Жақып АСАНОВ,
Сенат төрағасының орынбасары:
– Азаматтардың құқығы мен бостандығын қорғау тақырыбы күн тәртібінен түспейтін болды. Әрине, бұл өте маңызды. Адам құқығы туралы айтпас бұрын екі оқиғаны мысал ретінде келтірейін. Біз назарымызды қайда бұруымыз қажет? Қазіргі қоғамда адамдар қызығушылықтары мен мүддесін кімге айтқысы келеді? Осындай сәтте кім көмек қолын ұсынуға міндетті? Қоғамның көңіл күйі кімге байланысты өзгеріске ұшырайды? Бұл – шенеуніктер, күштік құрылымдардың қызметкерлері, судьялар, адвокаттар мен заңгерлер, тағысын тағы. Қазақстанда олардың саны кем дегенде 200 мың. Олар мемлекеттік және жекеменшік құрылымдарда да бар. Олар да өздігінше ереже шығарып, қателікті түзеткісі, кімнің дұрыс немесе кімнің бұрыс екенін дәлелдегісі келеді. Дәл осы тұста «Ал олардың өзі осы жерге қалай және қандай жолмен келді?» деген сұрақ туындайды. Оның жауабын үш оқиға арқылы жеткізейін.
Екі апта бұрын Қытайдың 237 қаласында мемлекеттік қызметке емтихан тапсырылды. Қырық мың орынға 2,5 млн адам, сонда 1 орынға 57 адам таласты. Қытай мұндай емтиханды жылына бір рет өткізеді. Қызметкерлер екі жазбаша тест тапсыруға міндетті. Алдымен олар математика, логика, қытай тілінен тест тапсырады. Содан кейін эссе жазады. Осы сынақтан өткендермен сұхбат алынады. Бізде көбі прокуратураға қызметке тұрғысы келетіні анық. Ал сауалнамаға қатысқандардың 93 пайызы тамыр-таныссыз бұл құрылымға жұмысқа тұру мүмкін емес екенін айтқан. 2016 жылы Бас прокурор лауазымына тағайындала сала, жұмысқа тұрғызу туралы өтініштердің ағыны артып кетті. Олардың өтінішін қабылдауға ештеңе кедергі болмады. Бірақ біз басқаша әрекетке көштік. Сөйтіп, қызметке тұрудың жаңа ережесін шығардық. Бұл бойынша прокуратура органдарына жұмысқа тұру үшін үміткерлерге эссе жазу, нақты оқиғаларға негізделген тапсырмаларды шешу, психотест және сұхбат сынақтарынан сүрінбей өтуін міндеттеп қойдық. Бастапқыда 2300 үміткер келді. Барлығына код нөмірі берілді. Іріктеу PwC, DT және NU арқылы аты-жөні көрсетілмей жүргізілді. Олар 126 адамды ұсынса, әрқайсысы 20 үміткерге кеңес берді. Екіншісі мынау, естеріңізде болса, 2018 жылғы Мемлекет басшысы Жолдауында Жоғарғы соттың судьяларын іріктеудегі сыбайлас жемқорлық мәселесін күн тәртібіне қойды. Бұл тапсырманы орындау үшін біз заманауи HR құралдарын енгіздік. Қазірдің өзінде ешкім, тіпті Жоғары сот төрағасының өзі жүйені айналып өтіп, біреуді судья ете алмайды. Сондай-ақ БҰҰ мен Нидерланд сарапшылары судьяларды бағалау әдістемесін жасауға көмектесті. Мұндай бағалау әр 5 жыл сайын жүргізіледі. Бес жылда 475 судья жазаға тартылса, оның ішінде жұмыстан шығарылғандар да бар. Әр бесінші судья осындай жазаға тартылды. Оның барлығы 2018 жылға дейін судья болып тағайындалған. Мен бұл мысалды не үшін айтып отырмын? Себебі адам құқығы ең алдымен құқықты қамтамасыз етуге міндетті адамдарға байланысты. Өкінішке қарай, бізде оларға қатысты минималды стандарт жоқ. Жүз жерден жақсы заң қабылдағанмен, жауаптылардың жауапкершілігі төмен болса, жұмыс нәтижесін бермейді. Сол үшін Ұлттық орталықтың алдына кадр сапасына қатысты мәселені күн тәртібіне енгізу керек. Бұл тұрғыда әлемдік тәжірибеде жемісін беріп отырған жобалардың да артықшылықтарын талқыға салып, жан-жақты қарастырған абзал.
