Зерде • 12 Желтоқсан, 2023

Бейбіт күннің батыры

1221 рет
көрсетілді
20 мин
оқу үшін

Бейсетай Дәуренбековтің Іле өзеніне батқан 12 оқушыны құтқарған оқиғаға жарты ғасыр өтіпті...
Даңқты батырымызбен 2014 жылдың күзінде «Қазақстан» телеарнасының түсірілімі («Жаныңда жүр жақсы адам») барысында танысқанбыз. Сұңғақ бойлы, шымыр денелі, ширақ жүрісті салиқалы ақсақалдың сол тұста 77 жасқа бет бұрған шағы. «От ішінде туған оттан қорықпайды» дегендей, Бейсетай Дәуренбековтің теңдессіз ерлігін оның арнасы адуынды Іленің жағасында туып-өскеніне балауға да болатын шығар?

Бейбіт күннің батыры

Суретті түсірген – Нұрманбет ҚИЗАТҰЛЫ

Ерлік жасаймын деп ойлаппын ба?..

– Ол кезде мен ерлік жасайын деп ойлады дейсің бе? Бірақ қорыққан жоқ­пын, ауырып қаламын десем, жаң­быр аралас қар төпелеген ызғарлы жел­тоқ­санда сырт киімімді шешіп, суға қойып кетем бе? Іленің ар жағында да, бер жағында да қарақұрым ел қап­тап тұрды. Ешкімнің жүрегі дауалап суға түскен жоқ. Балалар шырқырап жыла­ғанда адамның жаны шығып кете жаздайды екен...

Бейсетай ағаның еш бүкпесіз шын жүректен айтқан сөзі: «Ерлік жасайын деп ойлады дейсің бе?» Бірақ ол ерлік жасаған. Ерлік болғанда қандай, теңдессіз ерлік! Иә-ә... шырылдаған ата-ана қайық аударылып көз алдында өзенге ағып бара жатқан балаларына қолұшын бере алмаған ғой...

Аудандық кітапхананың фойесін­де мектеп оқушыларының біреулері қа­лың қатты қағаздан жасалған қа­йыққа іркес-тіркес отырып, біреулері алты құлаш көк матаны қайықтың бү­йірінен желпілдетіп сең көшкен өзен­нің көрінісін жасап қым-қуыт әре­кетте. Бұрыштағы дыбыс колонка­сы­нан үскірік желдің, шылпылдаған өзен ағысының, балалардың дауысы естіледі... Кенет, қайық аударылып, у-шу басталды... Шам жартылай өшіріліп, кеш қараңғылығын білдірді. Ұмыр-жұмар, қараң-күрең... «Құтқарыңдар! Апа-а!.. Ма-ма-а! Құтқарыңдар!.. Вова, көмектес!..» Жылаған қыз дауысы. Кішкентай актерлердің өз рөлдерін сон­шалықты нанымды сомдағаны, Бейсе­тай аға қалтасынан бет орамалын алып, көзінің жасын сүртті.

– Айналайындар-ай, көзімнен жас шығарды ғой... Анау айқайлап «Вова!..» деп жылаған қыздың зіңгіттей екі аға­сы сол кезде жағада тұрған, кеңшар­дың гаражында бірге жұмыс істейміз, бала кезден бірге өскенбіз. Екеуінің де суға секіруге дәті жетпеген... Желтоқсанда кеш тез түседі. Төпелей қар жауып, аяқ астына жел көтеріліп, өзен бетінде бір апта бұрын қатып, сол күні морт-морт сынған сең көшкіні жүре бастады. Қайықтың орта жолда аударылғанын өз көзімен көрген жағадағы жұрттың зәресі ұшып, қорқып кеткен де...

Ол кезде Бейсетай ағамыз 34 жаста екен. Құлаштай жүзіп айқай-шудың ортасына жеткен күйде алдымен төң­керілген қайықты аударып орнына қоя­ды да, оны жанұшырған қайықшыға ұстатып, өзі тарыдай шашыраған балаларды бір-бірлеп қайыққа икемдеп жеткізіп, жанталаса жүзіп жүріп жинайды. Он бес баланың 12-сін жинайды, үшеуін ағыс алып кетеді...

– Үрейі ұшқан балалардың біреуі шашымнан, біреуі қолымнан, біреуі аяғымнан тас қып ұстап, жабысып қал­­ған. Менің өзім суға кетіп қалуым мүмкін, Құдайдың құдіреті ғой, ата-бабаларымның аруағы демегені шығар, әйтеуір, жұлқынып жүзіп жүріп қа­йықты толтырдым... Содан қайықты сүй­­рей-мүйрей жағаға ұмтылдым.

