Спорт • 11 Желтоқсан, 2023

Қайсар спортшылар жеңісі

188 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Парламент Сенатының төрағасы, Қазақстан бочча федерациясының президенті Мәулен Әшімбаев паралимпиадалық осы спорт түрінен алғаш рет өткізілген Қазақстан Кубогі жолындағы жарыстың ашылу рәсіміне қатысты. Сайыста еліміздің 10 өңірінен келген 11-14 жас аралығындағы 64 жасөспірім бақ сынады. Олардың қатарында дебютанттар да бар екенін атап өткен жөн.

Қайсар спортшылар жеңісі

Жарысқа қатысушыларға сәт­тілік тілеген Мәулен Әшімбаев қа­зіргі таңда бочча еліміз бойынша азаматтарға қолжетімді спорт түріне айналып келе жатқанын атап өтті. Спортшылардың да кә­сіби деңгейі артып келеді. Бұған Қазақстан бочча федерациясының ресми түрде Халықаралық бочча федерациясының мүшесі болып тіркелуі және ел чемпионатының өткізілуі айқын дәлел. Сондай-ақ Қазақстан құрамасының Азия паралимпиада ойындарына қатысып, жалпыкомандалық есепте сегізінші орын алғанын да атап өткен жөн. Палата спикері бұл жетістіктер спортшылардың ерік-жігерінің және елімізде жүргізіліп жатқан инклюзивті саясаттың нәтижесі екенін айтты. Осыған байланыс­ты Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша елімізде ерекше қажеттіліктері бар азаматтарды қолдау және оларға қолайлы жағдай жасау бағытында ауқымды жұмыс атқарылып келеді.

«Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев барлық салада инклюзивтілік қағидатын іске асыруға баса мән беріп келеді. Осы орайда Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес инклюзивті спорт түрлерін дамыту үшін тиісті жағдай жасалып ке­леді. Бұл ретте бочча сияқты спорт түрлеріне де үлкен қолдау көрсетіліп отыр. Бүгінде Астанада және ірі қалаларда ғана емес, еліміздің өзге де өңірлерінде боччаға деген қы­зығушылық артып келе жатыр. Сондықтан алдағы уақытта облыс­тарда жаңа федерациялар ашылады деп сенеміз. Осындай нақты қадамдар боччашыларымызды Паралимпиада ойындарының жеңіс тұғырына жетелейтіні анық», деді М.Әшімбаев.

Федерация Президентінің айтуын­ша, қазіргі таңда Павлодар, Қара­ғанды, Маңғыстау, Атырау, Қостанай, Абай, Жетісу облыстарында бочча­дан өңірлік федерациялар ашу жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Боччадан Қазақстан Кубогі жо­лындағы жарысты Туризм және спорт министрлігінің қолдауымен Қа­­зақстан бочча федерациясы ұйым­дастырды. Сондай-ақ сайысқа Астана қаласы Дене шынықтыру және спорт басқармасы, «Самұрық-Қазына» АҚ және «Sport Qory» туризм және спорт индустриясын қолдау қоры қолұшын берді.

Боччадан ел Кубогі сарапқа салын­ған жарыстың жабылу рәсімінде Мәулен Әшімбаев жеңімпаздарды ма­рапаттап, жылы лебізін білдірді. Құттықтау сөзінде Мәулен Әшімбаев сайыстың жоғары деңгейде өткенін және ерекше спортшылардың ше­берлігі мен табандылығын айры­қша атап өтті. Сондай-ақ ол Қазақстан бочча федерациясының қызметін қорытындылап, алдағы жұмыс жос­парына тоқталды.

«Алдымызда ауқымды міндеттер тұр. Келесі жылы бірқатар іс-ша­ра ұйымдастыруды жоспарлап отырмыз. Алғаш рет боччадан ұлттық жасөспірімдер құрамасын жасақ­таймыз. Федерация Туризм және спорт министрлігінің және демеушілердің қолдауымен келесі жылы ел чемпионаты, республика Кубогі, Сұлтанбек Орынбасаровты еске алуға арналған ашық турнир сияқты кем дегенде үш ірі республикалық жарыс ұйымдастыруды көздеп отыр. Одан бөлек, ұлттық құрамамыз бірқатар ха­лықаралық додаға қатысады», деген Мәулен Әшімбаев жарысқа қатысушыларға, оларға қолдау көр­сетіп, белсенділік танытқан жат­тық­тырушылар мен ата-аналарға алғыс білдірді.

Айта кетейік, боччадан Қазақстан Республикасының Кубогі үшін жарыс 8-9 желтоқсан күндері елордада Жақсылық Үшкемпіров атындағы жекпе-жек сарайында өтті.