Ол 1895 жылы Айыртау ауданының Көкдауыл ауылында туған. Кедей шаруаның қызы еңбекке ерте араласады. Сартүбек ұжымшары құрылғанда алғашқылардың қатарында мүшелікке қабылданып, сиыр фермасында сауыншы болып жұмыс істейді. Күнделікті жоспарын асыра орындайды. Стахановшылардың алдыңғы легінде көрініп, социалистік жарыста жоғары еңбек құлшынысымен көпке танылады. Жерлестері оның мал шаруашылығын өркендетудегі және қоғамдық жұмыстардағы белсенділігін бағалап, 1947 жылы Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің депутаты етіп сайлайды. Кеңшардың сиыр фермасы меңгерушілігіне көтеріліп, халық сенімін іс жүзінде ақтай біледі. Сол жылдары фермадағы 250 бас сиыр екі есеге дейін көбейіп, сүт сауу көрсеткіші анағұрлым артады. Бесжылдық жоспар межесінен де асып түседі. Сөз арасында Шәмшия Өмірбекқызының Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі депутаттығына екі рет ұсынылғанын айта кеткен жөн. Ол кездері мұндай кұрмет қарапайым еңбек адамының екінің біріне көрсетіле бермейтін. Өзіне жүктелген депутаттық аманатты бұлжытпай орындап, артына өнегелі із қалдыра білді. Мен тілдескен көнекөз қариялар ол туралы газет беттерінде көптеген мақалалардың жарық көргенін, сұхбаттар жариялағанын алға тартты. Олай болса өшкенімізді жандырып өлгенімізді тірілтуге міндетті сала қызметкерлер архивтік деректерді жинастырып, топтастырса, мектептердегі музейлерге өмірбаяны мен фотосы қойылса деген өтінішімізді білдіргіміз келеді.
Ол кісі туралы естеліктердің бірінде Шәмшия Кұлмұрзинаның немересі Нұрахметов Мағзұмның қызы Әзина Әуелбекова туралы да айтылады. Әзина 1953 жылы 25 желтоқсанда Көкшетау облысы Володар ауданы Сартүбек ауылында дүниеге келеді. Әжесі Шәмшия Кұлмұрзина апамыз бұл немересін барынша мықты тәрбиелеп-өсіреді. Ең жақсы көретін немересін 15 шақырым жердегі Орловка ауылына оқуға тасиды. Әжесі сүйікті немересін ат шанаға отырғызып, қалың күпіге орап, әр аптаның дүйсенбі күні интернатқа апаратын да, жұма күні қайта алып келіп отырады екен. Өйткені Орловкада казактар көп тұрған. Солардың балаларымен жүріп орысшаға үйренеді деп топшылаған ғой. Сол Орловкада төртінші сыныпқа дейін оқып, білім алады. Келесі жылы Борлық ауылында орысша мектеп ашылып, әжесі немересін соған көшіреді. Борлық ауылында білім ұясында сегізінші сыныпқа дейін оқып, ол жерді де жақсы бітіріп шығады. Ал онжылдық мектепті Володаров ауылында тәмамдайды. Жақсы бағамен оқыды деген аттестат алып шығады. Ал 1972 жылы Алматы қаласындағы Ауыл шаруашылығы институтынан диплом алып, уақытша Володаров аудандық тұрмыс комбинатында экономист болып қызмет істейді. Содан 1978 жылы «Комаровский» кеңшарына қызметке орналасады. Өзінің жақсы маман екенін дәлелдеп, міндетін өте жақсы атқарып, биіктерден көрінеді. Әр жылдары еткен еңбегі бағаланып, жыл сайын түрлі грамотамен марапатталды. Басшылардан бағалы сыйлық та алғаны бар. Әже тәрбиесін көргенінің пайдасы болса керек, жұмыста адалдық танытып, қасындағы әріптестерінің сый-құрметіне бөленеді. Тіккен шаңырағында сыйластық салтанат құрып, балаларына да әже ақылын өсиет етіп айтып отыратын. Тірі жанға ешқашан дауыс көтеріп көрмеген екен. Күліп-ойнап өмір сүріпті. Осы аудан бойынша да біраз жерге қызметке шақырған деседі. Тіпті бір жерлерден бас экономист болуға да ұсыныс түсіпті. Бірақ ол ешқайда қозғалмапты. Өзі еңбек жолын алғаш бастаған «Комаровский» кеңшарында қызметін жалғастыра береді. «Неге бұл ауылды қимайсыз?» дегендерге «Әжем Шәмшия Кұлмұрзина мен әкем Мағзұм Нұрахметов осы жерде жұмыс істеген. Сондықтан бұл топырақ мен үшін өте ыстық», деп жауап береді екен.
Туған ауылына деген махаббаты оны сол жерден алысқа ұзатпады. Өзі таңдаған қызметінде 26 жыл жұмыс істеп, 2004 жылы кенеттен қайтыс болады. «Ажал айтып келмейді» дейді ғой, 50-ден енді асқан шағында асыл ана бақилыққа аттанды. Артында жәутеңдеп жолдасы Сабырғали Әуелбеков пен екі ұлы Алмат пен Алхат қалады. Дана халқымыз айтқандай, «Кімнің кім екенін басыңа іс түскенде білерсің» дегендей, көп ағайын теріс айналып, қашқақтап жоламаса керек. Сол кезде біздің әулетке жаны ашып жәрдемдескен жанның бірі кеңшар директоры Асылбек Наурызбеков болатын. Сырымбет Есенғалиев пен көрші Батима Мажеғұлованың да көп септігі тиді. Осындай азаматтарға айтар алғысым шексіз. Кішкентай ғана шаңыраққа жасаған көмегі, бүтіндей бір елге жасаған жақсылықтан үлкен көрінді.
Сабырғали ӘУЕЛБЕКОВ,
еңбек ардагері, зейнеткер
Солтүстік Қазақстан облысы