Асламбек МЕРҒАЛИЕВ,
Жоғарғы сот төрағасы:
– Биыл Адам құқықтарының жалпыға бірдей декларациясының 75 жылдығы болып жатыр. Бұл – адам құқықтарын белгілеп, заңдарды әзірлеу мен қабылдау, сондай-ақ саяси бағытты қалыптастыру мен іске асыру кезінде әлемнің барлық елі үшін бағдар болған құжат. Еліміз адам құқықтары саласындағы халықаралық стандарттарды ұлттық заңнамаға енгізу бойынша жоспарлы жұмыс жүргізіп жатыр. Қазақстан осы саладағы 70-тен астам көпжақты шарттардың толыққанды қатысушысы ретінде адам құқықтары мен заң үстемдігін қорғауда ұзақмерзімді және кешенді нығайтуға бағытталған жоспарларды бекітті. Мемлекет басшысы тиімді сот төрелігі мен азаматтардың құқықтарын қорғау ерекше орын алатын қоғамда әділеттілік пен тәртіпті орнату қажеттілігіне үнемі назар аударады. Бұл – сот реформаларының негізгі векторлары. Сот жүйесін демократияландыру және Президенттің тапсырмасы бойынша сот төрелігін жүзеге асыруға азаматтық қатысуды кеңейту мақсатында алқабилер сотының қарауына жататын істер санаттары кезең-кезеңімен кеңейтілді. Екі жарым жыл бойы әкімшілік әділет қызметі жұмыс істейді. Осы уақыт ішінде бұл азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін мемлекеттік органдардың заңсыз әрекеттерінен қорғауда өзінің тиімділігін көрсетті. Бұрын азаматтардың мемлекеттен ұтып алу көрсеткіші 15 пайызды құраған. Бүгінде ол 60 пайыздан асады. Кәмелетке толмағандардың құқықтары мен мүдделерін қорғауды күшейту мақсатында биылдан бастап ювеналды соттардың соттылығы кеңейді. Апелляциялық сатының рөлі күшейді. Іс бірінші сатыға қайтарылмай, мәні бойынша шешім қабылдануға тиіс. Ал мұндай механизм төрешілердің қателіктерін азайтады, сот актілерінің сапасын арттырады, сот тәжірибесін біріздендіреді, азаматтар мен кәсіпкерлердің бұзылған құқықтарын тезірек қалпына келтіруге мүмкіндік береді. Сондай-ақ электрондық сот ісін жүргізу енгізілді. Бұл да сот рәсімдерін оңтайландырып, сот ісін жүргізуде бюрократияны төмендетті. Осы секілді жұмыстар Қазақстанның құқық үстемдігі индексіндегі 142 елдің ішінде 65-орынға көтерілуге мүмкіндік берді.
Эльвира ӘЗІМОВА,
Конституциялық сот төрағасы:
– Адам құқығын қорғау туралы айтылғанда азаматтарды «Конституциялық сот нәтижелі ме?» деген сұрақ мазалайды. Бізге кез келген адам өтініш жасауға құқылы. Бұл біздегі адам құқықтарын қорғау саласында белгілі бір деңгейде ілгерілеу барын көрсетеді. Себебі бізге өтініш жазу арқылы адамдар өз жағдайын ғана емес, сол жеке бастың мәселесі арқылы елдегі нормативтік актілер мен заңнамалардың Конституцияға сәйкестігін тексерте алады. Осылайша, арызданушы өзі ғана емес, көпшіліктің құқығын қорғап отыр. Біз осы уақытқа дейін 37 шешім қабылдадық. Оның дені көпшіліктің құқықтарына байланысты болып отыр. Мақсатымыз да сол – елдегі азаматтардың заңдық тұрғыда құқығын қорғау. Еліміздегі адамдардың құқығы заңнамалық тұрғыда толығымен қорғалған. Бірақ тәжірибеде қабылданған заңдар кейбір жағдайда өздерінің кемшіліктерін көрсетіп жатыр. Сондықтан алдыңғы кезекте осы кемшіліктерді жоюға жұмыс істеп, нақты шараларды қабылдау маңызды. Конституциялық сот өз құзырына сәйкес әр шешімді қабылдағанда заңға қайшы келетін норманы тоқтатуға құқығы бар. Сондай-ақ алты айдың ішінде нақты органдарға кемшіліктерді жою үшін шара қабылдай алады. Сол жағынан алғанда азаматтардың құқығын қорғай аламыз.
