Зерде • 12 Желтоқсан, 2023

Талай тағдырды талқандаған «Тәркілеу»

103 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Түркістан облыстық саяси тарих архивінен «тәркілеу» санаты бойынша кәмпескеге іліккен 85 байдың жеке парағы табылды. Тәркілеуге ұшы­рағандардың тізімін жасау барысында олардың жеке парақтары бір күнде, дәлірек айтқанда, 1928 жылғы 10 тамызда толтырылғандығын көрдік. Тізім «Конфискация туралы» декреттің 1 және 4-тармақтарына сәйкес жасалған. Ақтал­маған 85 құрбанның 77-сі 1-топ­тағы байлар болса, сегізі 2-топтағы байлар.

Талай тағдырды талқандаған «Тәркілеу»

Суретті түсірген – Ерлан ОМАР, «EQ»

Қазақстанда байлар әулетіне қол­данылған «Құқықсыздандыру» заң­намалық тәртіп ережелеріне сәйкес отбасының барлығы да қудалануға түскен. Тәркілеуге түскен 84 байдың отбасында әкесі, шешесі, бәйбіше, тоқал дейтін кем дегенде 2 жұбайының әрқайсысынан 2-3 ұрпақ таратқан деп есепке алсақ, онда әр отбасында төменгі есеппен 10 адам өмір сүрген. Яғни жиынтығы 84 адамды құрап отырған архивтік материал­дан табылған байларды тәркілеу деген сойқан үрдістің көлеңке сыртында ең аз дегенде 840 адамның қираған тағдыры мен көз жасы тұр.

Сырдария облысының Созақ, Түркіс­тан, Жаңақорған, Мерке, Қараспан, Талас, Шаян, Бадам, Қызылқұм, Келес, Қаратас, Иіржар аудандарында 1928 жылы тамыз айында жүргізілген тәр­кілеу барысында бірінші және екін­ші топтағы 84 бай анықталған. Ал осы тізімге енгізілген 3 құрбанның мен­­шігіндегі мал басы туралы еш­қандай мәлімет келтірілмеген. Мал басы­ның саны байларды анықтаудағы негізгі көрсеткіші екендігін, мұндай көр­сеткішті БАШС (ЕСХН) салығын жинау кезінде де, тәркілеу кезінде де айналып өту мүлдем мүмкін еместігін ескерер болсақ, оларды малы жоқ атқамінерлер немесе байдың жанашыр туысқан кедейлері деп болжалдай аламыз.

Оңтүстік өңірдегі Сырдария губер­ниясының 12 ауданында жүргізілген тәркілеу бір айдың ішінде өлкенің жас шамасы 20 мен 70 аралығындағы әл-ауқатты бөлігі елден, отанынан ажыратылды. Бұл трагедия тек осы құрбандардың жеке басының трагедиясы болып қалған жоқ. Олардың болжалмен мыңға жуық немесе тіпті осы цифрдан әлдеқайда көп болатын жеке отбасылардың ғана емес (өйткені 2 ғана емес, кейбір құрбанның 4 жұбайы болғандығын да архив құжатынан көруімізге болады), өлке тұрғындарының барлығының басына бірдей келген нәубет екендігі анық. Өйткені олардың билік айту арқылы қо­ғам басқарудағы басқарушылық-ұй­ым­дастырушылық қабілеті мен іскер­ліктері және мал бағу, егін салу, сауда-айырбас жасау т.б. тәріз­дес кәсіп­керлік қа­білеттері қазақ қоғамы үшін кәдеге асырылмады.

Сонымен бірге өлке өзінің шынайы басқарушыларынан, ал кейбір кездерде асыраушыларынан да айырылды. Байдың малын бағып үйренген қоңсылар дербес шаруашылықты жүргізуге келгенде алғашқы кезеңде шорқақ болуы да әбден ықтимал. Ал қаншалықты «бай – бір жұттық» дегенмен оңтүстіктің жұмсақ табиғаты орталық, шы­ғыс пен солтүстіктегіге қарағанда қазақ­тың мал шаруашылығына біраз мейір­бан­ды­лықпен қарайтындай еді. Өйткені қыстаулар негізінде Сырдария облысы орналасқан географиялық белдеуге жақын.

Ал малын қыстан қалай аман алып шығуды білетін, «қойын құрттап, айранын ұрттап» жүрген байлар қоңсысын да, ағайын-туысын да «малым – жанымның садағасы, жаным – арымның садағасы», «Елде болса, ерінге тиеді» деген қағи­даттармен ғасырлар бойында өзіне қа­расты ауыл-аймақтардың барлығын дер­лік аман-есен асырап отырған. «Ел­дің игі жақсылары мен жақсылары нашарларына» қарасқан (бұл жерде: «игі жақсылар мен жақсылар» эпитетті балама атауы экономикалық ауқатты топтарды, ал «нашарлар» аталымы кедей­лерді көрсетеді). Бұл хақында көп­теген байға олардың «личный лис­токтарындағы» ОГПУ ізкесерлерінің берген мінездемелерінде «халық арасында бұлжымас беделге ие» деген бағалар айғақ бола алады. Тұтас ауыл-аймақтың күнкөріс көзінің бір қолда шоғырлануы – сырттай қараған көзге басқаларының күнкөріссіз қалуын біл­діргендей болғанымен, шын мәнінде, қазақ ауылының бірлесе, бірін-бірі алмастыра және бір-бірін қолдай отырып, сыртқы факторлар: табиғаттың дүлей күшіне және бәсекелес ауылдардың, рулардың, сондай-ақ ел шетіне келген сыртқы жаулардың түрлі шабуылына бірлесе қарсы тұруға мүмкіндік алған.