 

«Серейіп қатып қалғам...»

Балаларына қолы жетіп асығыс күй­де үйді-үйіне тараған ата-ана есін жиып, өз-өзіне келген соң барып құтқарушы Бейсетайды іздемей ме? Сөйтсе, әбден қалжыраған Бейсетай киімін де киіп үлгере алмай, есінен танып, жағада­ғы шоқ сексеуілдің түбінде серейіп жатыр дейді. Машинасын әлдекім мініп көрші ауылдан көмек сұрауға кетіпті... Дене иілмейді, мұз боп қатып қалған. Жұрт жиылып, жүгіріп жүріп Бейсетайды бөрене ағаш көтергендей қылып үйіне жеткізеді.

– Әйелім екі баламен арғы беттегі төркініне кеткен. «Күн бұзылып тұр. Ашылсын, сол кезде қайтарсыңдар» ­деп телефонмен өзім сәлем айтқам. Әйт­песе, сол күні жолға шықса, екі ортаға жүретін жалғыз қайық, құдай біледі ақыры не боларын... Үйдегі жалғыз анам сүңгі мұздай қатып қалған, не дем жоқ, не қимыл жоқ баласын көрген бойда, ботадай боздап, есі кірелі-шығалы жү­гіріп жүріп, көршімізді шақыртады... Мені «көз жұмдыға» санаған көрші­міз Жүнісбек ата, молдалығы бар еді, дәрігерлердің резіңке қапшығына ыс­тық су құйып әкел дейді апама. Алла таға­ланың құдіреті ғой абдырап ессіз жүрген анам әлгі «грелкінің» аузын да жап­паған, ақсақал оны қолына ала беріп қайнап тұрған ыстық суды менің үстіме «қолқылдатып» қотарып алады... Денем «дір» етіп, қайнақ судан «тіріліп кетіппін...» Содан 23 күн үйде жаттым. Қойдың құйрығы мен сорпасы жанымды алып қалған.

Болған оқиғаның ертесіне күллі аудан тік тұрып, 12 баланы арнайы тік­ұшақпен Алматыдағы ең үлкен емха­на­ға алып кетеді. Есін әлі жиып үлгер­ме­ген Бейсетай Дәуренбеков «Үйде анам жалғыз, әйелім, бала-шағам төркінінен келген соң барайын...» деп үйде қала­ды. Өз-өзіне келіп, аяғына тұрған күнін күтіп отырған екен нұсқаушылар «Ба­қанастың батырының» аяқ-қолын жерге тигізбей тура сол күні аудандық партия комитетінің зәулім ғимаратына жеткізеді.

– Ауданның бірінші хатшысы Бек­болат Тұрысжанов деген қатал кісі екен, партия комитетінің бюросында ауданның күллі басшысын тік тұр­ғызып қойып «бұйралады-ай» кеп. Алдымен маған алғыс айтты. Мен кең­шар директорының тапсырмасымен екі кісіні арғы беттен – Үшжармадан келетін қайыққа мінгізу үшін жағаға жеткізгем сол күні. Солардың бірі сот, екіншісі ішкі істер бөлімінің қызметкері екен. Хатшы екеуіне «Партбилеттеріңді үстелге қойыңдар. Өздеріңдей жап-жас жігіт, нағыз коммунист Дәуренбеков ойлан­бай суға түсті. Сендер түскенде әлгі үш бала да аман қалар еді» деп айқай­лады. Ол екі байғұста жазық жоқ. Бірінің судан шошитын кеселі бар деген дәрігерлік анықтамасы болса, екіншісі, ағысы қатты, арнасы кең өзенде жүзіп көрмегенін айтып жыламсырады. Ал оларға қарағанда мен Іленің ағысына қарсы жүзіп, өскенмін ғой енді... – деген еді Бейсетай аға сол күнгі айрықша «бюроны» еске алып.

Екі аптадан соң Алматыдан арна­йы өкіл келіп құтқарушы Бейсетай Дәу­ренбековтің қолына Сочи курортында демалатын жолдамасын ұстатып, қал­тасына 24 күнге жетерлік пұл салып, ұшаққа отырғызады.

 

Сочиде құрметке бөленген батыр

Сочидің ең тамаша демалыс орнын­дағы алғашқы 4-5 күн елеусіз өткен. Бір күні түс ауа жас шамалары тете өзбек, тәжік және өзіміздің Маңғыстаудан бар­­ған жігіт – барлығы төрт жігіт әдет­тегідей курорттың кітапханасында «сауат ашып» отырмай ма?