Жыл басынан бері 5 мыңға жуық өтініш түсті. Оның 27 пайыздан астамы судьялардың қарауына түсті. Қалған өтініштер Конституциялық соттың құзыретіне кірмейді. Дегенмен алдымызға келген әрбір өтінішті қарап, заңдық кеңес береміз. Тек жазбаша емес, телефон немесе интернет арқылы, не болмаса жаңадан ашылған фронт кеңседе «бір терезе» қағидаты бойынша жауап беруге ден қойдық. Алдымызға келген өтініштердің көбі соттың шешімдерімен келіспеушілік немесе мемлекеттік лауазымды тұлғалардың іс-әрекетіне қатысты екенін де айтқым келеді.
Есберген АЛАУХАНОВ,
заң ғылымдарының докторы:
– Адам құқығын қорғау саласында түрлі жұмыс атқарылып жатыр. Біраз уақыт Президент жанындағы Адам құқығын қорғау жөніндегі комиссия мүшесі болдым. Сол кезде көптеген арыз-шағымды қарадық. Конституцияның бірінші тарауы, бірінші бабы адам құқығын қорғаудан басталады. Сондықтан еліміздегі ең құнды нәрсе – адам және адамның құқығы. Ел болғаннан кейін түрлі наразылықтың болуы – заңдылық. Дүниежүзілік тәжірибеге қарасақ та, адам баласын барлық жағынан толық қанағаттандыру мүмкін емес. Кез келген елде билікке немесе заңға наразы адамдар шығады. Кейінгі жылдары адам құқығын қорғауда құқықтық зайырлы мемлекет ретінде оң өзгерістер қабылданып жатыр. Заңдарымыз жылдан-жылға жетілдіріліп, толықтырылып келеді. Көптеген заңда олқылық бар екенін мойындау керек. Кейбір заңдар бір-біріне қайшы келіп жатыр. Соның зардабынан халық өз мүддесін қорғау үшін уақыты мен қаржысын жұмсайды. Сондықтан арызын арқалап, Конституциялық сотқа жүгінуі орынды. Арызданушының артуынан тоқырау жасауға болмайды. Себебі қоғамның сана-сезімі өскен сайын қажеттілігі мен талабы арта береді. Біз арыздың артуынан емес, бар заңның дұрыс жұмыс істемей жатқанына алаңдауымыз қажет. Мысалы, Қытай, Түркияда заң қатал жұмыс істейді. Бұл біздегі заңның орындалуына қадағалаудың әлі де болса осал екенін көрсетіп отыр. Өкінішке қарай, біздің заңдарымыз резеңке секілді созыла бергендіктен, әркім өз ыңғайына қарай өзгерте береді. Бұл туралы көп жерде айтып жүрмін. Заңдарымыз солқылдақ. Ал оны қадағалайтын Бас прокуратура мықты жұмыс істегенде ғана адам құқығы аяққа тапталмайтын елге айналамыз.
Рамазан СӘРПЕКОВ,
заңгер, қоғам қайраткері:
– Биыл Адам құқықтарын қорғау жөніндегі өкілдіктің өзінде кейінгі жылмен салыстырғанда арызданушылардың саны артып кеткен. Алайда санның артуына адам құқығының қорғалмауы деп қараған дұрыс емес. Шын мәнінде, бұл халықтың сенімі артып келе жатқанын көрсетуі мүмкін. Мысалы, азаматтар Конституциялық сот адам құқықтарын қорғау үшін құрылғанын түсініп, мүддесін қорғауға деген үмітпен шығады. Бұрын Адам құқықтарын қорғау жөніндегі өкілдігіміздің өкілеттігі айқындап беретін ұлттық заңнама да болған жоқ. Кейінгі жылдары ғана бұл туралы арнайы заң қабылдадық, Конституциялық реформадан кейін мәртебесін көтердік. Бас прокуратураның да мәртебесін арттырдық. Бірақ Мемлекет басшысынан бастап әрбір орган басшысына дейін қабылданып жатқан заңдар 100 пайыз халықтың мәселесін шеше алмағанын көріп отыр. Сол үшін қазір адамдар жоғары инстанцияларға жүгінеді. Мысалы, өзім басқаратын Әділет министрлігінің Заңнама және құқықтық ақпарат институтына да өтінішпен келеді. Қазір бір адамнан қайтара шағым келу мәселесіне ерекше ден қойып отырмыз. Азаматтардың шағымын орталыққа дейін жеткізуге дейін апарғандардың мәселесі қатты қолға алынып жатыр. Жауапты адамдарда әрбір арызды өз басына түскен тағдыр секілді «әр қазақ – менің жалғызым» деген көзқараспен қарау жетіспейді. Кезінде түрме де, қазіргідей қаптаған құзырлы органдар да болмаған. Қазақы тәрбиенің өзі адамның құқығының аяққа тапталуына жол бермеген. Қазір біз халықаралық құқықты ұлттық заңнамамызға енгізу туралы сөз қозғап жүрміз. Дұрыс, бірақ әр елдің салты басқа екенін ұмытпау керек.