Әрине, тәркілеу кезінде қолына түскен малы мен шаруашылығын дөң­гелетіп алып кеткендер де болған болар. Дегенмен осы бірнеше жылдың ішінде «қанаушы» және «қаналушы» деп аталып, екіге жарылған қазақ ауылының сүттей ұйыған қоғам мүшелерінің бар­лы­ғына да өз бастарына түскен зұлмат та, қонған «бақыт» та оңайға түспегені анық.

Бірнеше жеті атадан бері қарай ға­сыр­лар бойына қалыптасқан жолдың дұрыс еместігін сырттан келгендердің жат­тың аузынан есту, оның шошаңдаған наганы мен мылтығының күшімен амалсыз жүріп-тұру сананың күйреуіне, тіпті азғындауына да алып келуін жү­зеге асырды. Бірін-бірі көрсету, арыз жазу сияқты теріс қылықтардың да өршіп кеткені осыдан келіп пайда болғандай. Нақ осындай жағдаяттарды адамдар қоғамының мінез-құлқын олардың дербес мәдениеті контексінде және әлеуметтік-мәдени қозғалыстар жағдайында әлеуметтік ұйымдасуы призмасы арқылы зерттейтін «әлеуметтік антропология» атты ғылым да «сана жарақаты» атты терминмен белгілейді.

Қоғамдық сананың күйретілуі мен экономикалық соққы екі жақтан бір­дей соққан қазақ ауылы шынайы апо­калипсистік дағдарыс жағдайында қалды. Қарастырылып отырылған 12 аудандағы қазақ ауылының бастан кешкен экономикалық соққысының көлемін қазіргі кезеңге салып есептеп көрейік:

1) 161 534 бас ұсақ малдың қазіргі орташа бағасы 70 мың теңге деп алсақ, онда 11 307 380 000 (он бір миллиард үш жүз жеті миллион үш жүз сексен мың) теңгені;

2) 16 850 бас ірі малдың қазіргі орташа бағасы 350 мың теңге деп алсақ, онда 5 897 500 000 (бес миллиард сегіз жүз тоқсан жеті миллион бес жүз мың) теңгені құрағанын көруімізге болады.

84 қазақ байының екі пози­циядағы дүние-мүлкінің қосындысынан шеккен шығыны бүгінгі күн бағасымен есептеген кезде 17 204 880 000 (он жеті миллиард екі жүз төрт миллион сегіз жүз сексен мың) теңгені немесе 35 миллион доллардан астам қаржыны құрағанын көруімізге болады. Орта есеппен алып қарағанда, ХХ ғасырдың басындағы әрбір бай қазақтың өз руын асырауы үшін жинаған малының көлемі бүгінгі күнгі қаржы курсымен есептегенде 426 708 долларды құраған.

Ал келесі кезекте өңірдегі әрбір байдың жалпы мүлігінің сегіз­ден бір бөлігін құраған бірыңғай ауылшаруа­шы­лық салығынан (13-тен бір бөлі­гін салыққа төлеу туралы шешім қалжы­раған қазақтардан дүние өндіру қиындай түскен 30-жылдардың екінші жартысында ғана мүмкін болған) түскен ауыртпашылықтың орташа көлемін есептеп көрейік:

Ол 426 708:8=53 338,5 долларды, немесе 25 069 095 теңгеге пара-пар қаржыны құраған. Оның өзінде БАШС-ты мал/астық түрінде төлеуге мүлдем мүмкін болмаған, бұл салықты өндіру ақшалай өтем түрінде ғана жүр­гізілген. Әрине, бұл есептеулер шынайы экономикалық сараптамадан ауылы алыс жатыр. Дегенмен осы жолдарды оқыған қазіргі жас буынның сол зұлмат заманның шынайы ауыртпашылығын таптаурын болған эпитеттер мен анықтамалардан ғана емес, жобалық экономикалық-цифрлық визуалдандыру арқылы жанымен сезініп-түйсінсін деген ойдан туындаған ұмтылыс.

Осындай ауыртпалықтан өзін және өзіне қарасты ауылдардың адамдарын құтқару үшін байлар, яғни ал­ды Мәскеу мен Санкт-Петерборда оқы­ған қазақ қоғамының білімді элитасы тәркілеуге қарсы ынтымақтаса бас­тады. Олар елді тәркілеуден аман алып қалу үшін күрестің бірнеше әдісі мен жолын, амалын тапқандай болды және оларды барынша жасап бақты. Олардың біреуі өзара ақылдаса отырып, РСФСР және Қазақ автономиясы басшылықтарына жергілікті жердегі жағдайды түсіндіріп хат жазу болса, екіншісі өзінің қарамағындағы ауыл-ай­мақтарды да осы сойқан үрдіске қарсы үгіттеу болды. Ақыр соңында бұл амалдардың барлығы да өзінің оң нәтижесі емес, кері нәтижесін бере бастағанда барып көтерілістерге шығу, БАШС-ға салық төлемеу үшін малын базарға шығарып сатып, алтынға айналдыру және шетелге қашу деген амал­дардың барлығы жасалды. Байлар қатары сөгіліп, бара-бара селдірей бас­тады. Ақыр соңында тәркілеу қазақ қоғамының осы білімді элитасын толық жойып жіберді деп толық айта аламыз.

 

Гүлнар ЖАНЫСБЕКОВА,

Шымкент өңірлік саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі комиссиясы

жұмыс тобының жетекшісі,

Жантөре ӘШІМ,

зерттеуші, тарих магистрі