Кенет, «Правда» газетін оқып отыр­ған өзбек жігіті «О, мына қара, мына қара... Қазақстанда бір жігіт өзенге ағып бара жатқан 12 баланы ажалдан құт­­қа­рып алыпты... Қыстың күні... Ой, нағыз жігіт, ой жігіт!..» дейді. Бәрі жапа-тармағай «Правдаға» ұмтылады. Газетке көз жүгірткен Бейсетай Дәурен­бековте бөтен ой жоқ, «Ой, мынау мен ғой...» дейді таңданыспен. Әлгі үш дос газетті қолдарына ұстап, төтелеп ку­рорттың директорына тартады. Бей­сетайдың «Е, неғыласыңдар, керегі жоқ, өткен іс қой...» дегеніне қарамаған. Қазақстаннан келген батырға теңдессіз құрмет көрсету сол күннен басталады да кетеді.

– Күнде кездесу, күнде мақтау сөз... Тіп­ті жергілікті газеттерден журналис­тер келіп қайта-қайта сұхбат та алды. Қандай жиын болса, мені дереу «Бұл жігіт те батыр» деп, КСРО-ның әр бұ­рышынан келген Кеңес Одағының батыр­ларымен, Социалистік Еңбек ер­ле­рімен төрде қатар отырғызады. Со­нымен, күллі демалушылардың назары менде... Қоятындары бір-ақ сұрақ: «Қалай ерлік жасадыңыз?» Мен айтамын: «Ойлануға уақытым болмады, қар борап тұр, жел көтерілді, қайық көз алдымызда аударылды, балалар шырылдап суда ағып барады. Шешіндім де, секірдім...» Қысқасы, 24 күн демалыс­тың салтанатпен қалай өткенін сезбей қалдым. Қайтар күні күллі курорт аяғынан тік тұрып, «Біздің батырымыз, біздің батырымыз» – деп ұзақ қол шапалақтап, музыкамен шығарып салды. Ол бір ғажап, ұмытылмас күндер енді... – деп, көп күлмейтін Бейсетай аға осы жолы жайдарлана бір күліп, есте­ліктерді еске алып жатты.

– Он екі баланы ажалдан аман алып қалу шынында да ерлік, сізге сол кезде Кеңес Одағының Батыры атағын беру керек еді ғой! – деймін ағамызға.

– Алғашында «Батыр» атағы беріледі екен, сондай атаққа ұсыныпты деген сөздер шыққан! Кейін КСРО Үкіметі «Құрмет белгісі» орденімен шектел­ді. Өз басым «Алтын жұлдызды» ойлайтындай халде болғаным да жоқ. Оның үстіне «Төрт ұлттың өкілдерін құрайтын қайықтағы апатқа ұшыраған балалардың суға кеткен үшеуі ұлы орыс халқының өкілдері екен. Сондықтан батырлыққа деген ұсынысты Үкі­мет қолдамапты-мыс» дегенді өз құла­ғым­мен естідім. Айналайындар-ау, анан­дай жанұшырған аласапыранда, қараңғы түсе бастаған кез... мен өз баламды да танымайтын едім, қолыма ілінгенін қайыққа икемдеп сала бердім, сала бердім де қайықты асығыс жағаға сүйредім. Аудан құрметтеді, облыс құрметтеді. Сочидегі жағдайды жаңа айттым! Кеңес Одағының барлық бұ­ры­шынан мектептерден – балалардан сүйсінген, мені мақтан тұтатындары туралы хаттар есепсіз келіп тұрды. Елім осы күнге дейін құрметтейді. Қажет етсең, айтайын, менің құтқарғаным – 2 чешен, 3 украин, 4 орыс, полягі бар, қалғандары қазақ балалары... Мен – шофер, Булыга мен ағайынды Ященко­лар – Володя, Алексей, Степан слесарь­лар, гаражда отырып бәріміз еңкілдеп, талай жыладық. Не өздері қарындаста­ры үшін Ілеге секіріп түсе алмаған, не мені құтқармадың деп кінәлай алмайды... Ой, басқа бермесін мұндай қасіретті? Қайықшы Вася Базарнов деген кісі еді, жеке моторлы қайығымен адам басына бір сомнан алып әрлі-берлі жолаушы тасымалдайтын... оны үш жылға соттады.

 

Іленің толқынына қарай алмаймын...