Биыл он бір айда 7 миллионнан астам адам әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Бұл – біздің ересек адамдардың тең жартысы. Сонда әрбір екінші адамды әкімшілік жауапкершілікке тартқанбыз. Соның ішінде 50 мыңға жуығы әкімшілік қамауға алынған. Бұл да – уақытша бас бостандығынан айыру деген сөз. Осындай кезде адамның Конституциялық құқығы сақталып жатыр ма? Біз қазір адамдардың іс-әрекетіне жан-жақты баға бермей жатып, әкімшілік жауапкершілікке тарта беретін болдық. Бес беттен тұратын қағазды жинап, бес тәулікке қамап қою қисынсыз. Құқық бұзушылықтың дәрежесіне сырттай баға беріп, жаппай жауапкершілікке тартқызып, уақытша қамауда ұстау да адамның құқығын бұзуға әкеледі.
Әсет ШЫНДАЛИЕВ,
Бас прокурордың орынбасары:
– Әр заңның артында адам құқығы тұр. Сондықтан әр заңды қабылдаудың алдында өте көп талқылау болады. Мемлекеттік және үкіметтік емес ұйымдар да, азаматтық қоғамның да ұсыныстары ескеріледі. Себебі біздің мақсат – адам құқықтарын кез келген салада қорғау және сақтау. Алдымен атқарушы органдар өздеріне жүктелген міндетке сай болуға тиіс. Заңға бағынуы керек. Ал бақылаушы органдар атқарушы органдардың қалай жұмыс істеп жатқанына баға беруі керек. Бұл тұрғыдан алғанда Бас прокуратура саласында көптеген өзгеріс бар. Біздің жұмысымыз адам құқығын қорғауға және қалпына келтіруге бағытталып отыр. Сол үшін тексерулер өткіземіз, қадағалау актілерін енгіземіз. Мәселен, биылдың өзінде Жоғарғы соттың шешімдері бойынша 380 наразылық келтірдік. Сотталған 186 адамның құқығын қорғадық. Заңға сәйкес екі тараптың да құқығын сақтауға жұмыс істейміз.
Конституциялық сотқа шағымның көптеп түсуі адам құқығын қорғау механизмінің дұрыс жұмыс істеп жатқанын көрсетеді. Керісінше бұл адамдардың өз құқықтарын біліп, өз мүддесін қорғауға жол ашып отыр. Біз қазір өз құқығын қорғауға мүдделі адамдарға мемлекеттік сыйақы беру механизмін ұсынып отырмыз. Расында да, адамдар әділдік іздеп, әр есікті тоздырып жүреді. Оның себебі сотта екі тарап бар. Ал сот жәбірленуші мен айыпталушының біреуіне оң шешім қабылдайды. Мұндай кезде екінші тарап соттың шешіміне қарсылық танытуы да – заңдылық. Тәжірибемде әрекеті заң тұрғысынан қайшы болып тұрса да, «әділдік» сұрап бірнеше рет шағымданған адамдар болды.
