Аймақтар • 11 Желтоқсан, 2023

Екібастұзды сынаған аяз

168 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Арқаға келіп жеткен алғашқы аязда Екібастұздың жылу-энергиясы орталығы тағы сыр берді. Стансаның су жылыту агрегаттарындағы күлді шаюға арналған су құбырына зақым келіп, екінші цехтағы багер сорғысы су астында қалған. Салдарынан жылу параметрлері төмендеп, шаһар халқы үйлерінің салқындап кеткеніне шағымданды.

Екібастұзды сынаған аяз

«Екібастұз жылу-энерго» ЖШС таратқан мәліметке сүйенсек, апаттық жағдай 10 желтоқсан күні түнгі сағат бірлердің шамасында орын алған. Стансада сол сәтте жұмыс істеп тұрған 7 қазандықтың үшеуі бірден мазутқа ауыс­тырылды. Мазуттың қызуы көмірге қарағанда азырақ, соған орай орталықтан шығатын жылу тасымалдағыштардың температурасы 60-70 градусқа дейін төмендеп қалды.

Бұл күні қалада тұтастай орталық­тан­дырылған жылу параметрлері төмендеп, пәтер­лердегі жылу батареяларының қызуы қанжылым болып қалды. Ал жылу маусымы басталғалы онсыз да жағ­дайы мәз емес көпқабатты тұрғын үй­лер тіпті салқындап, пәтерлер ішін­дегі температура +10 градусқа дейін төмендеген. Мысал үшін Ломо­но­сов көшесі, 11А мекенжайын­­­­­­да орналасқан үй тұрғыны, зейнеткер Аман Масығапов атап өткендей, қазан айынан бері мұндағы пәтерлер жылуға жарып көрмепті. Ары кетсе +16 градус жылылықты көрсеткен. Соған қарағанда бүгінде Екібастұздың ішкі желілеріндегі мәселелер толық шешілмеген, жаңа жүйелер мен құбырлар салынғанымен жылу айналымының жағдайы мәз емес.

Облыс әкімі Асайын Байханов сол күні апат орын алған жерге барып, толық ауыздықталғанша стансада болды. Әкім өзінің инстаграм парақшасында жазғандай, орын алған ақау үш сағаттың ішінде жойылған. Жиналған су то­лы­ғы­мен сорылып алынған соң су жылы­ту қазандықтары мазуттан көмірге то­лық ауыстырылды. Ал дүйсенбі күні таңертеңгілік станса белгіленген параметрлерге шықты. Алты қазандық агрегаты жұмыс істеп, сағат ондар шамасында орталықтан шығатын жылудың қызуы 83 градусқа жеткізілді. Кеше түстен кейін кейбір пәтерлердегі температура көтеріле бастағаны хабар жетті. Дегенмен суық үйлердің саны әлі де баршылық. Бұл тізімге Энергетиктер, Беркімбаев, Көшербаев, Толстой, Торайғыров, Пішенбаев және тағы басқа көшелердегі көпқабатты баспаналар тіркеліп отыр.

Облыс аумағында алдағы екі күнде аяз күшейеді деген ақпар бар. Қазіргі күні Павлодар мен Ақсу қалаларында да жылуға жарымай отырған жекелеген көпқабатты үйлер баршылық. Дегенмен олардың жағдайы кеншілер қаласымен салыстырғанда шүкір деуге болады. Екібастұз халқының аязда жаурап қал­мауын тілейміз.

 

Павлодар облысы,

Екібастұз қаласы