы уақытта тұрғындарды әбігерге салатын тосын оқиға орын алмаса игі.
Ақмола облысы,
Степногор қаласы