Анар ИБРАЕВА,
«Қадір-қасиет» қоғамдық бірлестігінің директоры:
– Бүгінгі күні адам құқығын қорғау мен осы саладағы заңдардың сапасын халықаралық стандарттарға негіздеу мәселесі өзекті болып отыр. Адамның құқығы көп секілді болып көрінеді. Бірақ іс жүзіне келгенде құқығын талдап беру қиынға соғады. Тіпті заңгерлердің өзі де қиналады. Мәселен, қазір шартты түрде көрсетілген құқығымыз да іс жүзінде толық сақталмайды. Бұл тек біздің елімізде емес, кез келген мемлекетте бар. Бірақ қандай елде адам құқығы жиі бұзылады? Күні кеше ғана адам құқығындағы қара нарыққа қатысты іс-шара ұйымдастырдық. Сол жерде балалардан бастап ересектерге дейін өз ойларын жеткізуіне мүмкіндік бердік. Оның ішінде шетелдіктер де, мүгедектігі бар адамдар да болды. Барлығы да бірауыздан еліміздегі адам құқығын қорғау саласында ақсап тұрған дүние көп екенін айтты.
Конституция бойынша бізде кез келген адам сотқа шағымдана алады. Шын мәнінде олай емес. Себебі бізде кем дегенде үш санаттағы адамдар сотқа шағымдана алмайды. Мәселен, қазір педофил көп. Өйткені біздегі балалардың зорлық-зомбылық пен буллинг бойынша өз еркімен сотқа шағымдануына заң бойынша рұқсат жоқ. Балалар БҰҰ-ға емес, өз еліміздің құқық қорғау органдарына, сотына шағымдана алмайды. Балалардың атынан заңды өкілі шағым жаза алады. Ал егер баланың заңды өкілі ұрып-соғып, зорлық-зомбылық көрсетіп жатса, қайтпек керек? Адам құқығын қорғайтын органдар көп. Бірақ олар тиімді жұмыс істемей отыр. Бұл барлығы бірдей жұмыс істемей отыр дегенді білдірмейді. Тек олар үнемі құқықты қорғауға жұмыс істемейді. Ал біздің айтқымыз келгенін осы уақытқа дейінгі депутаттар да естімеген, қазіргі депутаттар да үнімізді естімейді.
Болат БЕЙІСОВ,
Адам құқықтары жөніндегі ұлттық орталықтың Заңнаманы жетілдіру бөлімінің меңгерушісі:
– Адам құқығы күнделікті жұмыста да тапталып жатқан сәттер бар. Айталық, біздегі заңда ата-аналарға балаларға дұрыс тәлім-тәрбие беріп, білім алуына мүмкіндік жасау жауапкершілігі көрсетілген. Бірақ сол әйел уақытында жұмысынан кете ала ма? Бастықтың сөзіне бағынуы керек. Жұмыс уақытын азайту келісімшартпен жасалады, ал оған барлық жұмыс беруші келісе ме? Сондықтан адам құқығы әрбір басшысының жауапкершілігіне де байланысты. Біз қазір әділ сот, әділ шешімге үлкен мән беріп отырмыз. Әділ мемлекет қағидасы дұрыс жұмыс істеу үшін қоғам кез келген әділетсіздікке қарсы күресе білуі керек. Оны өзінен бастауы керек. Егер тәрбиені тал бесікте сіңірте алмасақ, ертең қызметке мың жерден мықты маманды отырғызсақ та, қоғамның санасына сілкініс жасап, әділдік орнатуға шамасы жетпейді. Мысалы, Қытай Конфуцидің іліміне ұлттық заңнамалары секілді қарайды. Ұрпақ тәрбиесіне біз де Абайдың сөзін заңымызбен қатар қойып, мықтап енгізейік. Жапония неге дамыды? Себебі жапон балалары он үш жасқа дейін өз тілінде тәрбиеленеді. Өз құндылықтарынан қашпайды. Адам құқығын қорғау адамдық қасиет пен ар-ұятты бағалайтын өз құндылықтарымыздан бастау алуы керек.
Адам құқығы қорғалып жатыр ма? Бұл сауалға бір ауыз сөзбен жауап бере салу өте қиын. Ел санасындағы сілкініс ұлттық заңнамаларда көрініс таба берсе, тұтас жүйе де тиімді жұмыс істеуге көшері анық. Еліміздегі адам құқығы туралы жиі баяндама жасап жүрген белгілі құқық қорғаушы, заңгер Евгений Жовтис айтпақшы, бұл үшін азаматтық қоғам мен құзырлы орындар ашық диалогке келіп, халықтың айтарын билікке естіртуге тиіс. Себебі қоғамдық пікір туғанда ғана еститін үкіметтің элементтері жұмыс істейді.
Дайындаған –
Жадыра МҮСІЛІМ,
«Egemen Qazaqstan»