...Сол кезде Айдарбек Тегісбаев пен Сергей Проценко бірінші сыныпта оқитын. Оларға «екінші өмір сыйлаған әкелері» Бейсетай Дәуренбековті ортаға алып, бәріміз айтулы оқиға болған жағалауға келдік.

– Осы өзеннің бетіне, толқынына қа­рай алмаймын, – деп бір күрсінген Бей­сетай аға сонда, – қайықтан құла­ған әлгі үш бала дейсіз бе, бұл Іленің ағысы талай адамның обалына қалды ғой, талай адамның өмірін үзді. Ке­йін көктемде сең бұзылғанда әлгі үш баланың бірі табылды, апалы-сіңлі­лі екі қыз із-түзсіз кетті... Төтелеп келсе от пен судың кесапатынан ешкім құ­тылмаған, – деген-ді айналаға ойлана көз тастап.

Сергей қазақша таза, анық сөйлейді.

– Бейсетай ағама батыр атағын бер­месе де нағыз батыр, біздің екінші әке­міз. Сол жолы менің әпкем Валя да құт­қа­рылды ғой, қысқасы, ол кісі біз­дің әулет­ке өмір сыйлады... Өзімнің бала­ла­рым да ержетіп қалды. Олар менің мәң­гі-бақи кім­ге қарыздар екенімді еш ұмытпайды.

– Бейсетай ағаның пальтомның жа­ға­сынан қарулы қолымен іліп алып қа­йықтың ернеуінен асырып тастағаны есімде... Мотордан тас қып ұстай алдым. Газеттерден оқимыз, судан екі адамды құтқарғанға батыр беріп жатыр дегенді. Біз­дің Бейсетай ағамыз 12 баланы құт­қар­ды. Бірақ батыр атағын бермеді. Егер сол күні жағалауда Бей­сетай аға болма­са, ше... ойланып көрі­ңізші, – дейді Айдар­бек.

Айдарбек пен Сергей су шайған Іле­нің жағасында тұрып, өткен күнді қинала еске алды. Сол күні Үшжарма интернатында оқитын балалар адам тасымалдаушы жалғыз қайықты кешке дейін күткен екен. Интернатта бұ­лардан басқа Ақкөл, Көктал, Көлжиде ауылдарының да балалары оқитын. Күн жексенбі. Ертесіне осы моторлы қайықпен кері қайту керек. «Екі рейс жасайын» деген қайықшы Базарновтың сөзіне бала емес пе, үйлеріне асыққан оқушылар шуылдап, құлақ аспаған. Үлкендер жағы балаларға ескерту жасап, сес көрсетпеген. Жаңбыр аралас қар жауған, –20 градус аяз. Жел кө­терілген, сең жүрген.

...Бейсетай ағаның үйіне Алматы­дан, Новосібірден, Махачкаладан, Красно­дар мен Красноярдан өзі құтқарған ба­лалар мен олардың ұрпақтары­нан құт­тықтаулар осы күнге дейін еш үзі­ліссіз ке­ліп жатады... Жыл сайын 18 жел­тоқсан күні.

 

Ерліктің тегі бола ма?..

Иә, ерліктің де шығу тегі болады екен... Аты бүкіл Кеңес одағына жа­йыл­ған құтқарушы Бейсетай Дәурен­бековтің өмір тарихын зерделеп, зейін салып, көңіл қояр болсаңыз таңға­жа­йып тарихи деректерге қанығасыз! Қадірменді қария өзіне халық берген «Бақанас батыры» атағын 46 жыл бойы дақ салмай, қылау түсірмей арқала­ды. Балқаш ауданының Аралтөбе ауы­лында бақуат өмір сүрді. Ата-бабасынан қал­ған, өзі айтатындай, қара мылтық пен қара қақпанды ермек етті. Айтпақшы, бүгінгі аңшылардың өзіне таңсық көрі­нетін дәуір жалғастырған сол шойыннан құйылған қара қапанның тісте­уік аузын екінің бірі «күшенгенмен» аша ал­майтынына куә болғанымыз бар... Іле өзенінің сағасындағы қа­лың қамыста кәдімгі жолбарыстың жорт­қаны, оның киелі хайуанға киелі ме­кен болғаны ту­ралы да сол жолы Бей­сетай ағадан есті­ген едім. Бейсекең аға­­мыздың атасы жаңадан құрылған кеңес өкіметінің хайуанаттар паркіне Балқаш жолбарысының екі күшігін сыйлап, сыйақы алған. Жолбарыс аулауда атасының өз тәсілі болған!..

Қоқышбай есімді енді бір атасы туралы аңыз тіпті қызық... Әлгі кітапха­надағы салтанат кезінде (2014 жыл) сөз сөйлеген аудандық мәслихаттың сол кездегі жауапты хатшысы, белгілі журналист Марат Қашқымбаев: «Бейсекең ағамыздың бір атасы Қоқышбай бабамыз Іленің ең ағысы қатты иірімінен екі қолымен бас ұстаған күйі оны мүжіп, аяғымен-ақ жүзіп өтеді екен деген аңыз шындыққа жақын. Іленің жағасын балықша жүзген кісілер ғана мекендеген...» деген еді.

...Екі-үш жасар кезі екен. Жыңғыл­дың арасында ешкі-лақтың соңына ерген жалаң-аяқ, жалаңбұт бала ізім-қайым жоғалып, шағын ауылды дүр­ліктіреді. Бір түн іздейді, бір күн іздей­ді. Соғыс бас­талған. Жұрттың бәрі май­дан үшін еңбек­те. Қолы бос жүрген адам жоқ. Таң қы­лаң бере борпылдақ топырақты ба­сып жүрген баланың ізіне түседі із кесу­шілер. Ол кезде Аққөл ауылында тұра­тын адам да көп емес екен. Із жол бо­йын­дағы құдыққа алып келеді. Іздеуші топ «Бала өз суретін көрем деп құлап кетті ме?» деп, құдықты сүзіп шығады. Жоқ.

– Содан... күн-түн қатпай шаруа­да жүрген әкемді шақыртқан. Ауыл­дағы­­лардың шапшаңы сол кісі болған деген­ді кейін талай естідім! Жанұшыр­ған әкем төңіректі түгел шарлап менің шығысқа бет алған ізімді табады. Тұп-тура зираттағы Алдаберген атамыз­дың күмбезіне кіріппін. Борпылдақ топырақтағы баланың ізінен кейінгі түскен екі қасқырдың ізін көргенде із­деуші жұрт бірден «Ойбұй, қасқыр жеп қойдыға» тоқтайды. Екі қорқау да менің ізіммен күмбезге кірген... Мы­на қызықты қараңыз, іште жалаң аяқ, жалаң бұт, тыржалаңаш әбдан қал­жыраған мен тастай қатып ұйықтап жа­тыппын. Шешемнің айтуынша, емшектен шықпаған кезім екен...

Маған ойлана бір көз тастаған батыр аға кенет: «Дені мама-қасқыр жарықтық тілі шықпаған балаға тиіспейді екен дегенді еститінбіз. Менің былдырлап сөйлеп жүрген кезім екен. Не болғанын, басымнан не өткенін айтып бере алмаппын. Бірақ әбден қорқып қалған екенсің дейтін. Баланы қасқыр емізіпті дегенді кітаптардан оқығанмын» деп барып, бір тоқтаған. Теңдесі жоқ жасалынған ерліктің негізі осынау аңыз тектес әңгі­мелерде жатқан жоқ па екен деп менің де таңданғаным рас сонда...

* * *

2018 жылы 3 қазанда ерлігі бағалан­баған халық батыры Бейсетай Дәурен­беков 80 жасында дүниеден өтті. Арал­төбеде жерленді. Ерлік иесі туралы ең алғаш БАҚ-та тебірене, төгілдіріп эссе жазған бел­гілі ақын әрі журналист Нүсіпбай Әбді­рахим халық батырының қабір тасына мынадай эпитафия жазды:

Ақ жанымен ақтарыла күлетін,

Жұрттың бәрін бауыр санап жүретін.

Ұрпақ үшін өлімге бас тігетін

Жатыр мұнда бейбіт күннің батыры

Өмірді үлкен жүрегімен сүйетін!

Ерлігіне елі басын иетін,

Ақша қардай кір шалмаған ниетін,

Иманды бол, ардағым!

Ал менің есімде... менің есімде «Қа­сие­тіңнен айналайын Димаш аға біз­дің ауданға үш рет келді, содан осы аумақ­­тан көпір салып беріп кетті. Өйт­кені ол кісі осындағы өткен қай­ғы­лы оқиғадан әбден хабардар еді. Ха­лық кейін оған «Дінмұхамед Қонаев атын­дағы көпір» деген атақ берді. Менің жасаған ер­лігімнің өтеуі – осы көпір!» деген Бей­сетай ағаның бір ауыз сөзі қалыпты...

 

Талғат СҮЙІНБАЙ,

журналист

 

Алматы